Қазақ боксының қайраты

779

0

Ташкент төрінде өткен бокстан Әлем чемпионаты қазақ былғары қолғап шеберлеріне табысты болды. Төрт алтын, бір күміс медаль! Бұл – біздің құрама үшін жаһандық додада жақсы жетістік. Осылайша қазақ боксының беделі айдай әлемге тағы бір танылды.

Несін жасырайық, спорттағы әділетсіздіктер үміттен гөрі күдіктің таразы басын тартып кететіні бар. Кейінгі жылдарда төрешілердің бұра тартуынан талай боксшының рухы сынды. Сонан да ел көкейінде «Еншімізге қанша жүлде бұйырар екен?» деген сауал бар еді. Ұлттық құрама бапкерлері де шәкірттерінің шыңдалу жолында аянып қалған жоқ. Бокс әлеміндегі бұл бәсеке шынында маңызды болатын.

Осыдан біршама уақыт бұрын құрама тізгінін белгілі маман Мырзағали Айтжанов қайта қолға алғаны белгілі. Тәжірибелі маман 2009-2018 жылдар аралығында қазақстандық боксшыларды баптады. Қаншама шәкірті әлемдік додаларда атой салды. Қай сайыстан да жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Жас таланттарды табуға қолдан келгенше үлес қосты. Ал оның басшылықтан тыс жүргенінде құрама нәтижесі ала-құла болғанын тағы жасырудың жөні жоқ.

Ташкентті бетке алған тұста құрама сапына тәжірибелі былғары қолғап шеберлерімен бірге жастар да шақыру алды. Олардың өзі – кейінгі жылдарда жоғары нәтижеге қол жеткізіп, бапкерлер сенімін ақтап жүрген саңлақтар. Жиырма жастың желкенін керген жұлдыздар шаршы алаңда жарқылдап көзге түсіп, талай мықтының тауын шақты. Олардың қатарында Махмуд Сабырхан (54 келі), Санжар Тәшкенбай (48 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) бар. Сондай-ақ, бұдан бұрын халықаралық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген Асланбек Шымбергенов (71 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) сынды тәжірибелі боксшылар әлем чемпионатына аттанды.

Чемпионатта төрешілердің әділетсіз шешімдерінен зиян шеккен жастарымыз да бар. Ендігі бірінің бабы келіспей, жүлденің ауылынан алыстап қалды. Осылайша ел құрамасынан ширек финалға жеті саңлағымыз жолдама алса, олардың бесеуі ақтық сынға дейін жетті. Жеңіске желпінген жанкүйерлер қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің барлығы чемпион атанса деген тілеулес пейілде болды.

Дүбірлі дода басталған сәттен жанкүйерлер жеңіл салмақтағы Санжар Тәшкенбай мен Махмуд Сабырханның жекпе-жектеріне ерекше назар аударды. Оның себебі де жоқ емес. Жиырма жастан енді асқан жас жігіттер кейінгі жылдарда жақсы ойын өрнегімен елдің көзіне түсіп келеді. Санжар өткен жылы Азия чемпионатында топ жарды. 2021 жылы жастар арасындағы Әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты. Енді сол жеңісті жолды жалғастырып, ересектер арасында өз салмағында әлемнің мықты боксшысы атанды. Биылғы бәсекеде де оған оңай қарсылас жолыққан жоқ. Алдымен 1/8 финалда өзбекстандық Шодиерджон Меликузиевтің осал тұсын тапты. Одан кейін ширек финалда жапониялық Кадзума Аратакені айқын басымдықпен жеңді. Жартылай финалда ресейлік Эдмонд Худоянды қапы қалдырып, ақтық сайысқа жолдама алды. Финалда Сахиль Алахвердовидің апшысын қуырып, шаршы алаң төрінде шапшаң қимыл көрсетті. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан жеңіске Санжар лайықты деп санап, оның қолын көтерді.

Тағы бір үздігіміз Махмуд Сабырхан 2021 жылы Әлем чемпионатында күміс медальді қанағат тұтқан еді. Ол жолы жас боксшының тәжірибесі аздық етті ме, финалда жапониялық Томоя Цубоиға есе жіберіп қойған болатын. Қателігінен сабақ алған сайыпқыран биыл ешқандай кездесуінде арқа басын кеңге салған жоқ. Шаршы алаңда шеберлігін дәлелдеп, қарсыластарын қапы қалдырып жатты. Алғашқы жекпе-жегінде венгриялық Иштван Сабоны, одан кейін үндістандық Сачин Сивачты, ширек финалда Ахмаду Мохаммедті рингте қуып жүріп сабады десек те болады. Жекпе-жектердің барлығында Махмуд қарсыластарынан 5:0 есебімен басым түсті. Жартылай финалда оған кубалық Йосвани Вейтиа жолыққанда жанкүйерлер «Қалай болар екен?» деген ой үстінде еді. Бұл жолы да Махмуд азулы қарсыласынан қаймықпай, оған көп соққы жасады. Финалға жолдама алды. Ендігі кезекте ол өзбекстандық Ойбек Жураевпен қолғап түйістірді, әрі жеңісті жұлып алды. Осылайша Махмуд бокстан 2023 жылғы Әлем чемпионатының жеңіс тұғырына көтерілді.

Тағы бір алтын Нұрбек Оралбайдың еншісіне бұйырды. Ол да алғашқы барлық жекпе-жегінде қарсыластарын ірі есеппен жеңді. Ал ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергеновтің жасы биыл отызға толады. Бұған дейін 2022 жылы Азия чемпионы болса, енді оның қатарын Әлем чемпионы атағымен толықтырды. Ал ел құрамасынан 67 келі салмақтағы ақтық сында Асадхуджа Муйдинхуджаевқа есе жіберіп, күміс медальді қанағат тұтты.

Ел құрамасында 92 келіден жоғары салмақта қызылордалық Қамшыбек Қоңқабаев сынға түсті. Оған жеребе жолдас болмай, басты қарсыласы өзбекстандық Баходир Джалоловпен ширек финалда кездесті. Бұл жолы өзбек боксшысына есе жіберіп, дүбірлі додадан жүлдесіз қайтты.

Жалпыкомандалық есепте қазақстандық боксшылар 4 алтын, 1 күміс медальмен екінші орынға жайғасты. Басты қарсылас – Өзбекстан құрамасы 5 алтын, 2 күміс, 2 қоламен көш басында тұрса, үздік үштікті 2 алтын, 4 қоламен ресейліктер түйіндеді.

Айта кетсек, 1974 жылдан бері Әлем чемпионатында еліміздің былғары қолғап шеберлері барлығы 56 медаль еншілеп, үшінші орында тұр. Бірінші орындағы Кубаның – 149 (81-38-30), Ресейдің – 75 (28-21-26) медалі бар.

Енді алда Париж олимпиадасына іріктеу ойындары өтеді. Одан өзге де сайыстар бар.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<