«Қазақстандықтарға қоңырау шалып, деректерін алуға тырысқан»: Украинада жалған call-орталықтар анықталды

230

0

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан, Украина және Чехия полициясы бірлесіп, интернет-алаяқтық бойынша екі трансұлттық қылмыстық топты жойды. Олар Қазақстан азаматтарына қоңырау шалып, банктік деректерін алуға тырысқан. Бұл туралы Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы хабарлады. Ведомство ақпараты бойынша, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл шеңберінде ІІМ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, интернет-алаяқтыққа шетелдік азаматтардың қатысы барын анықтады. «Министрліктің қызметкерлері қызметтік іссапар барысында Украина Ұлттық полициясымен және Чехия полициясымен бірлесіп, интернет-алаяқтардың екі трансұлттық қылмыстық тобының әрекетіне тосқауыл қойды», – деді департамент бастығы, ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Дереккөз мәліметіне сүйенсек, Запорожье қаласында алаяқтардың екі call-орталығы жойылған. Күдіктілер өздерін банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, Қазақстан азаматтарына қоңырау шалып, шоттарының деректерін алуға тырысқан. Жалпы 9 адам ұсталған. 17 компьютер, 62 мобильді құрылғы, сондай-ақ 35 грамм «метадон» препараты тәркіленді. Одесса қаласында үш алаяқтық call-орталық таратылып, жалған инвестициялық компанияларға қаржы саламыз деп азаматтарды алдаған. Аталған дерек бойынша мұнда 23 адам ұсталып, 9 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. 8 автокөлік, 58 ноутбук, 52 смартфон, 100-ден астам sim-карта, сондай-ақ 200 мың АҚШ долларынан астам сомаға цифрлық активтер тәркіленді. «Қазіргі уақытта тергеу және жедел-іздестіру амалдары жалғасып отыр», – деді Шыңғыс Алекешев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<