Үкімет қаулысымен қазан айының үшінші жексенбісі «Орман шаруашылығы қызметкері» күні болып белгіленген. Сонымен қатар, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан агроорман шаруашылығының құрамынан облыстың орман шаруашылығы саласының бөлініп шыққанына 85 жыл толып отыр.
Облыстағы орман алқабы 6,5 млн гектар болса, оның ішінде орманмен көмкерілген көлемі 3,03 гектар жер. Осы аумаққа 545 орманшы бақылау жасайды. Орман-тоғай – Жер-Ананың адамзатқа берген сыйының бірі. Сондықтан табиғатты аялау мен оның қадір-қасиетін сезіну – адамзатқа парыз. Біздің елімізде табиғатты қорғау және оның жан-жануарлар дүниесіне қамқор болып, жанашырлық танытуға, оларды дала өрттері мен басқа да апаттардан қорғаудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңсыз аң аулап, табиғат байлығын орынсыз пайдалануға жол бермеу – басты назарда. Орман шаруашылығы мекемелері, жоғарыда айтып өткеніміздей, бағытта жұмыс жасап, көгал алқаптарын кеңейту мен жануарлардың, аң-құстардың қорғалуына атсалысып келеді.
«Орманы бардың қорғаны бар» демекші, облыстың орман шаруашылықтары күнделікті жұмыс барысында табиғатты қорғау, қорды күзету жұмыстарымен қатар оны молайтып, өсірумен айналысады. Біздің жеріміздің табиғатына байланысты алқаптарымызда негізінен сексеуіл өсіріледі. Сексеуіл – шөл аймақтарға өсетін төзімді, тағы бір табиғи қасиеті – топырақтың ылғалдығын сақтай отырып, құм көшкінін тоқтатуға да сеп болатын бұталы өсімдік. Ол топырақтың бұзылуына да жол бермейтін қасиетке ие. Сол үшін сексеуіл – біздің өңірдің табиғатының ажырамас бір бөлігі, табиғи байлық қорымыздың бірегейі болып бағаланады. Жеріміздің сәні болып тамыры суалмай келе жатқан қара сексеуіл ормандары көп.
Осындай айтулы күнді орманшылар толымды табыстармен қарсы алуда. Биылғы жылдың өзінде орман көлемін арттыру 11334 гектарға межеленуде. Осы көлемді орындау үшін жылына егілетін 8 орман тұқымбағы 11 гектардан 22 гектарға ұлғайтылды. Бүгінде осы тұқымбақтарда 1 млн аса саялы ағаш көшеті дайындалуда.
2003 жылғы 8 шілдеде орман шаруашылығы мәселелерін реттейтін «Орман кодексі» қабылданды. Осы кодексті басшылыққа алып қызметкерлер күн-түн демей еңбек етіп табиғат байлығын қорғау, сақтау және өсімін молайту бағытында тер төгіп еңбек етуде.
Қазір қоршаған ортаны қорғау мен табиғат байлығын тиімді пайдалану күрделі мәселелердің бірі екені сөзсіз. Біздің бар дәулетіміз де, бүгініміз бен болашағымыз да – туған өлке табиғаты. Ал, сол байлықты қорғап, қорын молайту бағытында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келетін облыстағы орман шаруашылығына 85 жыл толып отыр.
Орманшылықпен өз өмірін байланыстырған жандар әсем табиғатымыздың сұлулығын сақтап, арттыра түсуді адамдық борышымыз деп санайды.
Сондай атаққа лайық қызметкерлерді Қазақстан Республикасы Экология, Геология және табиғи ресурстар министрінің Құрмет грамотасымен, осы министрлікке қарайтын Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін және Биосаналуантүрлік медальдарымен марапаттауға ұсынылды.
Қазір шаруашылықтар орманды өрттен сақтап және заңсыз пайдалануға жол бермей, қатарын толықтыруда. «Өрт – тілсіз жау» деп бекер айтпаған. Орманның бірінші жауы от болғандықтан, оның алдын алу бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, өртке қарсы 488 шақырым жаңа жолақтар жүргізіліп, 3193 шақырым ескісі қалпына келтірілді. Сонымен қатар, өрттің алдын алу мақсатында елді мекендер мен ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері арасында үнемі үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп отырады.
Жойылып бара жатқан Арал теңізінің мәселесі біздің өңірдің ғана емес, бүкіл әлемнің назарында. Теңіздің тартылуы салдарынан жыл сайын 75 миллион тоннаға дейін шаң мен улы тұзды жел көтеріп, оның тозаңы қазірдің өзінде Еуропа мен Антарктидадан табылып отыр. Арал теңізінің құрғаған ұлтанынан ұшқан шаң мен тұзды тоқтату мақсатында соңғы 25 жылдың ішінде қазақстандық бөлігінде 183 мың гектар сексеуіл егілді. Соның ішінде, 2008-2014 жылдары Қазақстан, Дүниежүзілік банк және Ғаламдық экологиялық қоры арқылы қаржыландырылған «Ормандарды сақтау және республика аумағының орманды жерлерін көбейту» жобасы аясында құрғаған ұлтанның 56,5 мың гектарына сексеуіл өсірілді.
Оңтүстік Корея Республикасының қаржыландыруымен Қазақстанның биоәртүрлілігін сақтау қоры арқылы «Арал теңізінің құрғап қалған ұлтанында фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында Аралдың құрғаған ұлтанының 10 мың гектар (2018 ж. – 5000 га, 2019 ж. – 5000 га) жеріне сексеуіл егу жұмыстары жүргізілді.
Облыстың орман шаруашылығы мекемелері қызметкерлерінің негізгі міндеттерінің бірі – 6,5 млн гектар жерді алып жатқан мемлекеттік орман қорындағы аң-құстарды қорғау. Мекемелер қызметкерлері қажетті техника және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өткен 9 айда орман күзетшілері 213 рейд жасап, 35 браконьерлік факті анықталды. Аң аулау тәртібін бұзған 14 тұлғаға 101,2 мың теңге әкімшілік және табиғатқа келтірілген зияны үшін 334,3 мың теңге айыппұл салынды.
Байкенже АХМЕДОВ,
облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<