Қос акцияның маңызы

656

0

Жақында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен «Охотзоопром ӨБ» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалы және облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция бөліміне қарасты табиғатты қорғау полициясы бірлескен жиын өткізді. Мақсат – «Қызыл кітапқа» енген және жойылу қаупі бар аша тұяқты жануарлар мен құстарды  заңсыз аулаумен айналысатын тұлғаларды құрықтау және браконьерлікпен күрес. Сондай-ақ «Сұңқар» және «Киік» профилактикалық жедел акциясын іске асыру жұмыстары жайында бірқатар мәселе айтылды.

Жиында сұңқар тұқымдас құстарды сақтап қалу мақсатында биыл тамыз айының 1-і мен қазан айының 15-і аралығында өтіп жатқан «Сұңқар» атты кең ауқымды акцияның маңызы сөз болды. Сондай-ақ ҚР ІІМ бастамасымен 8-18 тамыз арасында өткен республикалық «Киік» жедел профилактикалық іс-шарасы талқыланды.

Отырыста облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Р.Бурабаев, «Охотзоопром ӨБ» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалы басшысының міндетін атқарушысы Р.Маханов және облыстық ПД жергілікті полиция бөлімінің табиғатты қорғау полициясының қызметкері, полиция капитаны Н.Әбдікәрімов өз ойларын ортаға салды.

Бүгінде табиғатты қорғау полициясымен бірлескен жоспар аясында заңсыз аң аулаумен айналысатын тұлғаларды құрықтау үшін қаланың үш бағытында тосқауыл бекеттері қойылып, бірлескен рейд жүруде. Ал «Киік» жедел профилактикалық іс-шарасы нәтижесінде табиғат заңнамаларын бұзу деректері бойынша 72 әкімшілік және 3 қылмыстық іс анықталған.

– Сұңқар тектес жыртқыш құстар Қазақстанның барлық облысында таралған. Ал біздің өңірдегі ителгі құсына келетін болсақ, оның салмағы 0,85-1,1 келідей, қанаттарын жазғандағы ұзындығы 130 см. Түсі өмір сүру аймағына қарай әртүрлі болып келеді. Бәріне ортақ белгі – сырт жоны қоңырқай сұрғылт, бауыры ақшылдау не сарғылт теңбіл болады. Адамның көзіне көп түспейді. Ұясын ағаш басына немесе жартасқа салып, онда бір айдай жұмыртқасын басып, балапан өргізеді. Ұсақ құстарды өзіне азық етеді. Кейінгі 10-15 жыл ішінде ителгінің саны азайып кетті. Тіпті жойылып кету қаупі бар. Оның басты себебі – біразы ауланып, Араб елдеріне сатылды. Балапанын алу үшін браконьерлер ұясын бұзып, тұқымы азаюда, – дейді «Охотзоопром ӨБ» РМҚК өңірлік филиалы басшысының міндетін атқарушысы Р.Маханов.

Қазақстанда жыртқыш құстардың 40-қа жуық түрі таралса, оның 15 түрі «Қызыл кітапқа» енген. Азайып бара жатқан қанаттылар және осы аталған құстарды қорғауды күшейту үшін мемлекет тарапынан жыл сайын арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<