Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев пен «Қазавтожол» ҰҚ АҚ облыстық филиалының директоры Ерұлан Жүнісов Президент Жолдауынан туындаған міндеттер мен биылғы тоғыз айда атқарған жұмыстары туралы әңгімеледі.
Облыстық экология департаменті есепті мерзімде қоршаған ортаны қорғау саласында барлығы 65 субъектіге бақылау шарасын ұйымдастырып, нәтижесінде 158 экологиялық заңнама талаптарын бұзу фактісін анықтаған. Табиғат пайдаланушыларға 108618932 теңгеге 61 әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде іс қозғалып, айыппұл салынған. Сондай-ақ, ҚР Экологиялық кодексінің талаптарын өрескел бұзғаны үшін сот шешімімен 100 нысанның қызметі уақытша тоқтатылған. Оған қоса, табиғи ресурстарды заңсыз пайдалану бойынша 3 дерек құқық қорғау және уәкілетті органдарға жолданған.
Облыс аумағына 194000 тонна қалдық құралса, оның 92000 тоннасы, яғни, 47,42 проценті өнеркәсіптік қалдық, 102000 тоннасы, яғни, 52,57 проценті тұрмыстық қалдық.
– ҚР Энергетика министрлігі мен «Қазақстан ғарыш сапары» ҰҚ АҚ арасында былтыр қалдықтар орналасқан жерлерді қашықтан зондтаудың ғарыштық түсірілімнің геопортал жүйесі іске қосылған болатын. Геопорталдағы бейнесуреттерді зерделеу арқылы биыл қаланың 50 шақырымдық радиусында 228 рұқсатсыз қалдық орны анықталды. Департамент мамандары әрбір рұқсатсыз орынға тікелей барып, тиісті анықтау жұмыстарын жүргізді және жергілікті атқарушы органдарға тазарту бойынша тиісті шараларды атқару жөнінде хат жолдады, – деді департамент басшысы.
Зертхана бөлімінде барлығы 1483 сынама алынып, 4114 анықтау жүргізілген. Сонымен бірге, қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алуға 106 өтінім қаралған. І санаттағы кәсіпорындар шығарындыларын қысқарту мақсатында техникалық құрылғыларды герметизациялау шараларын жүзеге асыру жөнінде ескертпелер беріліп, ұйымдастырылмаған шығарындылар көзін қысқартуға қол жеткен. Атап айтқанда, «KazPetrolGroup» ЖШС ластаушы заттар шығарындылар нормативінің жобасында кен орындарында ұйымдастырылмаған көзде арнайы шара қарастырып, оның санын 172-ге азайтқан. Нәтижесінде ластаушы зат көлемі 33 тоннаға дейін төмендеген. «Саутс-Ойл» компаниясы 216-ға азайтқан, соның негізінде ластаушы зат көлемі 138 тоннаға дейін кеміген. Ал «ТұзкөлМұнайГаз Оперейтинг» ЖШС шығарындылар көзінің санын 173-ке төмендеткен.
Облыс көлемінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдары 1016 шақырымды құрайды. Оның ішінде «Самара-Шымкент» автожолы – 812 шақырым. Оның 246 шақырымы І категориялы болса, 566 шақырымы ІІ категорияға жатады. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізінде 8 елді мекенді айналып өтетін жол, 46 көпір, 2 темір жол өткелі, 13 көліктік қиылыс, 337 су өткізгіш құбыр салынған. Биылға 1723,3 млн теңге бөлінген. Оның ішінде 934,3 млн теңгесі жолды күтіп ұстауға қаралса, 3 жер үсті жаяу жүргінші көпір құрылысына 205 млн, «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңартудың жобалау-іздестіру жұмыстарына 584 млн теңге бөлінген.
– Қазіргі уақытта «Самара-Шымкент» автожолының «Қызылорда-Шымкент» 246 шақырымы І категориялы, «Қызылорда-Ақтөбе» 556 шақырымдық жолы ІІ категориялы. І категорияда жеңіл және ауыр салмақты көліктерге, ІІ категорияда ауыр салмақтыларға ақылы жол болады. Жобада 2 төлем пункті, 6 арка қарастырылған,– деді Е.Жүнісов.
Жол бойында 43 сервис нысаны орналасқан. Олардың 28-і Ұлттық стандартқа сәйкес салынса, бұрын салынған 16-сы талапқа сай емес.
Айнұр БАТТАЛОВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<