Облыс әкімдігінің баспасөз орталығында орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғалымжан Орақбаевтың қатысуымен брифинг өтіп, Президент Жолдауынан туындаған міндеттер мен алдағы жоспарлар, биылғы тоғыз айда атқарған жұмыстар туралы баяндады.
Есепті мерзімде табиғат қорғауда заң бұзушылықтың 516 дерегі тіркелген. Балық және аң аулау ережелерін бұзғаны үшін 361 тұлғаға 4337,5 мың теңге айыппұл салынған.
– Облыс көлемінде аумағы 6509,8 мың гектарды құрайтын 8 орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі бар. «Ормандарды сақтау және республиканың орманды жерлерін көбейту» жобасы аясында Қазалы қаласында ғылыми-зерттеу стансасымен бірге орман тұқымбағы салынды. Тұқымбақтың жалпы жер көлемі 32 гектар. 21 гектар жерге тамшылатып суғару жүйесі жүргізілген, – деді инспекция басшысы.
Сондай-ақ, облыс аумағында 8805 мың гектарды құрайтын 38 аңшылық алқап орналасқан. Оның ішінде 33 алқап конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген, 5 алқап резервтік қорда тұр. Табиғат пайдаланушылардың аңшылық шаруашылығын дамыту жоспарының және келісім-шарт міндеттемелерін орындамауына байланысты ескертпе хаттар беріліп, сот шешімімен 3 аңшылық алқап қайтарылып алынған.
Кіші Арал теңізі мен жергілікті маңызы бар 207 көлден балықтың 14 түрі аулануда. Есепке алынған Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі және жергілікті маңызы бар 207 көлдің 175-і конкурс негізінде табиғат пайдаланушыларға берілген. Қалған 32-сі резервтік қорда. Жыл сайын комитеттің мемлекеттік тапсырысына сәйкес, Қамыстыбас балық питомнигінде өсірілген бір жаздық 14 млн 800 мың дана және екі жаздық 420 млн балық шабағы Қамыстыбас көлі мен кіші Арал теңізіне жіберіледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<