«Біздің басты күшіміз – адам және оның жасампаздық әлеуеті»

203

0

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзі

Бесінші құрылтай Қызылордада өтеді

Кеше Бурабайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың ІV отырысы өтті. Онда қоғамдағы өзекті деген мәселелерге назар ау­дарылып, ел дамуына қатысты тұшымды пікірлер сөз болды.

Айта кетейік, Ұлттық құрылтай алғаш рет Ұлытауда, одан кейін Түркістан және Атырауда болды.

Кеше Бурабай төрінде өткен алқалы жиынның ендігі отырысы Президент атап өткендей, Сыр бойында, қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қа­ласында ұйымдастырылады.

Қадірлі қауым!

Бүгін – Амал күні. Сондықтан баршаңызды шын жүректен құттықтаймын.

Бұл күн – Әз Наурыздың бастауы. Еліміздің төл мерекесі биыл да қасиетті Ораза айына орайлас келіп отыр. Қастерлі мейрамдарымыз халқымызды игі амалдар жасауға үндейді. Асыл қасиеттерімізді кеңінен дәріп­тейді. Құрылтайдың ұлық мере­ке­лермен қатар өтіп жатқаны жақ­сылықтың нышаны деп ойлаймын.

Осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жарияладым. Оны жақсы білесіздер. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім.

Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпы­халықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды. Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылды.

Үш жылдан астам уақыт ішінде ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Бір сөзбен айтсақ, аймақтардағы атқарушы билікке жаңа адамдар келіп жатыр. Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды. Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сай­лай­тын болды.

Түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін берді. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланды.

Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмады. Ел ішіндегі өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосты. Жұртымызды ортақ мақ­сатқа ұйыстырып, игі істерге жұ­мылдырды.

Алқалы жиын алғашқы күннен бастап жалпыхалықтық жаңғырудың символына айналды. Қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасты. Өзара түсіністік пен құрмет бар жерде келісім болады. Құрылтайдың түпкі мақсаты да – осы.

Кешеден бері Ұлттық құрылтай мүшелері көптеген бас­тама көтеріп жатыр. Қоғамымыздың ең өзекті мәселелері жөнінде қызу талқылау өтті. Құрылтай мүшелері, шақырылған мамандар бұл мәселелер бойынша өз ұсыныстарын айтты. Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары көптеген сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасуға белсенді түрде қатысты. Баршаңызға ризашылығымды білдіремін.

Енді бірқатар мәселеге арнайы тоқталып өткім келеді. Ең алдымен қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікірімді айтайын.

Салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Бұл туралы жаңа ғана белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев жақсы айтып өтті. Сондай-ақ Құрылтай мүшелері Қайырбек Арыстанбеков, Марат Башимов, Ерлан Саиров, Расул Рыс­мамбетов және Мұрат Әбенов салық-бюджет мәселесіне қатысты орынды пікір білдірді.

Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі эко­номист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін әр адамға түсінікті тілмен жеткізу керек. Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген.

Кәсіби мамандар да, жалпы жұрт­шы­лық та қосымша құн салығының мөл­шерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсы­нылған шараларға, соның ішінде, қо­сымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұн­дай пайым шынайы ахуалға негіз­дел­меген. Түрлі себепке байланысты өзі­не ауқымды әлеуметтік міндеттеме ал­майтын елдер аз емес. Ал Қазақ­стан­ның бюджет қаржысының жарты­сынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде.

Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конс­титуциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көр­сетілуі керек. Қызметін асыра пайда­лануға, әсіресе, алаяқтыққа жол беріл­мейді. Сондықтан басымдық беріл­меген жобаларға бөлінетін қаржы азая­ды. Бұл қажет шара екені айдан анық. Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керек­тігін біржола анықтап алуға тиіс.

Қазақстанда түрлі салық режимі, көптеген жеңілдіктер мен преферен­циялар бар. Оның бәрі елімізде салық офшоры сияқты ахуал қалыптастырды.

Кәсіпкерлердің екі негізгі тобы пайда болды. Олар – заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, салық салынатын табысын өзі үшін азайтып көрсететіндер және барлық салықты адал төлейтіндер.

Кәсіпкерлердің осы екінші тобы бәсекеге төтеп бере алмай жатыр. Үкімет салық төлеуден жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндердің әрекетіне орынды назар аударды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай жаппай белең алған. Заңнамадағы олқылықтар биз­несті бөлшектеуге жол беріп отырғанын мойындау керек. Бұл мәселеге Үкімет те, депутаттар да жете мән бермеген.

Тағы да әдемі көрсеткіштерге әуестеніп кеттік: елімізде екі мил­лионнан астам салық төлеуші, яғни жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тіркелген деседі. Бірақ олардың қандай кәсіпорындар екеніне, қалай пайда болғанына, қанша салық төлейтініне, тіпті оны төлеп жатыр ма, жоқ па дегенге еш талдау жасалмаған. Бірақ қазір құр кінәлаудан іс оңға баспайды. Енді ахуалды шұғыл түзету қажет. Үкімет пен Парламентке айтарым – заңнамаға жедел түрде тиісті түзе­тулерді енгізу керек. Әділ әрі тиімді салық жүйесін құру еліміздің бола­шағына, кейінгі ұрпақтың тұр­мысына тікелей әсер ететінін ұғынған жөн.

Билік бизнеске қолдау көрсетіп келді, көрсете де береді. Бұған күмән болмауға тиіс. Бірақ бизнестің өзі заңды және заңсыз болады. Біз заңды сақтау, тәртіпке бағыну керек деп жатамыз. Ендеше Үкіметтің және жал­пы биліктің қолдау шараларының игі­лігін, бірінші кезекте, адал әрі жауапты, ең бастысы, заң аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлер көруге тиіс. Олар тиісті артықшылыққа ие болады.

Салық реформасына келсек, батыл шараларды дәл қазір қабылдау керек. Әйтпесе, бұдан да зор қиындыққа тап боламыз.

Енді бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқ­талайын.

Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылады. Арнайы зерттеулер жүр­гізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ. Үкіметтің және депу­таттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келі­семін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқы­мыздың саны да салыс­тыр­малы түрде алғанда көп емес. Сон­дықтан елімізде бірыңғай уақыт бел­деуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңіл­детеді, логистика мен көптеген биз­нес-үдерісті оңтай­ландыруға сеп­ті­гін тигізеді. Осымен пікірталасты до­ға­ру қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ.

Сондай-ақ бүгін Бекзат Алтынбек­ов, одан бұрын Бақтықожа Ізмұхамбет­ов пен Светқали Нұржан қоғамдық әдеп мәселесін қозғады. Бұл өте орынды деп ойлаймын.

Қазір әлеуметтік желіде адамға тіл тигізу, ар-намысын аяққа таптау көбейіп кетті. Жалған мәлімет тарату­шылар да бар. Мұндай келеңсіз үрдіс­терді тыю жолын қарастыру керек.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық білдіріп жүр. Құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева және Олжас Сүлеймен жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанын айтты. Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ.

Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды.

Құрылтай мүшелері тағы бір жайтқа алаңдаушылық білдіріп отыр.

Соңғы кезде ел ішінде түрлі алаяқтық әрекеттер жиілеп барады. Теріс пиғылды адамдар қайырым­ды­лыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жаратады. Сон­дай-ақ көп адам интернет-алаяқ­тардан зардап шегуде. Бұл мәселе бойынша бүгін Айгүл Орынбек жақсы айтты.

Бұдан бөлек, қазір жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтар мен «коучтар» көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс.

Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар.

Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа.

Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильм­дер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильм­дердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсі­рілуде. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрларға шығармас бұрын алдын ала сараптаудан өткізу жолдарын қарастырған жөн.

Сондай-ақ жақсы мысалдар да бар. Жақында «Шоқан. Қашқария сапары» деген мультфильм шығыпты. Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп айтуға болады. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дұрыс бағытта дамыту мәселесін қолға алу керек.

Тағы бір маңызды мәселе. Маған белгілі адвокат Айман Омарова хат жолдады. Ол өз хатында күрделі та­қырыпты қозғап, әйелдер коло­ния­сындағы ахуалға тоқталды. Әсіресе, жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына баса назар аударды.

Еліміздегі қылмыстық-атқару жү­йе­сінің мақсаты сотталған азамат­тар­ды жазалау емес, түзету болуы керек деген пікірмен келісемін. Ер адам немесе әйел болсын, бас бостан­дығынан айырылғандардың бәрі заң алдында бірдей. Дегенмен адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алып, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтай отырып, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарауға болады деп ойлаймын. Құқық қорғау органдары мен депутаттар осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабыл­дау үшін ұсыныстар енгізуі керек.

Дмитрий Павленко дұрыс мәселе көтерді. Кәсіби техникалық колледж­дер жаңа мамандықтарға сұранысты және еңбек нарығындағы жағдайды ескеруге тиіс.

Сарапшылардың айтуынша, біраз жылдан соң солтүстіктегі халықтың саны едәуір азайып, оңтүстіктегі тұр­ғындар әлдеқайда көбеюі мүмкін. Бұл – өте өзекті мәселе. Себебі аймақ­тар­дың еңбек нарығында теңсіздік одан әрі ушыға түседі деген сөз. Осы мәсе­лемен Үкімет мұқият айналысуы керек.

