«Шардара» қоймасына түсетін су молайды

215

0

Биылғы көктем шаруаға қарасып тұр. Жауын-шашынның мол түсуі қас-қабағын бағып отыратын «Шардара» секілді су қоймаларының деңгейін көтере бастады. Бұл әрине, жақсы жаңалық.

Қазақстан үшін мемлекетаралық деңгейде бекітілген лимиттер мен трансшекаралық су нысандары жұмысының болжамды режимі Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының егіншілерін маусымда егіндік сумен ысырапсыз қамтамасыз етуге бағытталған.

ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, Өзбекстан тарапымен қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес «Шардара» су қоймасының толу көрсеткіші биыл 300 млн текше метрге ұлғайып отыр. Мамыр айындағы орташа су ағыны секундына 350 текше метрді құраса, өткен жылы көрсеткіш бар болғаны 90 текше метр болған. Бұл туралы ақпаратты «ҚазАқпарат» агенттігі жеткізді.

Деректерге сүйенсек, «Шардара» су қоймасына сәуір-мамыр айларында түскен судың көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге артық.

«Достық» каналының қазақстандық бөлігіне су беру лимиті 922 млн текше метр көлемінде белгіленген.

Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан биылғы шілде-тамыз айларына арналған «Бахри Точик» су қоймасының жұмыс режимі кестесіне қол қоюды пысықтауда.

Сондай-ақ Қырғызстандағы (Киров, «Орто-Токой») су қоймаларының гидрологиялық болжамдары мен қазіргі толу көрсеткіші ескеріле отырып, Қазақстан үшін Талас өзені арқылы 380 млн текше метр көлемінде су беру бекітілді. Бұл былтырғы деңгейден 44 млн текше метрге артық. Сонымен қатар, биыл Шу өзенінен елімізге 180 млн текше метр су алу көзделсе, бұл да өткен жылғы көрсеткіштен 26 млн текше метрге көп.

Жалпы Қазақстандағы суармалы жердің жалпы ауданы биыл 1,5 млн гектарды құрайды. Оның негізгі бөлігі оңтүстік өңірлерге тиесілі. Биылғы жаз ыстық әрі құрғақ ауа райы күйінде болады деген болжам да бар. Қазір егінді суару жұмыстары жүріп жатыр. Вегетациялық кезең сапалы өтуі үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуда.

Айта кету керек, су тасқыны жағдайына байланысты солтүстік, орталық, батыс және ішінара шығыс аймақтарда су қоймалары орта есеппен 70-тен 90%-ға дейін толған. Елімізде барлығы 405 су қоймасы болса, олардың жалпы  сыйымдылығының жиынтығы 14 997,9 млн текше метрді құрайды. Су ресурстарының жағдайы ескеріле отырып, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында жаңа су қоймаларын салу жоспарланған. Бүгінде Түркістан облысында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы жүріп жатыр.

Су қоймаларын салу бойынша екі жоба мемлекеттік сараптаманың қарауында. Тағы бес нысан бойынша жоба-сметалық құжаттама дайындалып, жақын арада сараптамаға жіберілмек.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<