Кеше облыс әкімінің орынбасары Бахыт Дүйсенұлы Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар агроөнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысын қарады.
Жұмыс сапары алдымен облыс әкімінің орынбасары Қыраш ауылдық округінің тау бөктерінде орналасқан «Qaratau Fruits» алма бағының жұмысымен танысты. Құны 1,6 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба аясында 120 гектар жер игерілген. Оның ішінде 50 гектарға классикалық әдіспен 65 мың түп, ал 30 гектарға интенсивті технология арқылы 75 мың түп алма ағашы отырғызылған. Бақ толықтай тамшылатып суару жүйесімен қамтамасыз етілген. Инфрақұрылымдық қажеттіліктер үшін 250 кВт трансформатор орнатылып, 6,5 шақырым электр желісі тартылған. Қазіргі таңда кәсіпорында 28 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар, Бахыт Дүйсенұлы Жаңақорған кентіндегі темір жол вокзалының құрылыс жұмыстарын да көрді. Нысанда анықталған бірқатар кемшіліктерге назар аударып, мердігер мекемеге оларды қысқа мерзімде жоюды тапсырды. Сондай-ақ, бұл нысан облыс әкімінің тікелей бақылауында екенін атап өтіп, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтаудың маңыздылығына тоқталды.
Сапар одан әрі «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасында жалғасты. Бүгінде бұл шаруашылық ресейлік «Союз Пром Птица» мекемесімен бірлесіп, жылына 5,5 мың тонна құс етін өндіретін өндіріс орнын іске асыруда. Жалпы құны 5,5 млрд теңгені құрайтын жобаның 1,5 млрд теңгесі инвесторлар қаражаты есебінен қаржыландырылған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 98 пайызы аяқталған. Кәсіпорынды жақын күндері пайдалануға беру жоспарлануда. Жоба толық іске қосылған кезде 120 жаңа жұмыс орны ашылып, аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Одан соң облыс әкімі орынбасарының жұмыс сапары «Қожамберді Батыр» ЖШС-нің мал сою және ет экспорттау орталығымен қорытындыланды. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 2 мың тонна ет өңдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда орталық жақын шетелге 1000 тонна қой етін экспорттау жөнінде келісімге қол жеткізген. Бұл өз кезегінде ауданның экспорттық әлеуетін арттырып, өңір экономикасының дамуына оң серпін бермек.
Бахыт Жаханов жүзеге асырылып жатқан жобалардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесінің зор екенін атап өтіп, жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға жұмыстардың сапасы мен мерзіміне ерекше мән беруді тапсырды. Сонымен қатар, инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өндіріс көлемін ұлғайту өңірдің негізгі даму бағыттарының бірі екенін жеткізді.






