Шілдеде жәрдемақы өседі қай санатта қандай өзгеріс бар?

530

0

Кез келген мемлекеттің әлеуметтік саясатының жемісі  сол елдегі тұрғындардың әл-ауқатымен, тұрмыс жағдайымен бағаланатыны анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықты сапалы өмірмен қамту мен әл-ауқатын жақсарту – мемлекеттің басты міндеті. Бұл сөздерді шынайы іске айналдыру қажет. Халықтың табысы экономикамен қатар өсуі керек. Бұл өзгермейтін аксиома біздің жағдайымызда жұмыс істемей тұр» деген еді. Сондықтан да Жолдауда заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс екенін пайымдай келіп, елімізде Әлеуметтік кодекс әзірленетінін де айтқан болатын. Міне, сол кодекс алдағы шілде айында қолданысқа еніп, нақты жұмыстар қолға алынбақшы. Оның басты міндеті – халықтың осал топтарын қамқорлыққа алу және азаматтардың негізгі құқықтарын қамтамасыз ету.  Мұнда адамның бүкіл өмірлік циклі қамтылады.  Мәселен, бала туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жастағы жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру іс-шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмек, сондай-ақ, жасы ұлғайған шақтағы қолдаулардың барлығы енді бір құжатпен реттелетін болады. Кодексте қаралғандай, шілденің 1-нен бастап республикалық бюджеттен төленетін бірқатар жәрдемақы төлемдерінің мөлшері артады. Бұл жайында облыс бойынша еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары Төрахмет Жолымбетов  толығырақ хабардар етті.

Балалы отбасыларды қолдау

Кодексте ең әуелі балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы жүйесін сақтай отырып, оның негізгі параметрлерін өзгерту қарастырылған. Бұл жаңа параметрлер отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың ауқымын кеңейтуді көздейді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы және әлеуметтік төлемді төлеу кезеңі бір жастан бір жарым жасқа дейін ұзартылды. Бұл қызмет төлем алушыларға проактивті форматта ұсынылады. Бала күтімі бойынша жәрдемақы жұмыс істемейтін аналарға республикалық бюджеттен, ал жұмыс істейтін аналарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленуде. Облыс бойынша бүгінгі кезде төлем алушылардың саны 27,8 мыңға жеткен, оның  5,6 мыңы бюджеттен бала санына қарай 19,9 мың теңгеден 30,7 мың теңгеге дейін алуда. Ал қалған 22,2 мыңнан астам ана мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан кейінгі екі жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызы көлемінде төлем алуда. Әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері  48 мың теңгені құрайды.

Сонымен қатар, кодекске «Наградталған аналар» жаңа термині енгізілуде. Бұл мәртебе көпбалалы ананың еңбегін құрметтеу және мойындау ретінде өмір бойы «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған әйелдерге берілетін болады. Бұдан басқа наградталған аналарға тағайындалатын жәрдемақы мөлшері сараланып, төленеді. Бүгінде 6, 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей 22080 теңге  мөлшерінде жәрдемақы алуда. Осылайша, «Алтын алқа», «Батыр ана» атағы бар, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылады. Шілдеден бастап облыс бойынша 6132  аталған төлем алушының жәрдемақы мөлшері қайта қаралып, оның шамасы 25530 теңгені құрамақ.

Мүмкіндігі шектеулілер шет қалмайды

Шілде айынан бастап мүгедектігі бар адамдарға белгіленген коэффициенттер 14,6%-15,4% аралығында ұлғаюына байланысты облыста 23902 мүгедектігі бар әлеуметтік жәрдемақы мен төлем алушының жәрдемақы мөлшері артады. Айталық, I топтағы мүгедектігі бар адамдардың жәрдемақысының мөлшері  77889 теңгеден 89248 теңгеге дейін (11359 т. көбейеді), II топтағы 62068 теңгеден 71398 теңгеге дейін (9330 т.), III топтағы 42190 теңгеден 48681 теңгеге дейін (6491 т.) көбейетін болады. 

