Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметтің жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеу, жеңілдетілген мөлшерлемемен несие беру, «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде салынатын үйлерді ұлғайту туралы тапсырма беріп, 2022 жылға қарай осы мақсаттарға 240 млрд теңгеден астам қаржы бөлуді міндеттеген болатын.
Иә, осының барлығы бірінші кезекте атқарылатын ауқымды жұмыстар қатарына жатады. Қазақстан қазір шын мәнінде әлемдегі халықты әлеуметтік қолдау жөніндегі қабылдаған шаралар бойынша санаулы мемлекеттердің қатарына кіреді. Сарапшылардың пікірінше, тұрғын үймен қамтамасыз ету көптеген қолдау шараларының қатарында ең маңызды болып табылады.
Сыр өңірі құрысшылары соңғы жылдары еңбек қарқынын еселей түсуде. Осының нәтижесі болса керек, аймақ сала жұмысы жөнінен еліміз бойынша алдыңғы қатарға шықты. Олардың еңбегін мыңдаған тұрғын үйлер мен қызмет көрсету ғимараттарынан, мектептер мен балабақша, ауруханалар мен емханалар, мыңдаған шақырым жолдардан байқауға болады.
Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы осы саланың дамуына тікелей байланысты. Бүгінде өңірімізде құрылыс индустриясы қарқынды дамып, ел экономикасының, оның ішінде тұрғындардың әлеуметтік әлеуетінің артуына айрықша ықпал етіп келеді. Саланың өркендеуін облыс орталығы – Қызылорда қаласы аумағының өсуінен, аудан орталықтары, ауылдар мен елді мекендерге салынған әлеуметтік объектілер мен тұрғын үй құрылыстарынан, жолдардан байқауға болады. Мұнан 75 жыл бұрын облыста құрылыс саласында бір ғана мекеме болса, қазір олардың саны артты. Бұлардың ішінде құрылыс салуға тапсырыс беретін, сәулеті мен жобасын келісетін, құрылыс-монтаж жұмыстарының, материалдарының сапасына бақылау жасайтын, құрылысты жобалайтын мекемелер бар. Барлық аудандар мен қала әкімдіктері жанында құрылыс, сәулет және коммуналдық шаруашылық бөлімдері құрылған.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бүкіл еліміздегі сияқты Сыр өңірінде де құрылыс атаулы тоқырады. Соның ішінде, тұрғын үй салу жұмыстары өте баяулады. Тіпті, мамандар да қажет болмай қалды. 80-жылдардың ортасында басталған «Мерей» шағын ауданының құрылысы 2004 жылы тоқтады. Арал теңізінің тартылып, экологиялық апат аймағына айналуы бүкіл дүние жүзін алаңдатқан оқиға болды. Елбасының тікелей қолдауымен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасы дүниеге келіп, «Көкарал» бөгеті тұрғызылды, «Ақлақ» су тоспасы салынды. Кіші Арал теңізі сақталып, елдің ризық-несібесіне айналды. Аймақта балық шаруашылығы өркендеп, балықшылар атакәсібіне қайта оралды. Жағалаудағы елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Бүгінде Аралда бұрынғы Кеңес заманында болмаған жаңа технологиямен балық зауыттары жұмыс істеуде. «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» темір жол желілерінің құрылысы жүргізіліп, Сексеуіл арқылы өтетін теміржол бойында көптеген нысандар ашылды, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды.
Соңғы жылдары облыс аумағында бірқатар әлеуметтік маңызды нысандар пайдалануға берілді. Жалғыз баспанасы апатты деп танылған отбасылар жаңа шағын аудандардан пәтер алды. Аймақтың құрылыс индустриясын өрге сүйреп келе жатқан ірі әрі қуатты құрылыс компанияларының қатары жыл өткен сайын көбейе түсуде.
Сол кезеңде Сұлтан Бейбарыс, Жаппасбай батыр көшелері бойындағы, Тасбөгет кенті, Титов қыстағы, «Сырдария», «Астана», «Арай», «Арай-2», «Нұр Орда», «Ипподром», «СПМК» жаңа шағын аудандары мен тұрғын үй кешендерінің құрылысы кең өріс алды. Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында қабылданған «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында қаланың бірқатар елді мекендерінде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде 57 скважина іске қосылып, облыс орталығы – Қызылорда қаласы толықтай жерасты су көзіне қосылды. Облыс аудандарында бұл орайда көптеген жұмыстар атқарылды. Елді мекендер сапалы ауызсуға қосылуда.
2016 жылы аумағы 980 гектарды құрайтын толықтай инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз етілген «Бәйтерек» жаңа шағын ауданы ашылып, жер кезегінде тұрған 6 мыңға жуық азаматқа жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер бөлінді.