Қостанайдағы колледждің тәжіри­бесін солтүстік аймақтарда кеңінен қолдану қажет.

Құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерді үнемі көтеріп жүр. Бәрін сынап-мінеп отыратын бәз­біреу­лер басты түйткіл – бұл емес, мемлекет назар аударуға тиіс басқа да проб­лемалар бар деуі мүмкін. Азамат­тарымыз күнделікті тіршілікте көп­теген қарапайым түйткілге тап болады. Оны елемей, назардан тыс қалдыру дұрыс емес екенін ескерген жөн. Сондықтан азаматтардың тұрмысына қатысты мәселелер өзекті болып қала береді. Біз бұл проблемаларды көте­реміз, ең бастысы, шешеміз.

Құзырлы органдарға құрылтай қарсаңындағы жұмыс секцияларында айтылған барлық мәселені мұқият қарастыруды тапсырамын. Оның кей­біріне қазір де тоқталып өтемін.

Құрметті Ұлттық құрылтай мүшелері!

Біз біртіндеп барлық салада ауқым­ды реформалар мен нақты өзгерістерді жүзеге асырып жатырмыз. Оның бәрі халықтың тілегі мен заманның тала­бына сай жасалуда. Бұл жердегі түпкі мақсат – барлығын өзгерту емес. Ең бастысы – атқарылып жатқан шаруаны оңтайландырып, оның тиімділігін арттыру.

Алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі – жекелеген бағыттар бойынша мемлекеттік аппараттың жұмысын жүйелеп, ретке келтіру. Өздеріңізге мәлім, елімізде түрлі салаға қатысты бағдарламалар мен кешенді жоспарлар бар. Биыл осындай бірқатар құжаттың мерзімі аяқталады. Әрине, оның кейбірі жалғасады, кейбірі мүлдем тоқ­татылады. Үкімет мұқият ойлас­тырып, нақты шешім қабылдауы керек.

Ел болашағы үшін айрықша маңызы бар салалар бойынша жұмыс үздіксіз жалғасуға тиіс. Мысалы, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес туралы жоспардың мерзімі биыл бітеді. Бұл құжат 2023 жылы әзірленген. Мұндай жоспар елімізге қажет екені анық. Өйткені осы қауіпті кеселге қарсы күрес – өте маңызды мәселенің бірі. Сондықтан жаңа құжатты дайын­дауға қазірден бастап кірісу керек.

Биыл балаларды зорлық-зомбы­лықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі де аяқталады. Біз әйелдер мен бала­лардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдадық. Өткен жылы барлық аймақта балаларды Психо­логиялық қолдау орталықтары ашыл­ды. Заңдарға маңызды өзгерістер енгі­зілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заң қабылданған соң ахуал біршама жақсарды. Бірақ кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін мұндай келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүр­ген адамдар жағдайды тіпті ушық­тыруда. Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысынан шет қалып отыр. Оның үстіне, осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр. Соның бәрін бір жерге жи­нақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай, «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн. Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Бұл өте маңызды құжат болмақ. Оны дайындау үшін Үкімет, Парламент депутаттары, омбудсмен Динара Зәкиева, қоғам қайраткерлері өз үлесін қосады деп ойлаймын.

Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сон­дықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды.

Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қабылдау – істің басы ғана. Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу керек. Оны алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуға тиіс. Себебі тәрбие жұмысы балаларды түгел қамтуы қажет. Сонда ғана бұл бастама жалпыұлттық ауқымға ие болады. Жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Мұның бәрі – адал азаматқа тән қасиеттер. Құрылтай мүшелері ал­дағы уақытта осы бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсынып отыр. Мен бұл ұсыныспен толық келісемін.

Құрылтай мүшелері Зүлфия Байсақова мен Бану Нұрғазиева мем­ле­кеттік әлеуметтік тапсырыстың кри­терийлерін қайта қарау және үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігін айтты.

Азаматтық сектор реформаларды жүргізу және қоғамды дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың серіктестігі өзекті мәселелерді шешуге, жасампаз құндылықтарды дәріптеуге және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тиімділігін арттыру үшін қазіргі заманның талаптарына сай келетін жеке заң керек. Әрине, заң жобасы терең және жан-жақты сараптамадан өтуге тиіс. Құзырлы органдар сарапшылар мен қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, бұл мәселемен айналысуы керек.
Біз соңғы жылдары мемлекеттік наградалар мәселесін қайта қарап, бір жүйеге түсірдік. Енді ведомстволық марапаттарды ретке келтіру қажет. Мемлекеттік органдар бұл жұмысты назардан тыс қалдырды. Нақты ереже жоқ, бәріне ортақ мәліметтер қоры да жоқ. Соның кесірінен кейбір мара­паттар орынсыз таратылып жатыр. Тіпті бір мемлекеттік органның төс­белгісін бір адам бірнеше рет алған жайттар да кездеседі.
Мекемелік марапат – нағыз білікті мамандарға ғана берілетін, сол арқылы кәсіби мәртебені көтеретін маңызды награда. Бұған бейжай қарауға болмайды. Сондықтан мекемелік марапаттардың бірыңғай стандартын және тізімін жасау қажет. Әрине, әр мекеменің өз ерекшелігін ескерген жөн. Бірақ бәріне ортақ ұстаным болуы керек. Құзырлы органдарға осы шаруаны қолға алуды тапсырамын.
Менің бастамаммен ономастика саласын ретке келтіру үшін ауқымды жұмыс басталды. Көшелер мен елді мекендерге атау беру немесе атауларды өзгерту мәселесіне келгенде жергілікті атқарушы органдар көп қателік жіберген, бұл ретте, тіпті жерлестік пен тамыр-таныстыққа жол берілген. Сондықтан бұл істі орталықтандыру туралы шешім қабылданды. Депутаттар бұл ұсынысқа қолдау білдірді. Соның нәтижесінде бізде ономастика саласындағы жұмыстың бірыңғай әрі нақты регламенті бар. Алайда тиісті рәсімдерді өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге бұл жұмыспен тиянақты айналысу керек.

Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажет.

Біздің көрнекті тарихи тұл­ға­ларымыз ұлықтауға әбден лайық. Сөз жоқ. Олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет. Бірақ ономастиканы «тарихи еңбегі» ешқандай архив құжаттарымен рас­талмаған тұлғаларды ұлықтау құралы етуге болмайды.

Тәуелсіз Қазақстанда жоғары қызмет атқарған азаматтардың өзі кеңес дәуірінің қайраткерлерін, соның ішінде ашаршылықты ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды әсіре ма­дақтаумен айналысып жүр. Бұл – өкінішті әрі түсініксіз нәрсе.

Жалпы, бұл жұмысты ретке келтіру керек. Ел тарихында айрықша рөл атқарған әйгілі бабаларымыздың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге берілген. Енді осымен тоқтайық.

Өткен заман қайраткерлерінің атын ел жадында сақтау мәселесіне мей­лінше салмақты көзқараспен қараған жөн. Қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет. Біз әдемі жер-су атау­ларын және халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды толық пайдаланбай жүрміз. Бірақ ауыл-аймақтардың тари­хи тұрғыдан ескірген атауларын өзгер­ту мәселесіне мұқият қараған жөн. Бұл жерде ешқандай науқан­шыл­дық бол­мауы керек. Халық ара­сында жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізіп, тұрғындардың пікірін ескеру маңызды.

Қазір елді мекендердің аумағы ұлғайып жатыр, қалаларда жаңа ау­дандар бой көтеруде. Осыған байла­нысты атауы қайталанатын немесе мүлдем атауы жоқ мыңдаған көше пайда болды. Бұл жағдай өрт сөн­діру­шілерге, тәртіп сақшыларына, жедел жәрдем мен басқа да құрылымдарға қиындық туғызады. Ең алдымен осын­дай көшелердің атауын ретке келтіру қажет.

Жекеменшік нысандарға атау бер­генде де жүгенсіздік болмауы керек. Кейде қала көшелерінде айтуға ыңғайсыз атауы бар тақтайшалар ілулі тұрады. Креатив деген, әрине, жақсы, бірақ қоғамдық тәртіп және әдеп нормаларын сақтау керек. Сондықтан кәсіпкерлердің де ономастика мәселе­сіне жауапкершілікпен қарағаны жөн.

Қазір депутаттар ономастика комис­сиясының келісімімен ғана жеке нысанды адам атымен атауға рұқсат беретін түзетулерді қарап жатыр. Бұл – дұрыс шешім.

Ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылық­тарын дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту – мұның бәрі ауқымды идеологиялық жұмыстың ажырамас бөлігі. Сондықтан ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат керек деген пікірмен келісемін.

