Суармалы жер – сырдың байлығы

269

0

Бейсенбі күні ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында Қызылорда облысында егін шаруашылығын дамытуды қолдау жөнінде ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолданды. Депутаттық сауал оқырман назарына ұсынылып отыр.

Құрметті Олжас Абайұлы!

Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында: «Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен   2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді» деген болатын.

Осы орайда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және суармалы егіншілік өнімділігін арттыруға ғылыми  негізделген, инновациялық агротехникалық шараларды енгізу арқылы ғана қол жеткізуге болатыны анық.

Арал өңірінде орналасқан Қызылорда облысында экспорттық әлеуеті зор саланың бірі  – күріш шаруашылығы екені белгілі.

Соңғы статистика өңірде күріш өнімділігінің өсіп келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен, ғылыми талдауларға сүйенсек, күріш өнімділігінің артуы үшін жоғары өнімді, сапалы тұқыммен, тыңайтқыштармен және арнайы препараттармен қамтамасыз етудің маңызы ерекше. Осы орайда, Сырдағы көптеген күріш шаруашылықтары өндіріс рентабельділігі мен еңбек өнімділігін арттыру мақсатында минералды тыңайтқыштар мен арнайы препараттарды, ауыл шаруашылығы техникалары мен тіркеме қондырғыларды, күріш тұқымдарын тікелей шетелден әкелуге  мәжбүр. Алайда, шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы жабдықтары мен сервистік қызметтері өте жоғары.

Сырдағы егін шаруашылығының кезекті проблемасы – ғаламдық климаттың өзгеруінен пайда болған су тапшылығы. Бұл жағдайда суды көп пайдаланатын күріш дақылынан бас тарту қажет деген пікірлер де туындауда. Жергілікті ғалымдардың айтуынша, бұл жаңсақ пікір. Себебі, Қызылорда облысындағы егін алқаптарының топырақ-мелиоративтік, гидрогеологиялық жағдайын және қазіргі экологиялық ахуалды күрделендірмеу үшін топырақты кезең-кезеңімен сумен шаю қажет.

Күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының зерттеулері бойынша Қызылорда облысындағы күріш егісін, тіпті, су тапшылығы жағдайында да мелиорациялаушы дақыл ретінде кемінде 80  мың гектар деңгейінде ұстап тұру маңызды. Өйткені, күріш егісін одан әрі қысқарту инженерлік дайындалған жерлердің тұздануын апаттық деңгейге дейін өсіріп жіберуі мүмкін және ол жерлердің ауыл шаруашылығы айналымынан шығуына әкеледі.

Бүгінгі күні күріш институтының ғалымдары жаңа күріш сорттарын шығарудан бөлек, малазықтық басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын шығарып, олардың су, ресурс үнемдегіш технологияларын өндіріске ұсынуда.

Дегенмен, арнайы бюджеттік бағдарлама бойынша қаржыландыру деңгейінің төмендігіне және селекциялық техникалардың болмауына байланысты Күріш институтының мүмкіндігі толық пайдаланылмай отыр. Яғни, күріш дақылының жаңа сорттарын шығару және су, ресурс үнемдегіш технологияларын жасау үшін өндіріске ұсынуға бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бөлінетін қаржының көлемін ауыл шаруашылығы секторы тиімді елдердегі көрсеткіш деңгейіне дейін жеткізу қажет. Мысалы, көрші Ресейде мемлекеттің қолдауымен күріш сорттары үнемі жаңартылып, жылына 5-7 жаңа сорт пайда болады. Бүгінгі таңда Ресей шаруашылықтары күріштің 40-қа жуық өзіндік сорттарын пайдаланады, олардың өнімділігі біздегіге қарағанда 2 есеге артық және түпкі нәтижеде рентабельділікке әсер етеді.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі» деп атап көрсетті. Осы орайда, Арал өңірі аймағындағы экологиялық хал-ахуалмен тығыз байланысты күріш өндірісін дамыту және оны жақсарту мақсатында ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру және күріш пен күріштік ауыспалы егістегі әртараптандыру дақылдарының жаңа сорттарын жасауды жылдамдату, күріш шаруашылығының су және ресурс үнемдейтін технологияларын әзірлеу үшін Күріш институтының ғылыми-техникалық инфрақұрылымын қайта жаңғырту қажет.

Құрметті Олжас Абайұлы, аталған мәселелердің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескеріп, мынадай кезек күттірмес шараларды:

1) Аймақтағы егін шаруашылығын тұрақты дамыту және саладағы проблемаларды шешуге бағытталған ұсынымдарды дайындау үшін ұсынылған Мемлекеттік инвестициялық жобаны қолдауды және институтты ғылыми кадрлармен қамтамасыз етуге мемлекет тарапынан қаражат бөлуді;

2) елімізде конкурстық негізде бөлінетін ғылымды бағдарламалық – нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстық құжаттаманың ғылыми-техникалық тапсырмасына               өңірдегі суармалы егін жағдайында су тапшылығына бейімделген күріш және басқа әртараптандыру дақылдарының жаңа сорттарын шығарумен қатар, оларды өсіруде су және ресурс үнемдегіш агротехникаларды анықтауға, суармалы алқаптардың топырақ құнарлылығын арттыруға зерттеулер жүргізуді арнайы енгізуді;

3)  Сыр өңірінде су тапшылығы күшеюі жағдайының және   инженерлік жүйедегі 178 мың гектар ауыспалы егістік аумағында қайта тұздану процесінің алдын алу мақсатында Күріш шаруашылығы, Топырақтану және агрохимия, Өсімдік қорғау және карантин, Микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу институттарының бірлескен кешенді ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуді;

4) Сыр өңірінде жерасты суларын егін шаруашылығына пайдалану мүмкіндіктерін зерттеп, ғылыми ұсынымдар әзірлеуді жедел қабылдауға қолдау білдіруіңізді сұраймыз.

Руслан РҮСТЕМОВ,

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

Сенат депутаттары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<