Талқылауда сан түрлі мәселе

501

0

Кеше облыстық мәслихат депутаты М.Нәлібаевтың төрағалығымен сессия алдындағы тұрақты комиссияның бірлескен отырысы өтті. Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының және басқарма басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі 2022-2024 жылдарға арналған үшжылдық облыстық бюджетке енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабайдың хабарламасы тыңдалып, аталған мәселе егжей-тегжейлі талқыланды.

Мұнда облыстық мәслихат депутаттары бірқатар ұсыныс-пікірлерін айтты. Мәселен,  Б.Махашов су қоймалары туралы және ішкі істер органдарына қаржы бөлу, І.Тілеп Қазалы ауданының көшелеріндегі электр желісін жаңғырту, жарықтандыру, Ж.Ысқақ Жаңақорған ауданы орталығындағы «Саяжай-1» учаскесіндегі 300 гектар аумаққа инженерлік-инфрақұрылымдық желілер орнату және музей мәселесі, Қ.Бисенов мектептердегі әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларды ыстық тамақпен, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруін қамтамасыз ету, Г.Есқалиева білім саласына байланысты білім беру ұйымдары ғимараттарының шатырларын жөндеуге қаражат қажеттігі, мектепке дейінгі ұйымдарды қосымша қаржыландыру, мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету мәселелерін көтерді.

Сондай-ақ, Т.Шаутай Жансейіт ауылындағы мектеп пен «Жөлектегі» балабақша жайы, О.Төлепов Жосалы кентіндегі орташа және күрделі жөндеу жұмыстары, С.Бихожа мекемелердегі штаттан тыс қызметкерлерді көбейту мен жедел әрекет ету қызметтерін реттеу, Е.Аяғанов Арал ауданындағы тубдиспансерлік ғимаратты реконструкциялау және Сексеуіл кентіндегі аурухана құрылысы, Н.Әмитов медицина колледжіндегі студенттерге қаржы бөлу, Б.Сабырқызы Шиелі ауданындағы 300 орындық мектепке қосымша құрылыс қажеттігі және Еңбекші ауылдық округіне қарасты «Қосүйеңкі» елді мекеніндегі ауызсу, М.Нәлібаев Үкіметтің қаулысымен бекітілген мерекелердің шығындарына сәйкес басқарма басшыларына қаражат бөлу мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе облыс әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары Ж.Еркінбек хабарлама жасады.

Отырыс соңында ұсынылған мәселелер бойынша шешім жобасын сессия қарауына жіберу туралы бірауыздан қаулы қабылданды.

Мұнан кейін облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары және басқарма басшылары қатысты. Сессияға облыстық мәслихат депутаты Т.Жақыпбаев төрағалық етті. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша және депутаттардың ұсыныс-сауалдарына басқарма басшылары тарапынан тиісті жауаптар берілді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<