Ұлттық құрылтай мүшелері – Еділ Жаңбыршин, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Гүлмира Илеуова, Андрей Чеботарев, Данияр Әшімбаев, Марат Шибұтов және басқа да азаматтар осындай ұсыныс айтты. Олар өз бастамасын іске асырып, Ішкі саясат тұжырымдамасының жобасын да әзірледі. Мемлекеттік органдар бұл жобаны жан-жақты зерделеп, барлық мәселені пысықтауы қажет. Құжатта құзырлы органдар мен мүдделі тарап­тардың қызметі бір арнаға тоғысуы керек. Онда мемлекеттік идеология жұмысының мақсат-міндеттері мен басымдықтары нақты белгіленуге тиіс.
Тұжырымдамада халқымыздың бірегей болмысын, өмір салтын сипат­тайтын жалпыұлттық құнды­лықтар мен негізгі нышандар айқын көрсетілуі керек. Бұл, ең алдымен, осы құнды­лықтар мен нышандарды қоғамда орнық­тыру, оларды кеңінен дәріп­теу және қорғау үшін қажет.

Келесі мәселе. Ұлттық біре­гей­лігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқарады. Әсіресе, төл мәдениетіміздегі Әз Наурыз мейрамының орны бөлек.

Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе, Наурыз­намадағы «Ұлттық киім күні» қоғам­ның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі меке­мелерде, сондай-ақ ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс.

Бет-жүзді тұмшалайтын қара киім­нен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Се­бебі ұлттық киім, бұл – біздің бірегей ұлт­тық болмысымыздың маңызды кө­рінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек.

Тәуелсіздік жылдарында мәдениет саласында көп жұмыс атқарылды. Классикалық және заманауи музыкаға арналған сәулетті ғимараттар салынды. Көптеген театр ашылды. Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Зал көрерменге толы, қойы­лымдардың премьерасына билеттер екі-үш апта бұрын сатылып кетеді. Сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады.

Қазір Қазақстанда 46 аймақтық театр бар. Алайда оның көпшілігінің жай-күйі мәз емес. Мысалы, Семейде бір ғимаратта үш бірдей театр сығылысып отыр. Әсіресе, аймақтарда театрларды салуға және дамытуға баса назар аудару керек. Халқымыздың мәдени әралуандығын сақтауға мүм­кіндік беретін орыс және басқа да ұлттық театрларды қолдау маңызды. Елімізде өнердің бұл түрі де табыс әкелетінін дәлелдеп жүрген жеке театрлар аз емес. Сондықтан бизнес өкілдерін аймақтағы театрларға белсене қолдау көрсетуге шақырамын.

Биыл ұлы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады.

Мен осыдан бес жыл бұрын ұлы ойшылдың туғанына 175 жыл толуына орай Семейде абайтанушы ғалым­дармен кездестім, сол кезде Абай институтын құру туралы ұсыныс айттым. Бүгінде бұл бастама цифрлық платформа форматында іске асырылды, яғни біздің диаспоралар мен басқа да шетелдіктерге қазақ тілін үйрету құралы ретінде жұмыс істеп тұр. Енді осы жобаны толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыру қажет. Бұл құрылым Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты жұмыс істеуі керек.

Абай институты негізгі серіктес елдердің бәрінде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталық болуға тиіс. Бірқатар елде, мысалы, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде осындай орталықтар ашылатын болды. Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтар ашу мәсе­лесі бойынша тиісті жұмысты жалғастыруды тапсырамын.

Тағы бір мәселе. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы белсене айналысуда. Бұл – қуантарлық жайт. Осы ұйымның бастамаларын біз тұтас қоғам болып әрі қарай қолдауымыз керек. Мәдениет дегеніміз – жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес. Бұл – ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр.

Біз ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық аясында Қазақстанның материалдық және материалдық емес мұраларын халық­аралық тізімдерге енгізуге айрықша мән беріп жатырмыз. Үкімет түрлі ұлттың барша адамзатқа ортақ білім қазынасына қосқан зияткерлік үлесін көрсететін «Әлем жады» тізіміне деректі мұраларымызды енгізу жұмысын жандандыру қажет.

Жаңа заманда біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Көптеген ел өзінің салт-дәстүрі мен қазіргі иннова­ция­ларды өзара үйлестіру арқылы дамудың даңғыл жолына түскенін тарихтан көріп-біліп отырмыз. Сол секілді біз де төл мәдениетімізді қазіргі әлемдегі шынайы жағдайға бейім­деуіміз қажет.

Бүгінгі таңда мәдениет және идеология саласы жасанды интел­лектінің ықпалымен түбегейлі өзгере бастады. Бірақ оған толық үміт артуға болмайды. Адам факторы әлі де маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Танымал сервистерге қазіргі заманғы Қазақстан туралы сурет немесе видео әзірлеуге сұраныс берсек, көбінесе шындыққа жанаса бермейтін өнім ұсынады. Әзірге интернет кеңістігінде Қазақстан туралы әлемнің кең таралған тілдеріндегі, әсіресе, ағылшын тіліндегі ақпараттар көп емес. Үкімет қолда бар орасан зор деректерді, соның ішінде мұрағаттар мен анықтамалық мәлі­меттерді, ғылыми зерттеулерді, иллюстрациялар мен фотосуреттерді, музыкалық шығармаларды және өнер туындыларын цифрлық форматқа көшіру жұмысын бастап кетті. Ұлттық цифрлық мұрағат құрып, оны еліміздегі және шетелдердегі нейрожүйе жасаушылардың еркін пайдалануына мүмкіндік беру керек.

Соңғы жылдары біз ұлттық біре­гейлігіміздің маңызды факторы – тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Бүгінгі Құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр.
Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды.

Біздің мемлекеттігіміз мыңжыл­дықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идео­логиялық науқанды бастап берді. Мұндай маңыз­ды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қы­зылорда қаласында өткізуді ұсынамын.

Осы жиында мен көрнекті қаламгер Төлен Әбдіктің жыл басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатын атап өткім келеді. Жазушы «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп, орынды пікірін айтты. Осы ретте қосымша айтарым: Өз ұлтыңды өзгелерден биік қою түптің түбінде жарға жығады. Қазақ халқы өзгелерден кем емес, бұл – ақиқат, бірақ артық та емес деп айтуымыз керек.

Қазақ халқын данышпан деп айтсақ, қателеспейміз. Дегенмен дүние жүзінде данышпан халықтар аз емес. Бұл да – ақиқат. Мұндай пікір кейбір адамға ұнамауы мүмкін. Алайда көпшіліктің көңілінен шығамын деп, тура сөзден жаңылуға болмайды. Шын мәнінде, әр ел басқа жұрттан даму деңгейіне қарай озбақ.

Жалпы, біз төл тарихымызға көк­жиегі кең, тамыры терең өркениеттік көзқараспен қарауымыз керек. Бұл – өте маңызды. Сонда ғана халқымыздың өткеніне, бүгіні мен болашағына мүлде жаңа көзқарас пайда болады.

Қазір отандық тарих ғылымының және біздің зияткерлеріміздің алдында төл тарихымыз туралы түсінікті жаһан­дық өркениет парадигмасы тұрғысынан кеңейту міндеті тұр. Ашығын айтсақ, көптеген ғалымдар мен қоғам бел­сенділері әлі күнге дейін Қазақ­станның жылнамасына ұлттың жадына жара салған тарихи оқиғалар тұр­ғысынан қарайды. Бұл жағдай төл тарихымызға көзқарас ауқымын тарылтады. Біз барынша кең әрі терең ойлауымыз қажет.

Осы сәтті пайдалана отырып, кеңестік кезеңге қатысты біржақты тал­даулар мен пайымдаулардан сақтан­дырғым келеді. Менің пікірімше, біз үшін бұл ортақ тарихтың күңгірт тұстары болды, бірақ жарқын тұстары да бар. Мұны дұрыс түсіну керек. Әйтпесе, біз әлеуметтік-саяси даму жолында салдары ауыр соғатын адасудың құрсауында қалуымыз ықтимал. Аз зерттелген немесе мүлде зерттелмеген тақырыптарды ғана зерделеу жеткіліксіз.

Біз Қазақстанды әлем өркениетінің дербес бөлігі ретінде танытуымыз керек. Қазақ халқының әмбебап әрі бірегей өмірлік тәжірибесін толық ашып көрсету маңызды. Бұл қазіргі Қазақстанның миссиясын терең түсінуге септігін тигізеді.

Көшпенділер өркениетінің бесігі болу дегеніміз – өз еліңнің өткенін есте сақтау ғана емес. Сонымен бірге, бұл – түрлі халықтар мен мәдениеттерді, дәуірлер мен кеңістіктерді ортақ игілік үшін жұмылдыру деген сөз.

Тарихымыздың әр белесі бізге бөлінуді емес, бірігуді, қиратуды емес, жасампаз болуды үйретіп келеді. Сондықтан Қазақстан Ұлы дала жүрегі ретінде бүгін де өзінің тарихи миссиясын жалғастыра беруі керек.

Көне заманнан келе жатқан көш­пенділер дәстүрі елді артқа тартатын емес, болашаққа бастайтын мықты қуат көзі болуға тиіс. Дей тұрғанмен, тарихты аңызға айналдырып, ескі заманның шырмауында қалып қоюға да болмайды. Тарихи-мәдени мұра­мызды ХХІ ғасырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеуіміз қажет. Ғылыми зерттеулер жүргізу, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, археологиялық қазба жұмыстарын жандандыру, музей ісін дамыту, шетел мұрағаттарын зерделеу, салт-дәстүрімізді жаңғырту – осы жұмыстың бәрін бір жоспарға келтіру керек.
Құрметті жиынға қатысушылар!

