Қазалыда бас есепші қаржы жымқырғаны үшін сотталды

1112

0

ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің өндірісіндегі кезекті қылмыстық іс аяқталды. «Қазалы аудандық ветеринариялық станциясы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның бас есепшісі сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу жолымен аса ірі мөлшерде жымқырып, қасақана жасаған ауыр қылмыстары үшін сот жазасына тартылды.

Жеке пайдасы үшін жымқырылған қаражаттың ірі көлемі 2018 жылы кәсіпорынның қажеттілігіне бөлінген АИ-92 маркалы бензинге тиесілі. Кәсіпорын атынан берілген сенімхатын ұсыну арқылы аталған бензинді кәсіпорынға кірістемей, талондарды жеке тұлғаларға сату жолымен одан түскен ақшасын бас пайдасына жаратқан.

Бұдан кейін бас есепшінің бөтен мүлікті иемдену тізімі автобөлшектер, кеңсе тауарлары, дәрі-дәрмектер, шаруашылық заттары, көмір үшін жасалған келісім шарттар негізінде аударылған қаражаттар болып жалғаса берген. Жеке дара мұздатқыш, ұшатын дротиктер сияқты заттарды алу барысында да осындай жымқыру әрекеттері орын алған.

 Лауазымды тұлғаның бас пайдасына жаратқан қыруар қаражат тізбегі аудиторлық тексеру барысында белгілі болып, кәсіпорын қозғалысындағы барлық аударылған ақша қаражаты мен кірістелген ақша қаражаттарының айырмасы арнайы маман сараптамасымен анықталған. Кәсіпорынға жұмсалатын бензин талондары арқылы және басқа мақсаттағы мүліктерді иемденіп алу және талан-таражға салу арқылы барлығы 26 млн 515 мың теңге көлемінде аса ірі мөлшерде мүліктік залал келтірілгені дәлелденді.

Қызылорда облысы Қазалы аудандық сотының үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық колдексінің 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағымен қаралған қылмыстық әрекеттері (алаяқтық жолымен аса ірі мөлшерде бөтен мүлікті иемдену арқылы жымқыру) үшін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның бас есепшісіне материалдық жауапкершілікпен және бухгалтерлік есеппен байланысты лауазымдарды атқару құқын бес жылға айырып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл орайда, оның қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтірілген мүліктік залалды ерікті түрде ішінара өтегені және бұрын сотты болмағаны ескерілді. Сонымен қатар, өндірілетін соманы өз еркімен төлеу үшін үкім күшіне енгеннен бастап екі ай мерзім берілді.

 Сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленді.

Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің өндірісінде өткен жылы 140 қылмыстық іс болған. Мемлекетке келтірілген залал 1 млрд 981 млн теңгені құрады. Оның 790,9 млн теңгесі қалпына келтіріліп, 29,8 млн теңгенің мүлкіне шектеу қойылған. Ауыр қылмыстардың негізгі бөлігін бюджет қаражатын жымқыру бағытындағы істер құрайды.

ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің

облыс бойынша ЭТД

баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<