Қалыпты өмірге оралу үшін…

389

0

«Достық үйінің» мәжіліс залында пандемияға қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық азаматтық штаб өкілдерімен кездесу өтті. 

Іс-шараға ҚР Премьер-Министрі орынбасарының баспасөз хатшысы, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев, пандемияға қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық азаматтық штаб мүшелері Серік Беркамалов және Мирас Аукенов, облыстық басқармалардың, мекемелердің, бірлестіктердің басшылары, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері қатысты.

– Әлемді алаңдатқан пандемия жағдайын өздеріңіз жақсы білесіздер. Одан шығудың бірден-бір жолы – вакцина егу. Ал халық арасында әлі де екіұдай пікірде жүрген адамдар баршылық. Тіпті вакцина салдыру болашақта ұрпақ сүю қабілетінен айырады деген көзқарас та жоқ емес. Сіздермен кездесудегі мақсатымыз – вакциналаудың пандемиямен күрестегі жалғыз дұрыс шешім екенін, маңызын айту,– деді Ержан Байтанаев.

– Елімізде екпенің қай түрін салдырамын десе де, таңдау мүмкіндігі көп. Бізде бұл бағытта жағдай жасалған. Ал басқа мемлекеттерде оны алу үшін 3-4 ай кезекке тұрады. Екпе салдыруға қарсы адамдар бізде де, Еуропада да кездеседі. Олай болуы заңдылық. Алайда ақпараттық-насихаттық жұмыстар кеңінен жүргізілсе, бұл мәслелердің шешімі табылады. Мысалы, Португалияда халықтың 90 проценті вакцина қабылдаған. Швейцарияда да бұл мәселе бір жолға қойылса, Израильде үшінші дозасын алуды бастап  кетті. Мамандар кеселге шалдыққандар арасында вакцина алмағандардың көбірек ауырып жатқанын жеткізді. Ал Сыр өңірінің тұрғындары вакцина алу бойынша республикада алдыңғы орындарда. Өзге облыстарға үлгі деп айтуға болады, – дейді штаб мүшесі С.Беркамалов.

Республикалық азаматтық штаб мүшелері мұнан кейін, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ, облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдері және кәсіпкерлермен, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ ұжымымен  кездесті.  Одан кейін қаладағы «Aray citу mаll», «Жібек Жолы» сауда орталықтарында жұртшылық арасында екпе алудың маңызы жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Олар елде ұжымдық иммунитетті қалыптастыра отырып, халықтың 70-80%-ін вакциналау нәтижесінде әдеттегі өмірге оралу мүмкін екенін айтады.

Жұмыс сапарының екінші күнін қорытындылаған штаб мүшелері БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз конференциясын өткізді.

Елордадан онлайн қосылған эпидемиолог Айнагүл Қуатбаева, репродуктолог, академик Вячеслав Локшин журналистердің сауалдарына жауап берді.

Екікүндік жұмыстың нәтижесі туралы  Ержан Байтанаев:

– Қазіргі уақытта екпенің барлық түрі халыққа ұсынылуда. Тапшылық байқалмайды. 18 жасқа дейінгі балаларға вакцина салынып жатқан жоқ. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған «Pfizer» вакцинасы бар. Америкалық компаниямен келіссөздер жүргізілуде. Оны биылғы жылдың төртінші тоқсанында елге жеткізу жоспарлануда. Комиссия барлық мәселелерді қарастыруда. Шешім тапқан жағдайда балаларға екпе егуді бастаймыз деген жоспарымыз бар. Бұл тек ата-анасының және заңды қамқоршысының рұқсатымен жүргізіледі. Ешқандай мәжбүрлеу, мектепке кіргізбеу шаралары болмайтынына кепілдік береміз. Ата-аналардан келіп түскен өтінішті қанағаттандыру мақсатында жасалып отыр. Егер салдыртамын деген ата-ана болса, жергілікті жердегі емханаға баруына болады, – деді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<