Біз Ұлттық құрылтайдың отырыс­тарында үнемі әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық мәселелерге қатысты маңызды шешімдер қабылдап қана қоймай, ел дамуының басқа да бағыттары бойынша басты басым­дықтарды айқындаймыз.

Аймақтардағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүм­кіндіктерге жол ашу және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою – қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі.

Биыл экономиканың нақты сек­торына жұмсалатын қаржы көлемін екі есеге жуық көбейтіп, 8 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы жылдары Үкімет нақты секторға бөлінетін қаржы көлемін 10 триллион теңгеге дейін жеткізуге тиіс. Бұл жерде бизнесті қолдаудың елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралары туралы айтылып отыр. Сондықтан биліктің, Үкіметтің биз­неске қысым көрсетіп жатқаны жөнін­дегі әңгімелер мүлде негізсіз. Бизнес әрдайым Үкімет назарында болған, алдағы уақытта да тыс қалмайды.

Қазір бүкіл елімізде ірі инфра­құрылымдық жобалар жүзеге асы­рылып жатыр. Атап айтқанда, 2025-2026 жылдардың өзінде Қашаған кенішінде газ өңдеу зауытын, сонымен бірге, «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры мен «Бейнеу – Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін іске қосу көзделген.

Үкімет Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ құрылғысына негізделген электр стансасын салуды жоспарлап отыр. Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жаңғыртылатын болады. «Кендірлі» демалыс аймағында су тұшытатын зауыт жұмыс істей бастайды. Кәсіпорын Жаңаөзен қаласы тұрғындарын ауызсумен тұрақты қамтамасыз етеді. Қарағандыда және Екібастұзда болат қорытатын зауыттар, Жамбыл облысында минералды ты­ңайтқыш өндіретін химия кешені пайда­лануға беріледі. Алматы қала­сында және Қостанай облысында авто­көлік зауыттары ашылады. «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінің және Алматы бекетін айналып өтетін темір­жол желісінің құрылысы аяқталады. «Қызылжар – Мойынты» бағытында жаңа жоба басталады. Ақтауда Каспий теңізінің жағалауындағы контейнер хабы салынып бітеді. «Қорғас – Шығыс қақпа» ЕЭА аумағында халықаралық әуежай жұмыс істей бастайды. Зайсан, Катонқарағай мен Кендірлі демалыс аймақтарында да әуежай ашылады. Каспий теңізінің ұлтанымен талшық­ты-оптикалық байланыс желісі тар­тылады, бұл қадам Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз жасауға мүмкіндік береді.

Еліміздің автокөлік жолдары желісін дамыту жұмысының мән-ма­ңызы өте зор. Осы тұста тағы бір ма­ңыз­ды инфрақұрылымдық жоба қол­­ға алынатыны туралы жариялағым келеді.

Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транс­каспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құры­лысын бастауды тапсырдым. Жаңа күрежол орталық және батыс аймақ­тардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба.

Бұдан бөлек, Арқалықтағы әуе­жайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн. Бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Елімізде машина жасау, металлургия, мұнай-химия, агро­өнеркәсіп және көлік-логистика сала­ларында мұндай жобалар аз емес.

Алдағы төрт жыл ішінде елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылып отырады. Осы арқылы біз мемлекеттің жаңа ин­дустриялық қалыбын жасап, көлік-транзит әлеуетін нығайта түсеміз.

Біздің мемлекетімізге ірі инфра­құрылымдық жобалар өте қажет. Ауқымды жобалар аймақтардың эко­но­микалық мүмкіндігін арттырады. Мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Жалпы айтқанда, ірі жобаларды жүзеге асыру – еліміздің осы аймақтағы көшбасшылық рөлін арттыратын бірден-бір жол.

Біз 2022 жылы жаңадан үш облыс құрып, осы аймақтардың дамуына күшті серпін бердік. Бұл ақыры дұрыс шешім болды. Әлеуметтік-эконо­микалық көрсеткіштер едәуір артты, инвестиция келе бастады. Соның арқасында жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасы да жақсара түсті. Дегенмен Үкімет жаңа облыстардың ахуалын бақылауда ұстауға тиіс. Оларға көмектесу қажет.

Менің тапсырмаммен Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында шекара маңындағы бірнеше аудан қалпына келтірілді. Мұны жұрт өте жақсы қабылдады. Жаңа аудандарда тіршілік жанданды, инфрақұрылым жақсара бастады. Ауылды дамыту тұжырымдамасында шекаралық ау­мақтарға қатысты жұмыстың негізгі бағ­дары айқындалған. Шеткері жатқан елді мекендердің ахуалы ел іргесінің бекем болуына тікелей әсер етеді. Бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек.

Amanat партиясы шекара маңын­дағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынып отыр. Үкіметке депутаттармен бірге бұл бастаманы жан-жақты қарастыруды тапсырамын.

Әдетте шекара маңындағы аудандар арқылы маңызды көлік-логистика дәліздері өтеді. Биыл автокөліктерге арналған 9 кеден бекетін жаңғырту жұ­мыстарын аяқтау керек. Соның нәти­жесінде мұндай бекеттердің өткізу мүмкіндігі 6 есе артады. Бұл жоба елі­міздің транзиттік әлеуетін нығайтуға едәуір үлес қосады.

Аймақтардың дамуындағы алшақ­тықты жою үшін нақты стандарттарға сүйене отырып инфрақұрылым, әлеу­меттік қамсыздандыру, экологиялық көрсеткіштер және басқа да маңызды өлшемдер бойынша артта қалған өңірлерді анықтау қажет. Орталықтың күш-жігерін осындай алшақтықты жоюға жұмылдыру керек. Сол үшін қазір Өңірлерді дамыту тұжы­рым­дамасы әзірленіп жатыр. Құжатта аймақтар арасындағы теңсіздікті жою­ға және мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға бағыт­талған тың тәсілдер қарастырылады. Өңір­лер­дің іс-қимылы нақты салаға жауапты мемлекеттік органдардың рес­пуб­ликалық деңгейде атқарып жатқан жұмыстарына сәйкес жүргізілуі қажет. Іс-шаралар үйлесімді болуға тиіс. Бұл – барлық салаға қатысты мәселе.
Мысалы, солтүстікке көктем енді келіп жатыр. Қар еріп, елді мекендерді қарғын су басу қаупі туындайды. Былтырғы тасқыннан орталық та, жергілікті билік те тиісті қорытынды жасады деген тиісті ақпаратты алып жатырмын. Жаз шыққан соң өрт қаупі күшейеді. Табиғат апаттарының алдын алу, сақтану шаралары үнемі назарда болуы керек.

Мен жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға кеңінен енгізу мәселесіне үнемі назар аударамын. Қазір қай елдің жаңа технологияларды өз пайдасына жарата алатыны, қай елдің көш соңында қалатыны анықталып жатқан шешуші кезеңге қадам бастық. Экономиканың барлық саласы және еңбек нарығы жасанды интеллектінің тікелей қаты­суымен түбегейлі өзгеріп жатыр. Адамзат тіршілігінің мәні мен қалыбы басқаша сипат алып барады. Осы орайда, инновациялар экономикасы деген жаңа құбылыс пайда болды. Онда өзгеше ойлау қабілеті, шығар­машылық тұрғыдағы жаңашылдық және әлеуметтік дағдылар алдыңғы қатарға шығады.

Жасанды интеллектіні қолдану бюджет қаражатын пайдалану тиім­ділігін барынша арттыруға, салық және кеден ісін жүргізудің сапасын жақ­сартуға, мемлекеттік сатып алу саласын оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл үрдістерінің бәрін одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сол себепті цифрландыру және жасанды интеллект мәселелерімен жеке өзім айналысып жатырмын. Шетелдік маман­дармен, кәсіпкерлермен кездесіп жүрмін.

Жүздесулердің барлығы ресми жариялана бермейді. Бірақ бұл мәселе менің бақылауымда. Таяу арада, мүм­кін жыл соңына дейін Астанада Smart city жобасы енгізілгенін хабарлаймыз. Бұл істе БАӘ, АҚШ компанияларымен ынтымақтастық орнаттық. Қытайдың құрылымдарымен де тығыз қарым-қатынас жолға қойылған. Дәл осы бағытта Қазақстан нақты прогреске қол жеткізеді деп ойлаймын.
Құзырлы мемлекеттік органдар сарапшылармен және ІТ-мамандармен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, артық шығындарды азайтуға, барлық саланың ашықтығын қамтамасыз етіп, өнімділігін арттыруға арналған тың тәсілдер іздеп тауып, оны қолданысқа енгізіп отыруға тиіс. Мен бұл мәселені ерекше бақылауда ұстаймын. Эко­номиканың барлық саласына цифрлық технологиялардың енгізілуі еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын ең басты фактор болуға тиіс. Бұл жерде цифрлық активтер индустриясы мен блокчейн технологиясын дамыту маңызды рөл атқарады. Цифрлық актив­тердің заңды айналымын қам­тамасыз ету, криптоайырбастау қыз­метін жүргізу және цифрлық майнингке инвестиция тарту үшін осы саланы реттеу ісін ырықтандыруда шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бұл қадам еліміздің осы аймақтағы цифрлық қаржы технологияларының орталығы ретіндегі рөлін арттырады. Сондай-ақ цифрлық активтердің көлеңкелі айна­лымын азайтуға мүмкіндік береді әрі салық түсімін көбейтуге септігін тигізеді. Мұнда Америка ашып отырған жоқпын, Президент Трамп басқаратын АҚШ әкімшілігі осы бағытқа ден қойды. Біз мұны ескеруіміз керек.

