Сапа мен мерзім: Талап сақталуы тиіс

467

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласы аумағындағы бірқатар нысанды аралап, жұмыс барысын көрді.

Ең алдымен «Болат Өтемұратов қорының» қолдауымен салынған «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалына барды. Халықаралық талаптарға сай келетін жаңа терминалда ішкі және халықаралық рейстерге, транзиттік жолаушыларға арналған залдар, CIP-зал, жүкті автоматты түрде беру жүйесі, «DutyFree» аймағы, сауда нүктелері, медпункт, кафе, ғибадат ету, жүк сақтау, ана мен бала бөлмелері бар. Екі қабатты ғимараттың сыйымдылығы – 250 адам, төлқұжат бақылайтын 10 кабина қызмет етеді. Нысан таяуда ел игілігіне табысталмақ. Жобаға бағытталған 20 млрд теңгенің 15 млрд 700 млн теңгесі «Болат Өтемұратов қорынан» бөлінген. Жергілікті бюджеттің 4 млрд 300 млн теңге қаржысы инфрақұрылымды дамытуға, абаттандыруға, яғни жылу, су, электр, телефон және кәріз  желілерін, автожол жүргізуге жұмсалды.

Қазір әуежай және оған іргелес аумақ абаттандырылуда. Осы аумаққа  615 шаршы метр гранит жабыны, 16,2 шаршы метр  асфальт, 4038 шаршы метр кеспетас және 3630 шаршы метр қиыршық тас төселетін болады. «Қызылорда қаласындағы әуежайдың іргелес аумағын абаттандыру құрылысы» жобасына 634 050 млн теңге бөлініп, 4 жолақты, ұзындығы 480 метр,  әр жолақтың ені 3,5 метр болатын жол салынуда.

Әрі қарай облыс әкімі «Қызылорда» су торабындағы су шаруашылығы жағдайымен танысты.  Тораптың су өткізу қабілеті – секундына 1200 текше метр, жобалық алаңы – 120 мың гектар. Қазіргі уақытта вегетациялық кезеңнің басталуына орай облыс аумағындағы каналдар арқылы егіс алқаптарына су берілуде. Сәуірдің 20-нан күріш себу, суға бастыру жұмыстары басталды. Бүгінде облыс бойынша 27 мың гектарға күріш себіліп, оның 19,5 гектары суға бастырылды. Каналдарды сумен қамтамасыз ету жоспарлы түрде жүргізілуде. 

Сонымен қатар аймақ басшысы жаңа жылу-электр орталығының құрылыс алаңына барды. Инвестор қолдауымен бой көтерген орталықтың қуаттылығы – 240 МВт, бас мердігері –  «Интер таско» ЖШС.

Нысандарды аралау қорытындысында облыс әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, алдағы міндеттерді айқындады.

– Бүгінде Президентіміздің, Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймағымызда нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Халық игілігіне арналған жаңа ғимараттар бой көтерді. Ең бастысы, құрылысты сапалы етіп салып, уақытылы аяқтау қажет.

Қазіргі күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі – егін алқаптарын сумен қамтамасыз ету. Суармалы жердің көлемін, егілетін дақылдардың түрін, суару нормаларын сақтау қажет. Суды үнемдеп пайдалану және егін егу талаптары назардан тыс қалмауы тиіс, – деді облыс әкімі.

Одан әрі аймақ басшысы «OrdaGlassLtd» ЖШС шыны зауытының жұмысымен танысты.

2022 жылдың қазан айында ашылған зауыт табақша шыны шығарумен айналысады. Жоба құны – 42,1 млрд теңге, кәсіпорынның қуаттылығы – жылына 197,1 мың тонна. Мұнда 370 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Зауыт іске қосылғаннан бері құны 23,9 млрд теңге болатын 19 млн шаршы метр шыны өндірілді. Оның 70%-ы ел ішінде сатылды, 30%-ы Ресейге, Өзбекстанға, Қырғызстанға және Тәжікстанға экспортталды.

Аймақ басшысы зауыт жанынан жаңа өндірістер ашу мәселесін пысықтап, өңірге инвесторлар тарту бойынша кешенді шараларды қолға алуды тапсырды.

Облыс әкімі Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауынан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген білім ошағы құрылысымен танысты.

Өткен жылы құрылысы басталған мектеп 900 орындық, бас мердігер – «Дәнекер» ЖШС. Үш қабатты ғимаратты салуға республикалық бюджеттен 5,01 млрд теңге бөлінді, мектеп биыл пайдалануға берілмек.

Аймақ басшысы құрылыс сапасына айрықша мән беруді ескертіп, жауапты мекемелерге жұмыс барысын тұрақты қадағалауды тапсырды.

Айта кетейік, биыл өңірде жаңадан 15 мектеп және 4 мектепке қосымша құрылыс салынып, пайдалануға беріледі. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 12 300 орынға лайықталған 21 мектеп, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы 7 млрд 900 млн теңгеге дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат, Шиелі ауданында 988 млн теңгеге 100 орындық және Жаңақорған ауданында жергілікті бюджет есебінен 926 млн теңгеге 150 орындық мектеп салынуда. Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты мектеп және «Ақшатау» ауылындағы бастауыш мектептің жаңа ғимараты жеке инвесторлардың демеушілігімен бой көтеруде. Бұдан бөлек, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы Шиелі, Жаңақорғандағы, жергілікті бюджет есебінен Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданындағы мектептер жанынан қосымша құрылыстар жүргізілуде.

Балалардың қосымша білім алуына оңтайлы мүмкіндік жасау үшін «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 2 млрд 300 млн теңгеге 350 орындық заманауи «Оқушылар сарайы», жергілікті бюджет есебінен Жаңақорған ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» және 50 орындық «Өнер мектебі» салынуда.

Нысандар жаңа оқу жылы қарсаңында ел игілігіне табысталады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<