Құрылыс: Сапа мен мерзім қатаң сұралады

527

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі және Жаңақорған аудандарына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік нысандарды аралады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Алмалы» елді мекенінде бой көтерген дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарын көрді. Бас мердігер «Бақ-береке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғимараттың ішкі жұмыстарына, сылап-әрлеуге кіріскен. Амбулатория жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Мұнан бөлек, аймақ басшысы «Жансейіт» елді мекеніндегі №133 орта мектепке барып, «Руханият орталығының» құрылыс алаңындағы жұмыс барысын тексерді. Заманауи үлгідегі 100 орындық ғимараттың ішкі және сыртқы жұмыстары 100 пайыз орындалған. Құрылысын «СМП-Қызылорда» ЖШС қолға алған екі қабатты ғимараттың аумағы 2312 шаршы метр.

Биылғы «Руханият жылына» орай салынған «Руханият орталығының» құрылысы да қарқынды. Мұнда жер жұмыстары, іргетас, қабырға қалау, шатырын жабу, сыртқы-ішкі қабырғаларын сылау, әрлеу, есік-терезе орнату жұмыстары толығымен аяқталған. Осы уақытта сыртқы қаптау және абаттандыру жұмыстары атқарылуда. Нысан биыл пайдалануға берілмек.

Аймақ басшысы құрылысқа қойылатын басты талап сапа екенін тағы бір ескертіп, жұмысты уақытылы аяқтаудың маңызын атап өтті.

– Нысандарда ұзақ жылдар бойы халыққа еш кедергісіз қызмет көрсетілуі  тиіс. Ол үшін, әрине, сапалы материалдар пайдаланылуы, құрылыстың барлық талаптары сақталуы  керек. Басталған жұмыстың межеленген уақытында аяқталып, қолданысқа дер кезінде берілуін де басты назарда ұстау қажет, – деді облыс әкімі.

***

Облыс әкімі Жаңақорған ауданында бірқатар маңызды құрылыс нысандарындағы жұмыс барысын көрді.

«Төменарық» елді мекеніндегі жанында дәрігерлік амбулаториясы бар ауылдық аурухана 15 төсек-орынға арналған. Бүгінде ғимараттың сыртқы-ішкі қабырғалары сыланып, әрленіп, есік-терезе орнатылған, еденге керамикалық плитка төселіп, сырты қапталған. Ендігі жұмыс бағыты – газ қосу.

Одан кейін аймақ басшысы Жаңақорған кентіндегі 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебінің», «Руханият орталығының», теміржол үстінен өтетін көпірдің құрылысымен танысты.

Бұл нысанда да жер жұмыстары, іргетас қалау, монолитті колонна, ригель құю, кірпіш қалау, екі қабаттың да ішкі қабырғасын сылау, әрлеу, терезелерін орналастыру 100 пайыз аяқталған. Сыртын қаптау және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Биылғы «Руханият жылында» Қызылорда облысының өнер және мәдениет саласында жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарланғаны белгілі. Барлық ауданда 11 млрд 500 млн теңгеге тәулік бойы жұмыс жасайтын кітапханалары бар «Руханият орталықтары» салынуда. Орталықтар жыл соңында, яғни желтоқсан айында іске қосылады. Қазір ішкі және сыртқы сылақ, әрлеу жұмыстары, шатырын жабу қолға алынған. Аталған нысандардың бас мердігері – «Астана сервис LTD» ЖШС.

Жаңақорғандағы ұзындығы 76, ені 15,4 метрлік теміржол үстінен өтетін көпірдің құрылысы да қарқын алған. Бетондау, шкафтық қабырғалары мен шеткі плиталарын ауыстыру, тротуар блоктары мен жарық бағаналарын орнату, ГПС, щебень, асфальт төсеу және т.б. жұмыстары аяқталған. Көпірге дейінгі 1,2 шақырым жол салынды. Мердігер мекеме – «Сервис НС», бас жобалаушы – «ТОП Геодезия» ЖШС.

Облыс әкімі әрбір нысанды салғанда оның ұзақ жылдар бойы ел игілігіне қызмет ететінін басты назарда ұстауды тапсырды. Осы орайда сапаға баса мән беріп, құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтауды ескертті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<