Қазіргі заманда экономика инно­вацияға негізделуі керек екені сөзсіз. Біз ғылымды дамыту, соның ішінде қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. Ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға, ғылым мен өндірістің байланысын күшейтуге баса мән беріліп отыр. Дегенмен Қазақстанда әлі күнге дейін бірде-бір ғылым қалашығы жоқ.

Алматы іргесіндегі «Алатау» инно­вациялық технологиялар паркінің аумағында ғылым қалашығын құру туралы идея бар екенін білемін. Үкімет осы бастаманы жан-жақты зерделеп, тиісті заң дайындауы керек. Ғалым­дардың пікірінше, тиісті тәжірибесі мен дәстүрі бар Курчатов қаласы екінші ғылым қалашығы бола алады. Бірақ мынаны ескерткім келеді: осы жоспардың бәрі шынайы есеп-қисапқа және табанды жұмысқа негізделуге тиіс. Көзбояушылық пен көпірме сөзге әбден тойдық. Енді оның сұрауы қатты болады.

Біз бастама көтеріп, кейіннен оны ұмытып кетеміз. Тіпті желге ұшады деуге болады. Бұл жазылмас дертке айналды. Жоспарда бәрі әдемі, әсіресе, оны ғалымдар түзіп жатса, бұл – жақсы. Бірақ нақты есеп керек. Оның ішінде бюджеттің мүмкіндігі ескерілгені жөн. Бастысы, осы жоспарлардың тиімді орындалуы. Сондықтан мен ұсыныстың жалпы қабылданғанын ескертіп отыр­мын. Шын мәнінде, ғылым қалашығы керек. Оларды Алматыда, Курчатовта салу ақылға қонады. Бірақ Үкімет те, ғалымдар мен салалық министрлік те нәтиже шығару қажет екенін түсінгені жөн. Біз ғалымдарды шетелде тағылымдамадан өткізу тәжірибесін енгіздік. Бірақ ғылымға мүлде қатысы жоқ ғалымдар шетел асты. Мен 78 жасында «Болашақ» бағдарламасымен оқуға барған кісіні білемін. 78 жаста қайдағы «Болашақ»? Көп істің соңы осындай түсініксіз жағдайларға ұласып кетеді.
Келесі мәселе. Туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс.

Жергілікті жердегі республикалық және халықаралық іс-шаралар өңір­лердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Биыл Таразда өтетін «Дос­тастық жәрмеңкесі» осындай жобаның бірі болмақ. Жәрмеңкеге көптеген елдің қолөнершілері мен ауыл шаруа­шылығы мамандары шақырылды. Бұл іс-шара серіктес елдермен эконо­ми­калық байланысымызды одан әрі кү­шейтеді. Сонымен қатар ең көне сауда және мәдениет орталығының бірі – Тараз қаласының беделін арттыра түседі, облысқа жаңа инвестиция тартуға және туристердің көптеп келуіне септігін тигізеді.

Жалпы, әр аймақта жұртшылық асыға күтетін әрі дәстүрге айналған осындай маңызды мәдени-туристік іс-шаралар өтіп тұрады. Оны негізінен демеушілердің қаражаты есебінен ұйым­дастырған жөн. Іс-шараларды жыл бойы жалғасатындай етіп біркелкі бөлу, бренд ретінде қалыптастырып, жар­намалау қажет. Әрбір оқиға бұ­қаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетіліп, ел ішінде және шетелдерде жұрт назарына ілігуге тиіс. Мұның бәрі адамдардың аймақтарға қызығушы­лығын арттырып, туризмді дамытуға мүмкіндік береді.

Туризм – бизнес пен экономиканың тұтас саласы. Мамандарды даярлау қажет. Табиғи байлығымен, жан-жа­н­уарлар дүниесімен бүкіл әлемге танымал еліміздің биологиялық әр­алуандығын қорғау айрықша маңызды міндетке айналды.

Кеше жұмыс секциясы кезінде «Ауыл» партиясының өкілдері киіктер туралы мәселе көтергенін білемін. Аймақтардағы шаруалардан да осыған қатысты өтініштер-хаттар келіп жатыр. Рұқсатсыз аң аулағандарға жазаны күшейту үшін менің бастамаммен 2019 жылы заңнамалық шаралар қабыл­данды. Осы және басқа да жан-жақты шаралардың нәтижесінде еліміздегі киік саны күрт артты. Қазір оларға жойылып кету қаупі төніп тұрған жоқ. Бірақ енді, басқа мәселе туындады. Ауыл шаруашылығы зардап шегіп жатыр. Эпизоотиялық ахуалдың да күрделеніп кету қаупі бар. Жалпы, экожүйеге түсетін салмақ артты. Үкіметке білікті мамандарды жұ­мылдыра отырып, осы мәселені жан-жақты зерделеуді және байыпты шешім қабылдауды тапсырамын.

Біз Балқаш көлінің айналасында Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіруге кірістік. Бұл – шаруашылық қызметке байланысты шешуге тура келетін көптеген мәсе­лемен қатар жүретін күрделі міндет. Келесі кезекте ілбістерді сақтап, оның санын көбейтуіміз керек. Адамзаттың бүлдіргі іс-әрекетінің кесірінен Каспий итбалығы, қызғылт қоқиқаз және басқа да ерекше жан-жануарлар мен өсімдіктер әлеміне қатер төніп тұр. Ащы да болса шындық осы. Біз табиғаттың осы бір сыйына барынша назар аударып, оны сақтай білуіміз қажет. Сондықтан Халықаралық биологиялық әралуандықты қорғау қорын құру керек деп санаймын.

Мен Мемлекет басшысы ретінде бұл ауқымды жұмыстың маңызы орасан зор екенін көрсету үшін осы қоғамдық ұйымға өзім жетекшілік етуге дайынмын. Бұған қоса, біз тағы бір қазынамыз – тазыны халықаралық тізімге енгізе алғанымызды айта кеткім келеді. Аң аулайтын айрықша қасиеттері бар қазақы иттің тұқымын енді бүкіл әлем біледі.

Жақында мен Парижде Елисей сарайында болдым. Франция Прези­денті Эмманюэль Макронға сыйлаған қос тазыны көрдім. Франциялықтар тазылардың ерекше қабілетіне тәнті. Сонымен бірге тазалық мәселесі әрдайым назарда болуға тиіс.

Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Бастамаға азаматтар жаппай қолдау білдірді. Акция жалпыұлттық сипатқа ие болды. Күн жылынып келеді, енді жұрт сенбілікке шығып, айналасын тазалайды. Бұл – өте дұрыс. Мен бұған дейін де айттым, «Таза Қазақстан» – жай науқан емес. Бұл әр адамның және барша халықтың күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет.

Баршаңызға мәлім, екі жыл бұрын менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы басталды. Жобаның негізгі мақсаты мектептегі орын тап­шы­лығын жою, сондай-ақ апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу болды. Ақмола облысы ұлттық жоба бойынша салынатын барлық мектептің құрылысын бірінші болып аяқтады. Аймақта 12 мыңнан астам оқу­шыға арналған жаңа білім ошақтары ашылды. Басқа облыстарда құрылыс барысы мәз емес. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры бұл жұмысты қолға алуы керек. Мен таяу арада тексеремін.

Биыл елімізде 500 мың оқушыға арналған екі жүзден астам мектеп салынады. Мына жайтты қаперде ұстаған жөн: барлық жерде тек «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салу міндетті емес. Сапалы салынған қарапайым мектептерге де сұраныс жоғары. Жуырда Талдықорғанға бар­дым. Ондағы қазақ мектебі қарапайым болса да тартымды. Осындай мектеп­терді барлық жерде салу керек. Өйткені «Жайлы мектептер» айтарлықтай қымбат, оны әр облысқа сала берудің қажеті де шамалы. Үш жылда 1300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет. Жаңа оқу жылына дейін мемлекеттік және жеке­меншік мектептің барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құралдармен жабдықталуға тиіс.

Бүкіл ел бойынша медицина инфра­құрылымын барынша дамыту жұ­мыс­тары жалғасады. Осы жылдың соңына дейін «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 188 медицина нысаны салынады. Рид­дерде көпбейінді аурухананы, Өске­менде гематология орталығын, Ақ­тауда жедел жәрдем стансасын, Ал­матыда Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығын, Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа ғимаратын пайдалануға беру қажет. 2026 жылы 32 аудандық орталық аурухананы жаңғырту, сондай-ақ Қы­зылорда және Маңғыстау облыс­та­рындағы ауруханаларды салып бітіру керек. Жұмысты аяқтау мерзімін бұзуға болмайды.

