Қала статусы: Көркейер мекен көбейе ме?

373

0

Ұлттық экономика министрлігі еліміздегі қалаға айналуы мүмкін ауылдардың тізімін жария етті.

18 ауылдың тізімінде Қызылорданың Жаңақорған, Шиелі және Әйтеке би кенті бар. Әрине, бұл аталғандар тап қазірден бастап қала статусын алғалы тұрған жоқ, әйтсе де қол жеткізуге жақын екенін байқатады.

Егер осы болжам іске асқан жағдайда тұрғындар үшін қандай жақсылығы болмақ?

Санат бойынша сараптаған абзал

Жалпы елімізде қала атанған елді мекендердің саны 90-нан асады. Кейінгі жылдарда халқы молайған оншақты ауыл қосылды. Дегенмен қалалардың санатқа жіктелетінін ескерген дұрыс. Мәселен, Қазақстанда олардың 6 санаты бар. Біріншісі, өте ірі қалалар, халық саны 1 миллионнан асады. Әзірге бұл деңгейге Астана, Алматы мен Шымкент қаласы ғана жетті. Екіншісі, ірі қалалар, 300 мыңнан 999 мыңға дейін тұрғын өмір сүреді. Көптеген облыс орталықтары осы санатқа енген. Үшіншісі, 200 мыңнан 299 мыңға дейін халқы бар үлкен қалалар болса, төртіншісі, 100 мыңнан 199 мыңға дейін адамы бар орташа қалалар. Бесіншісі, 10 мыңнан 99 мыңға дейінгі шағын, алтыншысы, халқы 10 мыңға жетпейтін ең шағын қалалар.

Енді жіктейтін болсақ, Ұлттық экономика министрлігінің көзқарасы құптауға тұратынын байқаймыз. Мысалы, қалаға айналуы мүмкін деп аталған өңіріміздегі Жаңақорған, Шиелі, Әйтеке би кенттерін қарасаңыз, әрқайсысының халық саны 30 мыңнан әлдеқашан асып кеткенін көресіз. Үшеуі де жоғарыда атап өткен санаттардың бесіншісіне сәйкес келеді, яғни, шағын қала атануға толық мүмкіндігі бар.

Қала һәм халық

Сонымен, қала статусын алған күннің өзінде не өзгеріс болуы мүмкін? Ең алдымен бұндай өзгеріс тұрғындардың өмір сүру сапасына оң әсер етеді. Өйткені қала статусын алған ауылдың міндетті түрде әлеуметтік нысандары, инфрақұрылымы дамиды. Бизнес саласы да көбіне қала атанған жерлерде жанданатыны жасырын емес. Әрі халықтың тұрақтап қала беруіне септеседі. Бір мысал келтірейік, қала салу мәдениеті гүлденген кәрі құрлық елдерінде 10 мың адамға жетпейтін тұрғыны бар елді мекендердің өзіне қала статусын беріп тастайды. Соның арқасында билік ол жерлерге әлеуметтік нысандар салып, инфрақұрылымды жылдам дамытуға күш жұмсайды. Бір жағынан мұндай қадамға бару үшін қаржылық мәселе де жол тосатынын естен шығармаймыз. Әйтпесе Қазақстанда 10 мыңнан аса халқы бар 112 ауыл бар екен. Десек те алдағы уақытта аталған тәжірибені ескерген жөн.

Алысқа ұзамай-ақ күнгей беттегі қос көршімізге қарайық. Қырғыз Республикасы әлі күнге дейін қалаларды көркейту жайына аса мән бермейді. Оның дәлелі ретінде бұл елдің барлығы 31 қаласы ғана барын айта аламыз. Ал Өзбекстан қалаларды жандандыруға күш салып келеді, қазір онда барлығы 130 қала бар. Көп болғанынан не пайда дерсіз, алайда шаһарларын көркейту арқылы өзбектер туризмнен мол қаржы табатын алпауытқа айналып келеді. Мысалы, былтыр алғашқы 9 айдың өзінде туризм саласынан 1,72 млрд доллар пайда тапқан. Міне, қалалардың көбеюі мен көркеюі ақша тартудың құралына айнала алатынына нақты дәлел.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<