«Көңілдегі көрікті ой, ауыздан шыққанда өңі қашады»

413

0

Сурет ашық дереккөзден

Қазақ – сөз қадірін өз қадірім деп бағалаған. Кеңдігін де, елдігін де, кемеңгерлігі мен көсемдігін де сөзге сыйғызған. Оның тарихы да, тағдыры да, тәлімі мен тәрбиесі де, даналығы мен дала көңілі де сол сөзде жатыр. Ауыздан шыққан әр лебізге, пікірге жауапкершілікпен қараған.

Анығында «оттың шаласынан сөздің шаласы жаман» деп түсінген. Шектен шыққандар болса «жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табады» деп ескертіп отырған. Одан бөлек, ата-бабамыз «он бәленің тоғызы тілден» деп сақтандырғанын білесіздер. «Тіземмен сүріндірсең де, тілімнен сүріндіре көрме» дегенді айтқанда солар. Тілді аса жоғары бағалағанын, сөзді құдіретті деп танығанын халықтың осындай қазыналы сөздерінен аңғаруға болады.

Бәріміздің санамызда орныққан тілді қолдана білу дағдымыз – сөз саптау. Сөз саптауымыз дұрыс болу үшін, алдымен, бүлдіршін жастан-ақ тілдің сөз байлығы, грамматикалық құрылымы мен дыбыстық жүйесі адам санасында мықтап орнығуы тиіс. Бұндай жерде, ең алдымен, халық әдебиетінің үлгілері – ертегі, өлең-жыр, аңыз-әңгіме және көркем әдебиет тілі арқылы орнығады. Қазіргі жас буын оқып-үйренуден гөрі компьютерге иек артып алған. Бұндайда шығармашылық қабілеттің отыз пайызы жоғалады. Бұл – шындық. Өйткені, кітап оқу, радио тыңдау мидың «елестетуіне», сезімді ой елегінен өткізуге, яғни мидың жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Компьютер жұмысты жеңілдететін теңдесі жоқ техникалық құрал, бірақ шығармашылық құрал емес. Мектепке барған баланы бірінші сыныптан бастап, мектеп бітіргенше тест арқылы оқытып, білімдерін бағалайтын қазіргі оқу жүйесі баланы ойланып сөйлеуге, өз пікірін жүйелі жеткізуге баулымайды. Әсіресе тіл-әдебиет, тарих сияқты пәндердің өзін тест тапсыруға бағыттау – қазіргі жастардың айтар пікіріне салғырт қарауын қалыптастырып жатқан тәрізді.

Айтар ойының тереңдігі мен салмақтылығына мән бермей айта салатындар көбейді. Әйтпесе, тіліміз кедейленіп, шешендігіміз кеміп жатқан жоқ. «Құнды сөз құнарлы ойдан шығады» демекші, бар пәле ойлау машығымыз бен дағдымыздың дұрыс қалыптаспайжатқандығында болып отыр. «Иә, тіл ақылдың өлшемі. Сондықтан бет алды бос сөйлемей, біреулерді дәйексіз кінәламай, өсек сөзге жоламай, «сөйлегенше сөзіңе өзің қожа, сөйлеген соң – өзіңе сөзің қожа» дегенді есте ұстаған жөн болады.

Балауса Сыздықова,

 журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<