Қызылшадан қалай сақтанамыз?

1110

0

Қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуалдың тек біздің елде емес, бүкіл әлемде күрделенуінің себебін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халық арасында екпеден бас тартушылар санының артуымен байланыстырады. Себебі ұжымдық иммунитет бәсеңдеген сайын, ауру жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Індетке шалдыққандардың басым бөлігі ауруға қарсы екпе алмаған, олардың саны жалпы сырқаттанушылықтың 80%-ын құрап отыр.

Жалпы өңірдегі эпидахуал қалай? Қауіпті дерттен сақтанудың жолдары қандай деген сауалдар төңірегінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова жауап беріп, тұрғындарды аурудан сақтануға  шақырды.

– Қызылша – жедел жұқпалы ауру. Оның негізгі белгілері қызуы көтеріліп, теріде бөртпелер пайда болады. Тіпті адамның көзі қызарып, тыныс алу ағзалары зақымдануы мүмкін. Ауырған адам ең алдымен оқшауланып, қоғамдық ортада жүрмеуі керек. Оның жасырын кезеңі 9-11 күн, егер иммундалған жағдайда жасырын кезеңі 15-21 күнге созылуы мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері – әлсіздік, тәбеттің болмауы, дене қызуының көтерілуі, жөтелдің пайда болуы. Одан кейін жұмсақ және қатқыл таңдайда бөртпелер пайда болады. Егер адам дәл осындай белгілерді өзінен байқаса дереу медициналық көмекке жүгінуі керек. Алдын алудың негізгі жолы екпе алу арқылы ғана аурудың өршуін тоқтатуға мүмкіндік болады, – деді Мая Мирзанова.

Қызылша ауруына шалдыққандардың 80 пайызы бұрын ауруға қарсы екпе алмағандар екен. Бүгінде тиісті контингенттер арасында жаппай иммундау шаралары жүргізілуде. 6 қарашадан бастау алған екпе алу науқанында 18 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы вакцина қабылдады. Иммундау шарасы әлі де жалғасуда. Десе де екпе алудан бас тартқан 400-ге жуық адам бар. Қызылша дертінің көрсеткіші бойынша республикада біздің аймақ Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Жамбыл облысы және Шымкент қаласынан кейін тұр.

– Бұл ауру адамнан адамға ауа тамшылары арқылы  жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Ауырып тұрған адаммен қысқа уақытта қарым-қатынаста болған жағдайда екпе алмағандардың қызылшаны жұқтыруы әбден мүмкін. Әсіресе 1-4 жас аралығындағы балалары  көп кездеседі. Сондықтан балаларды қызылшаға қарсы вакцинациялау қарқынды жүргізілуде. Бұл ауру пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен өте қауіпті. Медициналық көмекке кеш жүгінгенде және қызылшамен қатар басқа аурулар болған жағдайда асқынулар өлімге әкелуі мүмкін. Катаральды құбылыстар мен (қызба, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы белгілері және бөртпе пайда болған кезде дәрігермен кеңесіп, оның барлық ұсынымдарын орындау керек. Қызылша ауруы бастапқы кезеңде суық тию сияқты көрінуі мүмкін, сондықтан дәрігерге уақытылы барған жөн, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Облыста жыл басынан бері қызылша ауруының 1161  жағдайы тіркелсе, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 1017 жағдай анықталған.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<