Тілдің айбары – елдің байрағы

1392

0

Халықаралық ана тілі күніне орай филолог ғалымдар мен жалпы тіл жанашырлары Қызылорда қаласындағы «Рухани жаңғыру» орталығында «Ахмет Байтұрсынұлы тағылымы және жаңа қазақ жазуы» ашық сұхбат алаңында бас қосты.

Жиынды облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Р.Қаюпов ашып, бүгінгі күні тіліміздің орфографиясы мен грамматикасында күрделі мәселелер бар екенін, оның шешімі тек белгіленген заңдарда ғана емес, жалпы халықтың тілге деген қарым-қатынасында жатқанын сөз етті.

– Әр санада ана тілін сүю сезімін қалыптастыру, құндылықтарымызды қадірлеу арқылы жаңа белестерге көтерілеміз, – деді ол.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушылары, филиология ғылымдарының кандидаттары А.Абасилов пен Б.Боранбай тіліміздің графикаланған, стандартталған және модернизацияланған қалпында ғана дамып, әлемдік тілдер алдында аласармайтынын ғылыми тұрғыда баяндады. Бұл үшін Ахмет Байтұрсынұлы көрсетіп берген бағыттан ауытқымау керек, артық дыбыстардан құтылуымыз шарт. Кез келген өзге тілден сөз алғанда оның дыбысталуын қоса алмайды, өз тілінің заңдылығымен дыбыстайды. Ал, біз бір ғасыр бойы орыс тілінің жіңішкелік, қатаң белгілеріне (ь,ъ) дейін әліпбиімізге ендіріп, сол талаппен сөйлеуді үрдіс қылдық. Бұл біздің төл тілімізді бұзды.

Қазақ тілінде 28 дыбыс бар. Осыны 26 латын әрпіне сыйдырып, жаңа қазақ жазуын жасау ғалымдар тарапынан сан алуан сыни көзқарастарға ұшырап, әрі тарт, бері тартқа түсті. Осыған орай, Президент Қ.Тоқаев бұл мәселені кейінге қалдыруды дұрыс деп шешті. Түбінде біз тіліміздегі дыбыстық жүйенің табиғи қалпын сақтау үшін осы қадамға барамыз деген ойларын ортаға салған ғалымдарға С.Сахиев, Н.Көбегенұлы секілді әріптестері оң пікірлерін қосты.

Ал, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Д.Аяшұлы қазақ тіліндегі тұрақты тіркестердің басқаны былай қойғанда тіл мамандары тарапынан бұзылып айтылып, тіл дамуын кертартпалайтынына ашынды.

Филолог ғалымдар К.Қамзаева, А.Айтбаева және мектеп мұғалімі Г.Шынтасова әліпби ауыстырудағы әлем тәжірибесі мен бүгінгі күнгі грамматикалық проблемалар туралы тұщымды ойларын жеткізді.

Ашық алаң жиынын жүргізген облыстық тілдерді дамыту орталығы басшысының орынбасары А.Маханбет мұндай келелі басқосулардың жалғасын табатынын айтып, қатысушыларға алғыс білдіріп, кәдесый жасады. 

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<