Құрылыс материалдары өндірісімен айналысатын, темір-бетон, қыш, металл-пластик, ағаш, түрлі аяқжол және аллея төсеніштерін, тағы басқа да қажеттіліктерді шығаратын зауыттар мен өнеркәсіп орындары бар. Республика бойынша барлық аудандары мен елді мекендерінің бас жоспарлары бекітілген облыстың бірі – Қызылорда. Қаланың бас жоспарына біршама өзгеріс енгізіліп, аумағы 9 мың гектарға кеңейіп отыр. Бұл да аймағымыздың дұрыс бағытта дамып, өсіп келе жатқанын білдіреді.
Құрылыс дегеніміз – ауытқуына ешқандай жол берілмейтін стандарттардың, нормалар мен ережелердің толықтай жиынтығы. Себебі, таразы басында сол ғимараттарда өмір сүретін, жұмыс істейтін адамдардың тағдыры тұр. Мұны құрылысшы мамандығын таңдаған адам ғана түсінеді. Қазір қарап отырсаңыз, Қызылорда құрылыс алаңына айналғандай…
Ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылар қауымының еңбегі ерен. Миллиардтаған теңгенің ірі жобалары құрыш қолды азаматтардың табандылығының арқасында жүзеге асырылуда. Заманауи мектептер мен балабақшалардың бой түзеуі, денешынықтыру кешендерінің салынуы, жылдар бойы армандап келген тақтайдай тегіс жолдардың ауылдарға дейін жетуі – бәрі-бәрі құрылысшылардың қолымен тындырылып жатқан игі істер. Соңғы 6 жылда бұрынғы аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен облыс бойынша 200-ден аса әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Ал биыл 23 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Өткен 8 айда 3 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Олар – сол жағалаудағы Жастарға қызмет көрсету орталығы, қайта жаңғыртылған Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадион және Арал ауданы Шижаға елді мекеніндегі 100 орындық ауылдық клуб.
Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес облыс құрылысшылары Түркістан қаласына сый ретінде халыққа қызмет көрсету кешенінің (Шығыс моншасы) құрылысын жүргізуде және оны жыл аяғына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Түркістан облысы Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдан кейін қаланы қайта қалпына келтірудегі Сыр құрылысшыларының ауызбіршілігі мен ерліктерін ерекше атап өтуге болады. Арыс қаласы 17 аумаққа бөлініп, біздің облысқа бөлінген 6-аумақта 267 тұрғын үйді қайта қалпына келтіру тапсырылған еді. Бір үйдің баласындай жұмыла кіріскен Сыр құрылысшылары өздеріне жүктелген жауапты істі абыроймен атқарып, 1 ай ішінде 267 тұрғын үйге толық жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың алғысына ие болды. Арыстағы жұмыс қарқыны облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың тікелей бақылауында болғанын атап өткіміз келеді.
Қызылорда сәні мен салтанаты жағынан өзге қалалардан кем түспейді. Бұл ретте Сырдарияның сол жағалауын ерекше атап өтуге болады. Қазірдің өзінде сол жағалауда 18 көпқабатты үйлерден тұратын шағын аудан, балабақша, жастарға қызмет көрсету орталығы, «Болашақ» университетінің кампусы, 1925 жылы «Қазақ» деген атауды қайтару туралы тарихи қаулы қабылданған бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызбасының негізінде салынған «Рухани жаңғыру» орталығы ғимараттары бой көтерді.
Биылғы жылы 4 әлеуметтік нысан ел игілігіне беріледі. Тағы 23-нің құрылысы жүргізілуде. Соңғы 6 жылда тұрғын үйді пайдалану көлемі 2,5 есеге артты. Осы уақыт аралығында қаламызда жаңа 10 шағын аудан, 5 тұрғын үй кешені пайдалануға беріліп, 8 мыңға жуық адам жаңа баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы және инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға республикалық бюджеттен 12,9 млрд теңге бөлінді. Жалпы бағдарлама аясында биыл облыс көлемінде барлық қаржыландыру көздерінен 1862 пәтерді құрайтын 43 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарлануда.
Мемлекетіміз өз азаматтарының баспанамен қамтылуына, бақытты болуына мүдделі. Тұрғын үй құрылысы – тек мақсат қана емес, ел экономикасының өрлеуіне серпін беретін зор күш. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын барынша қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында халыққа бастапқы жарнасыз алуға мүмкіндік беретін «Орда» жол картасы іске асуда. Сонымен қатар, «Баламекен» жобасы шеңберінде 100 отбасы «Болат Өтемұратов қорының», ал қалған 50 отбасы жергілікті бюджет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілуде. Маусым айында 100 пәтерлі 50 үйдің құрылысы пайдалануға берілді. Бұған қоса «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылуда.
Облыста мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғын үй салу алдағы жылдарда да өрісін кеңейте беретін болады.
Ж.ӘЛМАХАН.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<