Аманкелді ауылында игі бастама жүзеге асты. №42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектептің 2006 жылғы түлектері туған жерге тарту ретінде ауыл кіреберісіне жаңа сәнді қақпа орнатты. Салтанатты шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, ауыл ардагерлері мен тұрғындары қатысты.
Шара барысында аудан әкімі түлектердің туған жерге деген жанашырлығын жоғары бағалап, бұл бастама елге деген құрмет пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ауылдың жаңа қақпасы ұрпақтар сабақтастығы мен ауызбіршіліктің символы екенін жеткізді.
Игі іске ұйытқы болған 20 жылдық түлектер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Мырзағали Кенбаев ауыл тұрғындары атынан алғыс білдірсе, түлектер атынан Асылхан Піржанов сөз сөйлеп, туған елге қызмет ету – үлкен мақтаныш екенін айтты.
Шара соңында жаңа қақпаның лентасы қиылып, ауыл ақсақалдары түлектерге ақ батасын берді.