Тұрғындарға, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға бас­пананың қолжетімді болуы – тұрмыс сапасының жақсарғанын білдіретін негізгі көрсеткіш. Былтыр мемлекет осы санаттағы адамдар үшін 21 мыңға жуық пәтер сатып алды. Соңғы екі жылда бірқатар қалада (Семей, Тараз, Кентау, Орал) ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтары бой көтерді. 2026 жылдың аяғына дейін Ақтөбеде, Атырауда, Көкшетауда, Шымкентте және Тал­дықорғанда дәл осындай орталықтар ашу қажет. Бұдан бөлек, әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан ба­лаларды оңалту және дамыту орта­лықтарын құру керек. Өкінішке қарай, дүние жүзінде осындай диагнозы бар балалардың саны жылдам өсіп барады. Мұндай жағдай Қазақстанда да бар.

Аталған дертке шалдыққан бала­лардың ата-аналары Астанаға барып, ем алуға мәжбүр. Үкімет пен әкімдерге осы мәселені шешуге дереу кірісуді тапсырамын. Әр облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған ны­сандар болуы керек. Демеушілердің және «Қазақстан халқына» қорының көмегімен осы маңызды жұмыста бел­гілі бір ілгерілеу бар. Үкімет пен әкім­дер бұл шаруаны жандандыруы қажет.

Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан жыл соңына дейін осындай балаларға жан-жақты қолдау көрсету ісін реттейтін жаңа заң әзірлеу керек.

Ұлттық құрылтайдың отырыстарын әр облыста өткізудің ұтымды тұсы бар. Алқалы жиында аймақтың дамуына қатысты өзекті мәселелер де қаралады. Менің тапсырмаммен бүгінгі басқосуға Ақмола облысының бір топ азаматы қатысып отыр. Олардың ішінде арда­герлер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер мен жастар бар. Мен осы аймақтың дамуына айрық­ша мән беремін. Жалпы, облыс­тың экономикалық-әлеуметтік жағ­дайы жақсы. Бұл мәселе бойынша ма­ған әкім Марат Ахметжанов есеп берді.

Енді Ақмола облысындағы кейбір бастамалар мен жобаларға назар аударғым келеді.

Өздеріңіз білесіздер, мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Бұл – кәсіптік және техникалық білім беру саласын жаңғыртуға және жұмысшы маман­дардың қоғамдағы беделін арттыруға арналған маңызды шешім. Жастардың мүмкіндігін арттырып, кәсіби бағыт-бағдар беруге баса назар аудару қажет. Олардың сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасау керек. Бұл – өңір басшыларының бәрінің міндеті.

Жастардың заман талабына сай білім алуын қамтамасыз ету үшін Үкімет пен облыс әкімдігі Қосшы қаласында халықаралық деңгейдегі колледж ашуы керек. Қаланың Астана іргесінде тұрғанын және тұрғын­дарының саны тез өсіп келе жатқанын ескерсек, бұл – өте өзекті мәселе. Қа­зірдің өзінде алыс-жақын шетелдерге кеңінен танымал Бурабай жерінің мол мүмкіндіктері бар. Осы курорттық аймақты дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін шамамен 140 миллиард теңге бөлінеді. Қаржының жартысына жуығы – жеке инвести­циялар. Үкімет пен облыс әкімдігі құжатта көрсетілген міндеттерді са­палы орындауға тиіс.

Ең алдымен Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы инфра­құ­ры­лымды дамыту қажет. Барлық эко­логиялық талаптар қатаң сақталуға тиіс. Туристерге әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсетілуі керек. Жаңадан салынатын Конгресс-орталық Бурабай­дың бетке ұстар орны болуы қажет. Орталық іске қосылатын болса, демалыс аймағына жұрттың қызығу­шылығы да арта түседі. Сондай-ақ туристік маусымнан тыс уақытта адамдар көптеп келе бастайды. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені тыңғылықты қарастыруды тапсырамын.

Облыстың орасан зор туристік әлеуеті Шучинск-Бурабай аумағымен ғана шектелмейді. Демалыс аймағы ретінде мүмкіндігі мол Зеренді, Сандықтау, Ақкөл және басқа да жерлерді жан-жақты дамыту қажет.

Аймақтағы көрікті әрі киелі орын­дардың бәрі өзара кіріктіріліп, үйлес­тірілген ауқымды туристік кластер қалыптастыру маңызды. Бұл ретте жеке туристік нысандар салу үшін жер телімдерін бөлген кезде заңның сақталуын мұқият қадағалау керек.
Облыстағы ерекше табиғи-кли­маттық жағдай заманауи сауықтыру ке­шендерін ашуға зор мүмкіндік бе­реді. Спорттың түрлі саласынан, әсі­ресе, қысқы спорттан ұлттық құра­ма­ларды даярлау үшін өңірдегі спорт ба­заларын дамыта беру керек. Ақмола облысының өкілдері қысқы спорт түр­лері бойынша әлемдік және құр­лықтық бәсекелерден ел қоржынына жүлде салуға үнемі мол үлес қосып жүр.

Елімізде футболды дамытуға баса мән беру керек деп санаймын. Демеу­шілер қаржысы есебінен облыстық стадиондардың көпшілігін жаңғырту қажет немесе жаңа футбол стадион­дарын салуды қолға алған жөн. Бұл мәселені бақылауда ұстаймын. Әрбір облыс, аудан орталығында, кент пен ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуға тиіс. Бұл – алдағы екі жылдың міндеті. Оның орындалуын тексереміз. Сонда ғана біз бүкіл әлемге танымал әрі әлеуметтік, бұқаралық спорт саналатын осы ойынды жаңа деңгейге көтере аламыз.

Балаларды, жасөспірімдерді фут­болға қызықтыру арқылы лудомания, нашақорлық мәселесін біршама ше­шуге болады. Осы салаға жауапты министрлік, Футбол федерациясы, жер­гілікті атқарушы органдар, кәсіп­керлер клубтық футболды коммер­цияландыруға нақты кірісуі керек. Клубтар облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керек. Сондықтан мен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын. Футбол клубтары жеке­меншікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Клубтар жеке­меншік болса, шетел спортшыларын шақыру құқығына ие болады.

Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі. Соңғы жылдары мемлекет қолдауының нәтижесінде балалар спорты қарқынды дами бастады. Бірақ бұл – жеткіліксіз. Сондай-ақ бизнес өкілдері өскелең ұрпақты дене шынықтыруға және спортқа баулу ісіне зор үлес қоса алады деп ойлаймын.

Астанада шығармашылыққа арнал­ған үйірмелерді де, жекелеген спорт секцияларын да ашып, көпке үлгі болып отырған жекеменшік Балаларды дамыту орталығы бар. Бұл тәжірибені басқа аймақтарда да қолданған жөн.

Мемлекет барлық аймақта спорт инфрақұрылымын дамытуға баса мән береді.
Биыл Астанада Ұлттық спорт университетінің, Түркістанда ескек есу спортына арналған каналдың, Қызыл­ордада футбол стадионының, Жетісу облысында дене шынықтыру-сауық­тыру кешенінің, Оралда ерекше қажет­тілігі бар адамдарға арналған спорт кешенінің құрылысы аяқталады.
Биыл Көкшетауда көпфункцио­нал­ды спорт кешенінің құрылысы бас­талады. Бұл Қазақстанда теңдесі жоқ орталық болмақ. Осы жобаны арнаулы мемлекеттік қордан, яғни заңсыз актив­терді қайтару есебінен қар­жыландыру керек. Үкіметке осы мәселені пысық­тауды тапсырамын.

Үш жылдың ішінде екі триллион теңгеден астам заңсыз активтер елге қайтарылды. Бұл қаржының аймақ­тардағы өзекті экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалып жатқаны өте маңызды.

«Қуатты аймақтар – қуатты ел» ұстанымы – менің саяси бағдарымдағы мызғымас қағиданың бірі. Үкімет осы қағиданы негізге ала отырып, облыстардың еншісіндегі әлеуметтік салықты сақтап қалу туралы шешім қабылдады. Алайда облыс әкімдері бюджет қаржысын үнемдеп, тиімді пайдалануы керек. Елге пайдасы тиетін әлеуметтік маңызы бар жобаларға басымдық беру қажет. Бүгін айтылған бастамалар мен жобалар аймақтардың біркелкі дамуына ықпал етіп, еліміздің одан әрі өркендеуіне жол ашады деп сенемін.

Құрметті отандастар!

