Биыл Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл толды. Осы аталған кезеңде жергілікті мәслихаттар көптеген игілікті істің ұйытқысы болып, облыстың экономикалық, әлеуметтік, рухани дамуына сүбелі үлес қосты. Жергілікті мәслихаттардың 6 шақырылымында халық қалаулылары сайланып, сайлаушылар алдындағы міндеттерін жүзеге асырып, берген уәдесін орындау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Біз, II-III-IV шақырылымдағы депутаттар, сол кезеңдегі атқарған жұмыстарымызға қысқаша шолу жасап, оқырмандармен бөлісуді жөн көрдік.
Облыстық мәслихатта жұмыс атқарған II-III-IV шақырылымдағы кезеңдер экономикалық, әлеуметтік салалар бойынша күрделі болатын. Бүгінгі күнмен салыстыруға келмейді. Өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын жеңу керек болды. Сондықтан бекітілген бағдарламалардың орындалуын бақылау, облыстық бюджетті бекітумен қатар басқа да маңызды мәселелерді сессияда талқылап, тынбай қызмет жасауға тура келді.
1999 жылғы екінші шақырылымдағы жергілікті мәслихаттар сайлауы нәтижесінде кандидаттар арасынан өмірлік тәжірибесі мол, әртүрлі мамандықтағы атқарушы, өкілетті биліктің сынынан да, тезінен де сүрінбей өткен, елге белгілі 29 депутат облыстық мәслихатқа сайланып келді.
Сонымен қатар біздің алдымызда мәслихаттың беделін көтеру, материалдық-техникалық базасын нығайту, аудандық, қалалық мәслихаттар жергілікті мемлекеттік басқару заңында облыстық мәслихатқа тікелей бағынышты болмағанымен, оларға әдістемелік, үйлестіру көмегін көрсету міндеттері тұрды. Облыстық бюджетті бекіту және бекітілген бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сессияда бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына бақылау жүргізетін тексеру комиссияларының да жұмысы жолға қойылды.
Мәслихаттың тұрақты комиссияларының ролін көтеру жөнінде біршама жұмыстар атқарылды, сессияда қаралатын мәселелер тұрақты комиссиялар арқылы ұсынылып, дайындалатын дәрежеге жетті. Екінші шақырылымдағы тексеру комиссиясының төрайымы болып Роза Боханова, 4 тұрақты комиссияны Қ.Бисенов, С.Имандосов, М.Бақтиярұлы, Н.Құдайбергенов сияқты ғылым докторлары, білікті басшы депутаттар басқарды. Сессияда қаралатын мәселелерді дайындауға басты назар аудардық. Арнайы құрылатын уақытша комиссия құрамына депутаттармен бірге сала басшыларын, білікті мамандарды қосып, барлық қала, аудандарды аралап, көпшілік тыңдаулар ұйымдастырып, сайлаушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Сессияға нақты ұсыныстар жасап, қаралған мәселе бойынша нәтиже шыққанша бақылауға алып отырдық. Кезектен тыс бюджетке өзгеріс енгізілетін сессияларда қаралған мәселе бойынша қаражат бөлінуіне ұсыныс жасадық. Осы шақырылымда ыждағатты, терең талдаумен «Облыстық денсаулық сақтау саласының жайы және оны жақсарту шаралары», «Облыс халқын жұмыспен қамту және жұмыссыздыққа қарсы күресті күшейту жолдары», «Ауыл шаруашылығы саласының жайы және облыс халқын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуді жақсарту шаралары», «Облыста қоршаған ортаны қорғаудың жайы», «Облыс экономикасындағы өнеркәсіп саласының жайы және оны өркендетудің міндеттері» туралы мәселелер қаралып, қаншама ұсыныс өз шешімін тапты. Егер біз әр қаралған мәселе бойынша шешілген ұсыныстар мен оған бөлінген қаржыларды тізер болсақ, оның бәрін осы шағын мақалаға сыйдыра алмас едік. Екінші шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаттары өз міндеттерін толық атқаруға ұмтыла отырып, өз сайлаушыларының аманатын атқарушы органдарға жеткізіп, олардың орындалуын бақылауда белсенділік танытты. Сонымен қатар атқарушы органдар басшыларына депутаттар көтерген мәселелерді жылдам шешуге ықпал ету керектігіне назар аудардық.
ІІІ шақырылған облыстық мәслихаттың жұмысы 2003 жылғы 14 қазандағы I сессиядан басталды. Мені екінші рет облыстық мәслихаттың хатшысы етіп сайлады.
