Сапалы өнімге сұраныс бар

374

0

Сапалы өнімге сұраныс бар Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қармақшылықтар да біркісідей атсалысып келеді. Идея­сы бар, талапшыл жандарды қолдап, кәсібін дамытуға демейтін бағдарламаның қарқыны да жоғары. Жеңілдікті пайдаланып, кәсіп ашқан жандардың бірі – жосалылық Ләззат Балтоқаева.

Ауданда азық-түлік өнімде­рімен айналысатын «Руслан» жеке кәсіпкерлігін білмейтіндер аз. Осылай тіркеліп, тіршіліктің түйткілін шешіп жүрген Ләззат «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы 2 млн теңге несие алған. Бүгінде ол тұшпара түйіп, тұрғындар тұтынатын сапалы өнімді шы­ғарумен айналысуда.

– Тұшпараның дәмді шығуы тек етіне емес, қамырына да байланысты. Ол қалың да, жұқа да болмай біркелкі жайылу керек. Еңбегіне қарай нәпақасын беремін деп қамыр жаюға қыз-келіншек іздесем таппаймын. Қазір жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретіндер көп. Қайтарымсыз грантқа қол жеткізсем деген мақсат бар. Егер жолым бола қалса, мына цехты заманауи үлгіде қайта жөндеуден өткіземін. Арнайы аппаратсыз істеген ісің өнбейді. Грант негізінде қамыр жаятын құрылғы сатып алғым келеді. Бәрі де жобаның маңыздылығына қарай ғой. Адам болған жерде азық-түліктің қажет екенін білесіз. Сондықтан осы мақсаттарға қарай қадам бастым, – дейді кәсіпкер.

Несие қаражатына ол ет тартатын, қамыр илейтін құрылғы мен дайын өнімді сақтайтын мұздатқыш сияқты заттар ал­ған. Шикізат та өздерінен. От­ағасы Жаңабек Бармақов ірі қараны арықтай алып, әбден бағады. Осылайша олар өздерін етпен қамтамасыз етуді де ойластырған.

– Бір күнде 20 келідей ет тартып, одан 120 қалта тұшпара дайындаймын. Бұл ғана емес, тефтель, котлет сатып, пайда қы­ламын. Күнделікті өткізіп тұратын дүкендерім бар. Таза сиыр етінен жасалады, сон­дықтан болар, әзірге шағым жоқ, – дейді Л.Балтоқаева.

Осынша өнімді әзірге жал­ғыз дайындап жүр. Десе де келген тапсырысты дер кезінде орындап, тұтынушылар сенімін иеленген. Болашақта үлкен кәсіп ашып, ойындағы арман-мақсатқа жеткісі келеді.

– Бастысы – клиенттің көңілі. Бір мәрте көңілі қалған жан екіншілей есік қақпайды. Сондықтан, шаршасақ та, талсақ та берілген тапсырысты орындауға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. «Өзің ісіңді дамыт, дамытпасаң, басқаға жол бер!» деген нарық заңдылығы бар. Мықты кәсіпкер болу үшін нарықпен санасу керек, – дейді ол.

Сұранысқа сай өнім дайындау сападан басталады. Бастысы, елге қажеттіні кәсіп қылып ашу керек. Сөйтсе сұраныс та жоғары болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<