Шыны зауыты және шынайы бастамалар

685

0

Бұған дейін индустрияландыру бағдарламасы аясындағы ауқымды жобалардың бірі саналған шыны зауытының іске қосылуы жайлы түрлі қауесет тарағаны белгілі.

Ішкі нарықты өз өнімімен толық қамтып, сондай-ақ алыс-жақын шетелге 30 пайызын экспорттайтын болған кәсіпорын былтыр желтоқсан айында іске қосылғанымен күйдіру пешінде техникалық ақау болғаны анықталды. Ал кейін зауыт құрылысын жүргізген қытайлық компания бұрынғы қызметкерлерін толығымен ауыстырып, аталған кемшілікті жоюға жаңа команда жіберді. Бертін келе облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен зауыт жұмысы жанданып, қазан айынан бастап өз өнімін шығара бастады. Бүгінде 17 мың тоннаға жуық шыны Астана, Алматы, Шымкент қаласына жіберілді. Алдағы уақытта Өзбекстанға экспорттау көзделуде.

Иә, көпшілік күдер үзердей болған кәсіпорын жұмысы осылайша қайта күш алды. Жұмысы кеш болса да жандана бастаған зауыт игілігін аймақ тұрғындарының көп күткені рас. Әрі аймақтағы алпауыт кәсіпорынға айналады деген сенім күшейіп келеді. Бір ерекшелігі, зауыттағы арнайы күйдіру пеші 1500°С температураға дейін қыздырылып, он жыл бойы тоқтаусыз жанып тұрады. Ал содан соң ғана мұнда үлкен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады дейді мамандар.

Зауыт әлемге белгілі елдер – АҚШ, Италия, Бельгия, Финляндия, Қытай мемлекеті шығарған заманауи технологияларды пайдаланбақ. Тағы бір ерекшелігі – үлкен көлемді және ауыр салмақты шыны табақшаларын кесуге және тасымалдауға роботтар қолданбақшы. Ал шикізаттың 90 пайызы өзіміздің өңірден болады.

Айтпақшы, шыны зауытынан бөлек, жергілікті билік түрік компаниясымен бірлесіп, құны 28,1 млрд теңге болатын томат пастасын өндіретін зауыт салу туралы келісімге келді. Жоба бойынша мұнда жылына 24 мың тонна өнім шығарылады. Сондай-ақ өңірдегі «Шалқия» кен орнында да жаңа тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталмақ. Құны – 235 млрд теңге.

Жалпы биыл аймақтағы өңдеу өнеркәсібіне бағытталған құны 4,8 млрд теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылды. Мысалы, облыс орталығындағы «Вега Пром» серіктестігі өзінің құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын өндірісін кеңейтті. Кәсіпорын жылдық қуаттылығын 8,6 мың тоннадан

24 мың тоннаға ұлғайтқан. Екінші, Сырдария ауданындағы «Шаған» шаруа қожалығы жылдық қуаттылығы 630 тонна болатын күріш ақтау цехын іске қосты. Сондай-ақ Қазалы ауданындағы «Игіліков» жеке кәсіпкерлігінің жылына мың тоннадан асатын балық ұнын шығару және Қармақшы ауданында балық өңдеу цехы бар. Ал келер жылы Жаңақорған және Қармақшы ауданындағы құс фабрикасы пайдалануға берілмек.

Қорыта айтқанда, бірыңғай индустрияландыру картасы аясында облыста құны 613 млрд теңгені құрайтын, 6,8 мың жұмыс орнын құруға бағытталған 37 жоба жүзеге асуда. Ал 2010-2021 жылдар аралығында іске қосылған жобалар аясында 49 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 25 пайызды құраған.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<