«Тапқырлық» тарихи миссиясын тәмамдады

308

0

Биыл 25 қаңтарда NASA Марстағы Ingenuity тікұшағының жұмысы аяқталғанын ресми мәлімдеді. Дрон тік қонып тұр, әлі байланыста, алайда 21 қаңтарда алынған фотосуреттер оның соңғы қону кезінде қатты зақымдалғанын көрсетті. «Тапқырлық» енді Марс әуесіне көтеріле алмайды.

Аппарат 2023 жылы желтоқсанда бір апта ішінде үш рет көтеріліп, 1666 метр ұшып өткен. Дрон қашықтық пен жылдамдық рекордтарын жаңартып, сипаттамадан жоғары тангаж бен жантаю бұрыштарын сынап көрді. Бұл тікұшақтың максимал мүмкіндіктерін білу үшін жасалған еді.

6 қаңтардағы №71 ұшу кезінде Ingenuity 360 метрді ұшуы жоспарланғанымен, бағдарлау жүйесіндегі ақау салдарынан 71 метрден кейін қонуға мәжбүр болды. Аппараттың хәлін білу үшін 18 қаңтарға №72 сынақ ұшырылымы тағайындалған. 12 метрге тік көтерілген дрон 4,5 секунд қалықтап тұрып, қайта тік қонуы тиіс еді. Алайда төмендеу кезінде, планета бетіне бір метрдей қалғанда, Perseverance роверімен байланыс үзіліп кеткен. Ертеңіне байланыс қалпына келген соң алынған телеметрия деректері тікұшақтың тік қонып тұрғанын және бортта энергия барын айғақтады. Оған айналаны және селфи түсіруге команда берілген.

Міне, осы фотоларда қанаттарының ұшы сынғанын және топырақта жатқан тікұшақ қаптамасының бөлшектерін көрсетті. Шамасы, Ingenuity 1-2 метр биіктіктен құлап түссе керек. Тіреулер оны ұстап қалған, бірақ дрон кері серпілген немесе қанаттарымен топырақты ұрғылаған. Салдарынан салмақ түсетін конструкция элементтері зақымдалған. Қазір қашықтағы Perseverance ровері тікұшақты суретке түсіре алмай тұр, дегенмен ол жақындап барып, айқын кескіндер алатын шығар. Әзірге тікұшақ бортындағы барлық суреттер мен деректер роверге жіберіліп жатыр.

Ingenuity – басқа планетаның атмосферасына көтерілген алғашқы ұшу аппараты. Ол жоспар бойынша бір ай жұмыс істеп, әуеге 5 рет ұшуы керек еді. Ал іс жүзінде дрон 2020 жылдың 19 көкегіндегі алғашқы ұшудан бастап, 33 айда 72 рет қалықтады. «Тапқырлық» жалпы 17 шақырым ұшып өтіп, ровер баратын 48 локацияны барлады. Марс әуесінде 128 минут болған тікұшақ 24 метр ең жоғары биіктік пен 36 км/сағ ең жоғары жылдамдыққа қол жеткізді. Ол ойлы-қырлы бедерден қонатын орынды өзі таңдауды, күн панелін тазалауды, сенсорсыз өмір сүруді үйренді, Марстың қаһарлы қысынан аман-есен шыға алды. Ақыры үш рет апатты жағдайда қонса да, Ingenuity Қызыл планета бетінде орнықты, тік тұрған қалпында қалды.

Дайындаған

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<