Әлемдегі ауқымды өзгерістерге баршамыз куә болып, тіпті, оған өзіміз де қатысып жатырмыз. Бұл үрдістің жалғаса берері сөзсіз. Басты халық­аралық мәселелерді шешуге қатысты жаңа пайымдар мен нарративтер, ерекше көзқарастар мен тәсілдер пайда болды. Бұрын-соңды болмаған қақты­ғыстар, ушыға түскен сенім дағдарысы, қадір-қасиеті кете бастаған халық­аралық құқық, экономикалық шайқас­тар қазіргі әлемнің басты сипатына айналды. Мұның бәрі жаңа техно­логиялық қалып орныққан, маңызды ресурстар үшін талас-тартыс күшейе түскен, өндіріс және сауда-логистика байланыстары қайта құрылып жатқан, техногендік және табиғи апаттар туын­даған кезеңге тұспа-тұс келіп отыр.

Беделді саясаткерлер мен сарап­шылар «дүние жүзі жаппай берекесіздік жайлаған немесе болашағы бұлыңғыр жаңа заманның қарсаңында тұр» деген пікір білдіре бастады. Басқаша айтқанда, әлемдегі ескі тәртіп күйреп жатыр, ал жаңа дәуірдің сұлбасы әлі нақты айқындалған жоқ.

Көз алдымызда тарихтың жаңа айналымы басталып жатыр. Жаһандану үдерісінің мән-маңызы жоғалып барады. Мемлекеттік ұлтшылдық, ық­пал жүргізетін аумақтарды бөліске салу, әлемдік саясатта аймақтарға бөліну үрдісі алдыңғы қатарға шықты.

Демократиялық моральдық делініп жүрген құндылықтар, оның ішінде ЛГБТ көптеген елге ондаған жыл бойы таңылып келді. Осындай желеумен халықаралық үкіметтік емес қорлар мен ұйымдар көптеген елдің ішкі ісіне негізсіз араласты. Оның түпкі мақсаты бар болғаны ұрлық, яғни сан мил­лиардтық бюджетті қалтаға басу екен.

«Даму мен демократия», «адам құқықтары», «баспасөз бостандығы», «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» деп ұрандатып жүргендердің бәрінің дерлік жеке байлығы жалақысының мөлшеріне еш сай келмейді. Сондықтан Президент Трамп бастаған Америка әкімшілігінің жаппай қызмет бабын асыра пайдалануға қатысты оқиғалар­ды анықтауға және «тұңғиық мемлекет» ұғымына тән саяси екіжүзділікті әш­керелеуге, дәстүрлі моральдық құнды­лықтарды қалпына келтіруге бағыт­талған жұмыстары қолдауға лайық. АҚШ-та жасалып жатқан шаруаның бәрі бүкіл әлемге тікелей әсер ететіні баршаға мәлім.

Біз тарих, дәстүр және қазіргі заман құндылықтарын әрдайым бірдей ұстанып келеміз. Жұртты саяси прагматизмге шақырып, қоғамда Заң мен тәртіпті орнықтыру маңызды екенін бұрыннан айтып жүрміз.

Қазір әлемде болып жатқан оқиғалар біздің бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетті. Әрине, шетелдегі жағ­дайды үнемі ескеріп отыру маңызды. Бірақ біз алдымен өз еліміздің ішкі мәселелеріне ден қоюымыз керек.

Біз ұлттық мүддемізді қорғау үшін алдағы уақытта да ұтымды әрі байыпты әрекет етуіміз қажет. Талай заманнан келе жатқан өкпе-реніштерден, өткенге құр мақтанудан және бәрін орынсыз сынап-мінеуден арылу қажет. Әлеу­меттік масылдық пен саяси таяздыққа мейлінше жол бермеуге тиіспіз. Шектен шығып, тым асыра сілтейтін көз­қарастарға барынша тосқауыл қойған жөн. Өйткені бұл дүние ақ пен қарадан ғана тұрмайды. Кез келген мәселеде өзгелерді айыптап, қара бұлтты төндіре беруге болмайды. Қоғам санасындағы осындай құбы­лыс­тар ұлтымызды идеологиялық және мәдени тұрғыдан әлсіретеді. Тіпті, еліміз қазіргі қатігез әлемде өзгелерге жем болуы мүмкін. Бір сөзбен айтсақ, біздің ұлттық ой-санамыз мықты болуы керек.

Жаһанды белгісіздік жайлаған бұлыңғыр заманда бәсекеге барынша қабілетті болу үшін барлық жағынан кемел ұлт болуымыз қажет. Бұл – өркениетті, икемді, мақсатшыл жұрт болу деген сөз. Біз үшін ешкім елімізді дамытып, көркейтіп бермейді. Қазақстан өз азаматтарымызға, яғни бізге ғана керек. Біз өз мүмкіндігіміз бен күш-қуатымызға арқа сүйеуіміз қажет. Сондықтан ұлт ретінде алға басуға не кедергі болса, соның бәрінен арылып, сапалы ұлт болуға тиіспіз. Елімізді жаһанға жайылып келе жатқан өзгерістерге дайындап, Қазақстанды кез келген сын-қатерге төтеп бере алатын қуатты мемлекет етуіміз керек. Бұл – менің Президент ретіндегі басты миссиям. Бұл – тұтас ұлтымызға ортақ маңызды міндет.

Әр азамат мына бір қарапайым қағиданы терең ұғынуға тиіс: бір орында тұрып қалмай, үнемі өзін жетілдіре білген адам міндетті түрде табысқа жетеді. Бәсекеге қабілетті ұлт дегеніміз – осы.
Біз қолға алған реформалар елдің дамуына зор серпін берді. Қоғамның өзгерістерге деген үмітін оятып, әділ­дікке деген сенімді қалпына келтірді.

2019 жылдан бері Қазақстан экономикасының нақты өсімі 15,6 пайыз болды. Еліміздің ішкі жалпы өнімі 288 миллиард долларға жетті, ал жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 46 пайызға дейін артып, 14 мың доллардан асты. Сыртқы сауда айналымы 45 пайызға жуық өсіп, 140 миллиард доллар болды. Негізгі капи­талға салынатын инвестиция бір жарым есеге ұлғайды. Былтыр оның көлемі 19 триллион теңгеден асты. Инвестиция білім-ғылым саласына 5 еседен астам, көлік саласына 3 есеге жуық, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласына 3,5 есе көп салынды. Осы уақытта 500-ден астам мектеп бой көтерді. Көптеген денсаулық сақтау, спорт және басқа да әлеуметтік нысандар ашылды. 4400 шақырымға жуық автокөлік жолдары салынды және жөнделді. Жаңа темір жол желілері пайдалануға берілді. Ондаған өндіріс орны іске қосылды. Мемлекет ауыл еңбеккерлерін қол­дауды барынша күшейтті. Былтыр күзде 27 миллион тонна астық жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Кәсіпкерлікті дамытуға әрдайым баса назар аударылады. Тұрғын үй құрылысының қарқыны едәуір өсіп, былтыр 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл да – бұрын-соңды болмаған жетістік.

2019 жылдан бері елімізде 250-ден астам жатақхана салынды. Соның нәтижесінде орын тапшылығы 6 есе қысқарды. Студенттер саны ұдайы көбейіп, жоғары оқу орындарында 624 мың азамат білім алып жатқанына қарамастан, осыған қол жеткізе алдық. Бұл – жоғары көрсеткіш.

Еліміздің 90 мыңнан астам азаматы шетелде оқиды. Бұл біздің қоғамның ашықтығын көрсетеді. Азаматтарымыз демалу үшін шетелге жиі шығатын болды. Біздің көк төлқұжатымыз әлем­дегі 92 мемлекеттің аумағына визасыз емін-еркін кіруге мүмкіндік береді. Қазақстан – халықаралық аренада зор құрметке ие мемлекет, біздің елімізді «орта держава» деп атайтын болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық орталығын ашу туралы қарар қабылдады. Осы шешім еліміздің әлемдегі ықпалы мен беделі зор екенін аңғартады. Бұл деректер бәріміз бір ел болып атқарған жұмыс­тың бір парасын ғана көрсетеді.

Біз барлық сын-қатерді сенімді түрде еңсеруді және мәселенің бәрін байыппен, іскерлікпен шешуді үйрен­дік. Ешқашан популизмге, менмендікке және жалған ұранға жол берген жоқпыз. Әрдайым әділ диалог орнатуға ұмтылдық, қиындықтар пен қауіп-қатерлерді жасырмай, турасын айттық. Нақты ахуалды боямасыз көрсеттік, бос уәде де берген жоқпыз. Ащы шындық бәріне бірдей ұнай бермейді. Бірақ мұндай қадам жағдайға тура қарап, жалған үмітке алданбау үшін керек. Әдемі сөйлеп, уәдені үйіп-төккендер емес, мақсат жолында үздік­сіз алға ұмтылып, жұртқа жаға бермесе де, аса маңызды шешім қабылдай біле­тіндер табысқа жетеді. «Еңбек жолы мұратқа жеткізеді». Бұл – біз атқарып жатқан жұмыстың басты қағидасы.

Қазір геосаяси ахуал ушығып тұр. Мұндай кезде ел бірлігін, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Бұл – тұрақты дамуға қажетті ең басты шарт.

Еліміз терең әрі жан-жақты рефор­маларға енді ғана кірісті. Алдымызда күрделі жол тұр. Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек. Алдағы бірнеше он жылдыққа көз тігіп, ауқымды шаруаларды кезең-кезеңімен атқаруымыз қажет. Біз ұзақ мерзімге арналған мақсатқа ұмты­луы­мыз керек. Келешегіміз қандай болуы керек екенін нақты білуге тиіспіз. Себебі дұрыс мақсат қоя білсек қана, табысқа жете аламыз.

