Жалағаш ауданында биылғы бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыс ауқымды, макроэкономикалық көрсеткіштердің басым бөлігінде оң өсім қалыптасып, белгіленген межелер орындалған. Бұл туралы аудан әкімі Ардақ Ибраимов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
– Ауданда барлық салада ілгерілеу бар. Өнеркәсіп өнімінің көлемі артып, өңдеу өнеркәсібі 100,1, инвестиция тарту 113,2, бөлшек сауда 100,3 пайызға жетті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 101,9, тұрғын үй 100,5, құрылыс жұмысы 108,7 пайызды құрады. Биыл аудан бюджеті 7 млрд теңге көлемінде қалыптасып, алты айда 9,2 млрд теңгеге нақтыланып, толығымен орындалды, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.
Кәсіпкерлік саласы бойынша көрсеткіш жоғары. Шағын және орта кәсіппен айналысатындар саны 2541 болса, оның 91,5 пайызы жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік қолдауға ие болғандар кәсібін дөңгелентіп отыр. Айталық, қаржы институттары арқылы 56 жоба қаржыландырылған. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Биыл «Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ арқылы «Ауыл аманаты» бойынша 37 жоба қолдау тауып, 39 жұмыс орны ашылды. Өндірістік жобаларға да басымдық берілуде. Мәселен, 70 млрд теңгені құрайтын 6 жобаның 5-уі жүзеге асырылды. Нәтижесінде 120 жұмыс орны құрылды. Соның бірі – швейцариялық «Харвест Агро Холдинг» компаниясының техникалық қарасора, жүгері және мақсары өсіру және қайта өңдеу жобасы. Іске қосылса жылына 42 мың тонна техникалық қарасора, 70 мың тонна жүгері, 20 мың тонна мақсары өндіріледі. Сондай-ақ жоба аясында 60 мың тонна шикізат өңдейтін және май сығу зауыты іске қосылады. Биыл 5000 гектар жүгері, 2000 гектар мақсары егіліп, 142 жаңбырлатып суару қондырғысы жұмыс істеп тұр.
– Аудан экономикасында ауыл шаруашылығы жетекші сала саналады. Аймақтың табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне сай ауданда ауыл шаруашылығы негізінен суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш өсіруге бейімделген. Мемлекеттік қолдау шаралары мен заманауи агротехникаларды енгізу нәтижесінде су тапшылығына қарамастан, егін мен мал шаруашылығында нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Мәселен, 359 шаруашылықтың 223-і егінмен, 136-сы мал шаруашылығымен айналысады. Биыл 41864 гектар жерге егін егілді. Мал басы да еселеніп келеді. Ірі қара саны 34 мыңнан асса, жылқы 38 мыңға жетті, – дейді аудан әкімі.
Инфрақұрылымды дамытуда жүйелі іс бар. Жол сапасын жақсартуға қаржы қаралып, 3 елді мекеннің 8 көшесі жөнделуде. Демеушілер есебінен де көшелер жаңғыруда. Сондай-ақ сала бойынша 11 жобаны қаржыландыруға бюджеттік өтінім жолданды. Елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс тындырымды. Аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Биыл Есет батыр ауылында ауызсу жүйесі қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар халықтың 50 пайызы «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. «Елді мекендерге газ құбыры мен орамішілік газ тарту желілерінің құрылысы» жобасы аясында былтыр Қаракеткен және Далдабай ауылдарына газ тарту үшін облыстық бюджеттен қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жалғасуда. Сол сияқты Бұқарбай батыр ауылы да «көгілдір отынның» игілігін көруге қамданып жатыр.
Ауданда құрылыс саласында ауқымды жобалар атқарылып келеді. Баспанаға қол жеткізгендер қоныс тойын тойлауда. Оның ішінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту оң шешімін тапқан. Осы мақсатта 100 тұрғын үй сатып алуға қаржы қаралды. Қазір кенттегі «Ақтерек» учаскесінде тұрғын үй құрылысы басталды. Ал апатты деп танылған екі қабатты бір тұрғын үй иелері де баспанамен қамтылмақ. Сонда ауданда апатты тұрғын үй мәселесі толық шешіледі.
Әлеуметтік салаға келер болсақ, халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында да тындырымды іс байқалады. Биыл жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құраса, жастар арасында 2,6 пайыз ғана. Азаматтарға екі қолға бір күрек тауып беретін жобалар да жемісін беріп, қаншама адам жұмысқа орналасты. Сонымен қатар жұмыссыздықты азайту үшін кәсіпкерлікті және жаңа бизнес бастамаларын дамыту маңызды. Ол үшін тиісті шаралар қолға алынған.
Білім саласында да айтар жаңалық көп. Бұл жағынан аудан көш бастап, ҰБТ көрсеткіші бойынша алдыңғы орынға шықты. Биылғы оқу жылын 6885 оқушы бітірсе, оның 470-ы 11-сыныпты аяқтады. Алтын белгі 19, үздік аттестатты 43 түлек иеленді. Еңбек ауылындағы М.Байділдаев атындағы №232 мектептің түлегі Альфия Балхан ҰБТ-дан 140 балл жинап, аудан мерейін үстем етті.
Жаңа оқу жылына дайындық күшейді. Жеті мектепке жөндеу жүргізілсе, 1 балабақша «көгілдір отынға» қосылмақ. Мәдениет саласында да жетістік көп. «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы жобасы аясында түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Мемлекет басшысының бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кент пен 14 елді мекенде абаттандыру және санитарлық тазарту жұмысы жүргізілді. Акция барысында кент және ауылдық округтерде 20 су жүретін канал тазартылып, 48 әлеуметтік нысанға, 7 тарихи-мәдени ескерткіштің аумағына, 21 аллея мен саябақ көркейтіліп, тазартылды. Санитарлық-тазалық жұмысына 25 техника тартылып, 2,5 мың тонна күл-қоқыс шығарылды.
Аудан әкімі жыл соңына дейін аудан экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ету, инвестиция көлемін ұлғайту, салықтық түсімдерді арттыру, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы салаларын дамыту, сондай-ақ тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі жалғаса беретінін жеткізді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