Екіншіден, мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға (қорғаншыға)  және бірінші топ мүгедектігі бар азаматтарға күтімді жүзеге асыратын адамдарға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері  ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,40- тан 1,61-ге дейін (56794 теңгеден 65313 теңгеге) дейін ұлғаяды. Облыс бойынша мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғаны үшін  жәрдемақы төлемін алушылардың саны 5841, ал I топ мүгедектігі бар азаматтарға  күтіміне байланысты жәрдемақы алушылар саны 1436-ны құрайды.

Сонымен қатар, қылмыстық атқару жүйесіндегі бірінші топ мүгедектігі бар азаматтарға күтімді жүзеге асыратын адамдарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау құқығы берілген.  Бұл ретте, бірінші топ мүгедектігі бар азамат пен күтімді жүзеге асыратын адам бір қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде болу қажет. Жәрдемақы тағайындауға өтініш беруге қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің әкімшілігі ықпалдасатын болады.

Үшіншіден, мүгедектігі бар азаматтардың әлеуетін жақсарту мақсатында  арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін ұлғайту қарастырылған. Мысалы, жасына байланысты берілетін немесе еңбек сiңiрген жылдары үшiн төленетiн зейнетақы төлемдерi тағайындалған бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ Байқоңыр қаласында тұратын, Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 1,49 АЕК-тен 1,71 АЕК-ке  (5141 теңгеден 5900 теңгеге дейін) артады. Ал жасына байланысты берілетін зейнетақы төлемдері немесе еңбек сiңiрген жылдары үшiн төленетiн зейнетақы төлемдерi тағайындалған үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ Байқоңыр қаласында тұратын, Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 0,64 АЕК-тен 0,74 АЕК-ке (2208 теңгеден 2553 теңгеге дейін) көбеймек.

Байқоңыр қаласында тұратын, Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 0,96 АЕК-тен 1,10 АЕК-ке дейін өседі. (3312 теңгеден 3795 теңгеге дейін) Байқоңыр қаласында тұратын, Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы жетіден он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, бірінші және екінші топтағыларға 1,49 АЕК-тен 1,71 АЕК-ке (5141 теңгеден 5900 теңгеге дейін ) және үшінші топтағыларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері  0,96 АЕК-тен 1,10 АЕК-ке (3312 теңгеден 3795 теңгеге дейін ) артады.

Асыраушысынан айырылғандар үшін қандай өсім бар?

Кодексте белгіленген коэффициенттердің 7-30% аралығында ұлғаюына байланысты, облыстағы 9018 асыраушысынан айырылғанға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлемдерінің мөлшері артады. Айталық, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша отбасында еңбекке жарамсыз бір мүшесі бар төлем алушылардың жәрдемақы мөлшері 34888 теңгеден 37322 теңгеге (2434т.),  отбасында еңбекке жарамсыз бес мүшесі барлар үшін 82352 теңгеден 111560 теңгеге (29208т.), отбасында  еңбекке жарамсыз екі мүшесі бар тұлдыр жетімдердің жәрдемақы мөлшері 95739 теңгеден 124947 теңгеге (29208т.),  отбасында  еңбекке жарамсыз бес мүшесі бар тұлдыр жетімдердің жәрдемақы мөлшері 239346 теңгеден 312366 теңгеге (73020т.)  көбейеді.        Бұдан басқа, саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына, саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері  1,07 АЕК-тен 1,23 АЕК-ке (3692 теңгеден 4244 теңгеге дейін ) өседі.

Қазақстан Республикасына ерекше еңбек сіңіргені үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 1,07 АЕК-тен 1,23 АЕК-ке (3692 теңгеден 4244 теңгеге дейін ) ұлғаяды.

Жасына байланысты зейнетақы, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін және  мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар  2023 жылдың 1 шілдесіне дейін қайтыс болған жағдайда, оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақының мөлшері заңда белгiленген тиісті қаржы жылына 35 АЕК (120 750 теңге) мөлшерiнде жүргiзiледi.

Ал 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін қайтыс болған төлем алушыларға жәрдемақы төлемі  15,70 АЕК (54165 теңге) мөлшерінде төленеді. Нәтижесінде, облыста 46329 аталған төлем алушының жәрдемақыларының мөлшері  қайта есептелініп, шілденің 1-нен бастап көбейтілген мөлшердегі жәрдемақысы төленетін болады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<