Тәуелсіздігіміздің 40 жылдығы жақындап келеді. Осы маңызды бе­леске қандай жетістікпен жетерімізді, оған дейін қандай тарихи міндеттерді орындауға тиіс екенімізді нақты білу маңызды. Біз шындыққа тура қа­рауы­мыз керек. Еліміз бәрінен оза шауып, барлық салада және барлық бағытта бірінші қатарда бола алмай­тынын түсінуіміз қажет. Сондықтан біз өзі­міздің басқалардан басым түсетін мық­ты тұстарымызды жақсы білуге тиіспіз.

Меніңше, Қазақстанның кемінде төрт салада орасан зор мүмкіндіктері бар. Атап айтқанда, цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасы­малы, энергетика, агроөнеркәсіп ке­шені салаларында елімізді қамта­масыз етіп қана қоймай, аймақтық, тіпті, жаһандық ауқымда ықпалымызды жүргізе аламыз. Бұл қатарға адам капиталын да қосуға болады.

Цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану ісінде еліміз зор жетістікке жете алады. Біз қазірдің өзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Электронды үкіметтің даму деңгейі жөніндегі рейтингінде 190 мемлекеттің ішінен алғашқы 25 елдің қатарына кіріп тұрмыз. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға еш болмайды. Қазақстанға келген шетелдіктерді мұндағы электр­он­дық жүйенің айтарлықтай дамуы таңғалдырады. Жоғары технологиялар экономиканың және мемлекетті бас­қару ісінің барлық саласын да­мытуға тың серпін беріп, алға бастайды. Үкімет озық цифрлық тәсілдерді және жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін қолайлы орта қалыптастыруға арналған жұмысты еселеп күшейтуге тиіс. Біз мәліметтерді сақтайтын және өңдейтін мықты желі түзіп, техно­логиялық өнім­дерді жаппай экспорт­тауға кірісуіміз керек. Цифрландыру ісін табысты жүргізу және жасанды интеллектіні жаппай енгізу еліміздің энергетикалық әлеуетіне тікелей байланысты.

Әлемнің цифрландыру ісіне және жасанды интеллектіге негізделген жаңа технологиялық қалыпқа көшуі энергияны көп қажет ететін үдеріс екенін түсіну керек. Мұндай жағдайда аймақтағы және дүние жүзіндегі энер­гия тапшылығы үздіксіз арта береді. Сондықтан Қазақстан өзін электр қуатымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, оны әлемдік энер­ге­тика нарығына да экспорттайтын ірі елге айналуы керек. Бұл – уақыт талабы.

Азаматтарымыз референдумда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешімге қолдау көрсетіп, осы стратегиялық міндетті орындауға жол ашып берді. Бұл қадам алыс болашақтағы ахуал қалай болатынын ескере отырып, энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді. Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалып­тастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен, дәл сол себепті, Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есеп­теймін. Осы міндеттің айрықша маңыз­ды екенін ескеріп, мен Президент жанын­дағы Ядролық энергетика агент­тігін құру туралы шешім қабылдадым.
Біз газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерімізді, сондай-ақ жаңар­тылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Бұған кешенді көзқарас қажет.

Жер көлемі жөнінен әлемде то­ғызыншы орын алатын еліміздің, жалпы, көлік-транзит саласында зор мүм­кіндіктері бар. Бұл – айрықша назар аударуды талап ететін стра­тегия­лық бағыт. Дүниежүзілік сауда-сат­тыққа тікелей байланысты бол­ғандық­тан оған барлық әлемдік держа­валар көңіл бөледі. Қазір халық­аралық қаты­нас көлік-логистикалық бағыттар мен мүмкіндіктерді дамытуға ден қояды. Бұл іспен айналысуға біздің геогра­фия­лық орналасуымыз ықпал етіп отыр.

Қазақстанды Еуразияның көлік-логистикалық хабына айналдыруға көп күш жұмсауымыз қажет. Бұл міндеттің де стратегиялық сипаты басым.

Қазақстанның ауыл шаруашы­лы­ғындағы әлеуеті зор екені белгілі. Енді соны тиімді пайдаланатын кез келді.

Еліміздің әуелгі мүмкіндіктеріне қарасақ, біз әлдеқашан әлемдегі ал­пауыт аграрлық мемлекеттің бірі болу­ға тиіс едік. Бірақ ауыл шаруа­шы­лығына қажетті қаржы салынған жоқ. Оған қоса бұл салада жемқор­лықпен айналысатын алаяқтар белең алды. Олардың ішінде мемлекеттік қыз­мет­шілер де болды. Жалған мәлі­меттердің кесірінен мемлекет қағаз жүзіндегі мал санына жылдар бойы субсидия төледі. Қазір қордаланған мәселенің бәрін шешіп, агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеру үшін көп жұмыс жасалып жатыр. Біз алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе көбейтіп, осы саладағы еңбек өнімділігін үш есе арттыруымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет.

Қазақстан 10 жыл ішінде бидайды терең өңдеп, дайын өнім өндіретін және оны әлемдік нарыққа шығаратын ең үздік он елдің қатарына қосылуға тиіс.

Мен «Біздің басты күшіміз – адам және оның жасампаздық әлеуеті» деп үнемі айтып келемін. Өйткені білімді, еңбекқор әрі мақсатшыл азаматтар елімізді табысқа жеткізеді.

Қазақстанда азаматтарға дүниеге келгеннен бастап өмір бойы жәрдем беретін тиімді мемлекеттік қолдау жүйесі бар. «Ұлттық қор – балаларға» және «Келешек» бағдарламалары, тегін орта білім, колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алуға бөлінетін өте көп гранттар – мұның бәрі өскелең ұрпақтың қадамы нық болуына септігін тигізетін сан алуан шараның бір бөлігі ғана.

Адамға салынған инвестиция –мемлекеттің ең сенімді әрі дұрыс салымы. Біз білім-ғылым, медицина, спорт, креативті индустрия салаларына қомақты қаржы бөлуді жалғастыра береміз. Азаматтардың өзін жан-жақты дамытуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Себебі қазіргі заманда жекелеген адамдардың табысты болып, бақуатты өмір сүруі нағыз қуатты мемлекеттің көрсеткіші саналады.
Мен жоғарыда атап өткен басым­дықтар, яғни ірі инфра­құрылымдық жобалар, цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік транзиті мен энер­гетика, агроөнеркәсіп секторы және адам капиталы Қазақстанның жаңа әлемдегі орнықты дамуына жол ашатын негізгі факторлар болатыны анық. Тағы да қайталап айтамын: қазір адамзат жаңа дәуірдің сипаты айқындалатын тарихи жолайрықта тұр. Алға қарай қарыштап дамуға Қазақстанның мүмкіндігі жетеді.

Қазір жер шарының тұрғындары қартайып бара жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанды жас әрі білімді азаматтардың елі деп айтуға болады. Біз еліміздің әлеуетін нығайта түсуіміз керек, яғни азаматтардың мұң-мұқ­тажына құлақ асатын және ең бастысы, мәселені тиімді шеше алатын әлеуеті мықты ел болуымыз қажет. Сондықтан білім мен инновацияға негізделген дамыған әрі жоғары технологиялық экономика құруға тиіспіз. Мұның бәрі азаматтар үшін жасалады. Себебі адам – біздің мемлекетіміз үшін ең басты құндылық.

Біздің ұлтымыздың арман-мұраты Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстанды құру идеясынан бастау алады. Біз баршаға және әркімге зор мүмкіндік беретін мемлекет құрып жатырмыз. Бұл – әр азамат өз қабілетін шыңдап, адал еңбегімен отбасын асырай алатын ел болу деген сөз.

Заң мен тәртіп – біздің мызғымас тұ­ғырымыз. Бұл, ең алдымен, еліміздің әр азаматына және барша халқымызға ортақ тәртіп. Ал біздің идеологиямыз – қарапайым әрі түсінікті. Бұл – жаһан­дағы аса күрделі геосаяси ахуалда елі­мізді жаңа даму деңгейіне көтеру үшін берік негіз қалау деген сөз. Мемле­ке­ті­міздің тағдыры мен ұлтымыздың бере­келі өмірі осыған тікелей байланысты.

Құрметті жиынға қатысушылар!

Сіздер Ұлттық құрылтай аясында көптеген бастама көтеріп, игі істерге ұйытқы болып жүрсіздер. Отаншыл аза­маттардың арқасында еліміз тұ­рақты дамып келеді. Баршаңызға тағы да шынайы ризашылығымды біл­діремін.

Бүгін өзекті мәселелер талқыға түсті, біз бұл мәселелер бойынша тиісті шешімдерді қабылдадық. Алдағы уақытта да осылай береке-бірлікте бо­лып, еліміздің болашағы үшін маңыз­ды жұмыстарды бірге атқара береміз деп сенемін!

Ораза қабыл болсын!

Баршаңызға амандық тілеймін!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<