Спортқа лайықты қолдау қажет

1019

0

Кеше ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада спорт саласы қызметкерлерімен кездесті. Кездесуді облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов жүргізіп отырды.

Облыс басшылығының қолдауымен өңірде бұқаралық спортпен шұғылданушылар қатарын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Нәтижесінде былтыр қы­зылордалық жастар көптеген жарыста ел мерейін ас­қақтатты. Жергілікті спортшылар халықаралық ресми жарыстарда жүлде иелену бо­йынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Әлем, Азия чемпионаттары мен кубоктарында 218 медаль алып, 78 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.

– Облыста 97 спорт түрі да­мы­ған. Оның ішінде 27-сі олим­пиадалық, 30-ы олим­пиа­далық емес спорт түрлері саналады. Сондай-ақ, 3-і қысқы, 10-ы ұлттық, 1-і техникалық және 26-сы мүгедектер спорты. Өңірде 22 спорт мектебінде 21376 адам оқиды. 2008 жылдан бері облыстан 21 үздігіміз ұлттық құрама сапында 4 жазғы Олимпиадаға барып қайтты. Олардың арасынан боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен ауыр атлет Александр Зайчиков қола медаль алды. Спорт түрлерін одан әрі дамыту барысында жыл сайын облысымызда өңірлік федерациялар саны артып келеді, – деді Шахмардан Асқарұлы.

Облыста денешынықтыру және спортпен айналысушылар санын 42, 2025 жылға дейін 50 пайызға жеткізу көзделген. Биыл тұрғындардың спорт­тық нысандарға қол­жетім­ділігін арттыру үшін 11 дене­шынықтыру-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта Сырдария өзенінің сол жағалауынан 7 мың жанкүйерге арналған стадион ел игілігіне айналады. Халық сұранысын қамтамасыз ету мақсатында заманауи көпсалалы спорт кешенінің жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді.

– Сыр өңірі – талантқа бай өлке. Олардың қатарында әлемдік деңгейде топ жарған үздіктер бар, – деді Сәрсен Абайұлы жұртшылық алдында. – Бұл орайда жергілікті мамандардың қажырлы еңбегі, мол тәжірибесі мен жоғары біліктілігін айрықша атап өткен дұрыс. Жалпы елімізде спорт саласының дамуына Президент, Үкімет басшысы үлкен көңіл бөліп отыр. Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұқаралық спортқа мән беру қажеттігін атап өтіп, оған лайықты қамқорлық көрсетіп келеді. Жақында «ҚР дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Соған сәйкес алдымызға бұқаралық спортпен шұғылданушылар санын 50 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылды.

Вице-министрдің айтуынша, мұндай жоғары талапқа қол жеткізу спорт саласы қызметкерлерінің жүйелі жұмыс жүргізуі арқасында жүзеге асады. Бұл орайда нұсқаушы, бапкер, инфрақұрылым секілді мәселелер бар. Қордаланған күрделі проблемалар аз емес. Стратегиялық құжатта олардың барлығы көрініс тапты.

– 2025 жылға дейін 113 жаңа спорт нысаны салынып, жұмыс істеп тұрған 26 нысан қайта жаңғыртылады. Еліміз бойынша 43 мыңға тарта спорттық нысан бар. Олардың жай-күйі қандай? Аталған ғимараттар бүгінгі күн талабына сай ма? Бұл жөнінде қолымызда нақты мәлімет жоқ. Осы орайда министрлік тарапынан бұл нысандарды жыл ішінде түгендеу жұмыстарын алдымызға мақсат етіп қойдық. Осыған байланысты комиссия құрамы бекітілді. Жыл соңында жинақталған мәліметтерді Президент әкімшілігіне, Үкіметке ұсынатын боламыз. Соның нәтижесінде тиісті іс-шаралар қабылданады, – деді вице-министр.

Еліміздің имиджін көтеретін, намысын қорғайтын саңлақтарды дайындау барысында білікті басшы, білімді мамансыз нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Қазір спорт саласына ғылыми тұрғыдан қарау қажеттігі айқындалып отыр. Осы орайда Астана қаласында ұлттық спорт университетін салу алдағы жылдың соңына дейін аяқталады.

– Қазірге дейін елімізде дене­шы­нықтыру және спорт саласына қатысты екі маманды тәрбиелеп шығарамыз. Оның бірі – денешынықтыру пәнінің мұғалімі болса, екіншісі – спорт жаттықтырушысы. Негізінде бұл  – өте күрделі сала. Физио­лог, спорт тағамдарын айқындайтын және белгілейтін диетолог, спорт дәрігері, массажист мамандар арнайы білімді қажет етеді. Алайда оған мән берілмей келді. Ұлттық университетте салаға қатысты барлық маманды дайындауға назар аударылады. Сондай-ақ, Алматы облысының аумағында заманауи олимпиадалық даярлау базасының құрылысы жүргізілуде. Онда ұлттық құрамаға қабылданған 2200 спортшы шеберлігін жетілдіруге мүмкіндік алады, – деді Сәрсен Абайұлы.

Вице-министр спорт саласына жеке инвесторлар қаржысын салу мәселесі өзекті екенін атап өтті. Мемлекет қаржысы барлық мәселені шешуге жете бермейтіні белгілі. Сондықтан жеке кәсіпкерлерді көптеп тартуға ынталандыру қажет. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан оларға қолдау көрсетуге көңіл бөлінеді.

Кездесу барысында аталған салаға қатысты өзге де өзекті мәселелер көтерілді. Көпшілік тарапынан қо­йылған сауалдарға вице-министр толыққанды жауап берді.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<