Рухани құндылық бастауы

490

0

Рухани құндылық бастауы Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен “Қазақтану” мәдени-ағартушылық жобасы аясында “Қазақы дүниетаным және ХХІ ғасыр” атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, зиялы қауым өкілдері, облыстық ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестік мүшелері қатысты.

«Қазақтану» ғылыми-ағар­ту­шылық жобасы алғаш рет Қазақстан халқы Ассам­блеясының XXVI сессиясында ұсыныс ретінде көтерілген болатын. Бұл жобаның барша қазақстандықтардың ортақ мә­дени кодын, біртұтас құн­ды­лықтары мен халықтың бір­лігін нығайтуда маңызы зор. Жиын барысында бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов кеңінен тарқатып айтты.

– Бүгінде ҚХА-ның бастамасымен  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бо­йынша «Қазақтану» жобасы жүзеге асуда. Жоба Қазақстан халқын шоғырландыратын ортақ құндылықтарды қалып­тастыруға бағытталған. Басты мақсаты – еліміздегі этностар арасында қазақ халқының тарихын, философиясын, құн­дылықтарын, дәстүрлерін, гума­нитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеу. Бұл жобаның біздің өңірден бастау алуының үлкен мәні бар. Себебі, Елбасы Алаштың анасына бала­ған Сыр елі қазақылықтың қайма­ғы бұзылмай сақталып ке­ле жатқан құтты өңір, – деді ол.

Ал Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы, қоғам қайраткері Сәпен Аңсатов қазақы дінитаным мен ұрпақ тәрбиесіне ерекше тоқталды. Жастарды  намысты етіп тәрбиелеу, қазақи болмысын қалыптастыру, рухани азықтандыру мәселесін көтеріп, “Рухани жаңғыру” бағдарламасы қолға алған жобалардың  мақсаты тереңде екенін айтты.

Жиын барысында филология ғылымдарының докторы, профессор, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Қорқыттану және өлке тарихы» ҒЗИ-дың директоры Бағдат Кәрібозұлы «Сыр елі – руханияттың бастау бұлағы» тақырыбында ой өрбітті.

– “Қазақтану” сөзі алғаш­қыда ерсі естілді. Себебі, бір жағынан тамыры тереңге жайылған қазақ халқының әлі күнге дейін өзін-өзі танымағаны ма десем, бір жа­ғынан елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлттар үшін айтылған ұғым шығар деген ой келді. Қазір түсін­генім қазақтану өзге ұлттар мен ұлыстарға ғана емес, қазақ жұртына да керек. Өйткені, біз тағдырымыз талайлы, тарихымыз тауқыметті болған халықпыз. Біз өзімізді өзіміз әлі тани алмай келеміз. Сондықтан жастар қазақы тәрбиеленсін, тұлға болып қалыптассын десек, ең алдымен оларды ауыз әдебиетімізбен сусындатуымыз керек. Қазақтың ауыз әдебиетінде қазақтың дүниетанымы мен педагогикасы, психологиясы тұр. Демек, тәлім мен тәрбие, ұлттық болмыс, адам жанының сұлулығы осы әдебиетте ұштасқан. Мұны білген, оқыған бала саналы болып өсетіні сөзсіз. Осы ретте бүгінгі конференцияның көтеріп отырған тақырыбы ауқымды әрі күрделі деп білемін,–  деді Бағдат Кәрібозұлы.

Мұнан өзге конференцияда  өнертану кандидаты, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің ғылыми хатшысы Екатерина Резникова “Кескіндеме өнеріндегі өркениеттің бейнесі” тақырыбында ойын ортаға салса, «Ұлы дала паремиологиясы және ұлттық код» тақырыбында филология ғылымдарының кан­ди­даты, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің қауым­дастырылған профессоры Жазира Исаева баяндама жасады. Сонымен қатар, философия докторы, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Дәстүрлі өнер» институтының директоры Ғани Байұлов «Қазақ музыкасының даму генезисі» тақырыбын сөз етіп, жаңа идеяларымен бөлісті.

Жиын соңында қатысушылар пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды. Қазақстан этностарының арасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жобаларын ілгерілетуге бағытталған әрі қоғамдық келі­сім мен жалпыұлттық бірлік­тің қазақстандық үлгі­сін насихаттауға арналған бұл жобаның  маңызы зор. Себебі, қазақ халқының құн­дылықтарын ұлықтап, елімізге деген елжандылықты қалып­тастырады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<