Бұл шақырылымда облыс өмірінде өзекті мәселелер «Ауылды дамыту және қолдау жылдарының» алғашқы қорытындылары және алдағы міндеттер, «Облыстың елді мекендерін электр қуатымен қамтамасыз етудің жайы», «Облыстағы коммуналдық қызметтің жайы», «Облыста жер ресурстарын пайдаланудың жайы және оны жақсарту міндеттері» туралы мәселелер тиянақты дайындалып, облыстық мәслихаттың сессияларында талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Төртінші шақырылған облыстық мәслихаттың сессияларында қаралған мәселелер туралы баяндау, оған бөлінген қаражатты, онда қай депутаттың ұсынысы өткенін бір мақала аясында жазып жеткізу мүмкін емес. Соның ішінде екі-үш мәселе жөнінде бөліп айтсам деймін. Соның бірі Қызылорда облысында білім берудің жайы және оны жақсарту шаралары мәселесі депутаттар, жалпы облыс үшін өте маңызды еді.
Сол кездердегі алғашқы мәлімет бойынша облыста 22 мектеп аппатты жағдайда болды десек, осы сессияға дайындық барысындағы комиссия зерттеуінің нәтижесінде оның саны 30-дың үстіне шығып кетті. Тынымсыз еңбектің, атқарушы биліктің депутаттардың ұсыныстарын түсіністікпен қабылдауының, арқасында апатты жағдайдағы мектептердің бәрі жаңадан салынды. Төртінші шақырылымда келесі бір үлкен дайындықпен қараған мәселеміз – облыстық санитарлық-эпидемиологиялық, эпизоотиялық жағдайы және оны жақсарту шаралары. Бұрын-соңды облыстық мәслихаттың сессиясында бұл тақырып қаралмаған екен. Дайындығы да, жағдайы да, біздің экологиялық хал-ахуалымызды ескерсек, өте күрделі болды. Үлкен ыждағатты дайындықпен шешім қабылданды. Кейін осы мәселе бойынша қабылданған шешімнің орындалуын тұрақты комиссияда бірнеше рет қарадық, өйткені бұл сала реттелмей, біздің салауатты өмір сүруіміз, деніміз сау болуы мүмкін емес. Сондықтан депутаттар бұл мәселеге үлкен маңыз берді.
Облыс бойынша мектепалды даярлық пен балабақшалардың жағдайы туралы мәселе қарадық.
Біз сессияға дайындық барысында қай елді мекенде бұрынғы типтік жобадағы бала бақшаларды қайта күрделі жөндеуден өтізуге болады, қай елді мекенде дайын үйлерді сатып алуға болады, қай жерде әлеуметтік әріптестік келісім бойынша жекеменшік балабақша ашуға болады – бәрінің есебін жасадық, нәтижесінде сессияда облыс бойынша оң шешім қабылданды. Барлық аудандарда, Қызылорда қаласында жаңадан балабақшалар салынды. Сол кезде ҚР Президентінің бастамасымен «Балапан» бағдарламасы қабылданып, 2020 жылға дейін республикада балабақшалармен қамтамасыз ету 100% болады деген міндет қойылды. Бағдарламаның қабылдануы бұл салаға деген бетбұрысты күрт өзгертті. Сөйтіп біздің еңбегіміз тағы да қайтты. Жасаған есебіміз бойынша облыста мектепалды даярлық пен балабақшамен қамтамасыз етуді ертерек орындауға барлық мүмкіндік болды, бүгінгі күні ол орындалды да.
Әр кезеңнің өз міндеттері, алға қойған стратегиялық бағыттары бар. Бүгінгі күнгі басты міндет Елбасының стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыру, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауының орындалуын қамтамасыз ету, индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру, дүние жүзіндегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу, өндіріске жаңа технологияларды ендіру, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын орындау сияқты күрделі міндеттерді іске асыру керек. Осындай ауқымды міндеттерді орындауға үлес қосуға бүгінгі күні жұмыс жасап келе жатқан алтыншы шақырылған облыстық мәслихат депутаттарының сапалық құрамы да, ұйымдастырушылық қабілеттері де жоғары деуге болады. Құрылыс, ауыл шаруашылығы, басқа да күрделі салаларға инвестиция салып жүрген, әлеуметтік әріптестік бағыты бойынша балалар бақшасына, басқа да әлеуметтік нысандарға қаражат бөліп жүрген кіші және орта бизнес өкілдері бар.
Қазақстан Республикасы жергілікті мәслихаттарының 25 жылдығына орай өткен шақырылымдардағы жұмысымызға шолу жасадық. Қазіргі уақытта жұмыс атқарып отырған алтыншы шақырылым депутаттарының атқарушы органдарымен бірлесіп өздеріне сенім білдірген халықтың мүддесі үшін қызмет етіп, облыстың экономикалық, әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосатындарына сенім мол.
Алмагүл БОЖАНОВА,
Қазақстан Республикасы мәслихаттарының
Құрметті депутаты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<