«Түнгі кітапхана» жұмысын бастады

1175

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашуды армандайтынын айтқан еді.

– Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу. Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын, – деді Президент.

Бүгіннен бастап Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы түнде де жұмыс істейді. Кітапханашылар алдында тұрған үлкен міндет – қоғам назарын кітапқа, кітапхана ісіне аудару. Ол үшін жаңа идеялар мен креативті жобаларды жүзеге асыру қажет. Осы мақсатта кітапхана оқырмандарға қызмет көрсету режимін түнгі сағат 24:00-ге дейін ұзартты.

Облыстық кітапхана – барлық жастағы оқырмандарға қызмет көрсететін аймақтағы ең ірі ақпараттық білім беру орталығы. Қорында 427 мыңнан астам басылым бар, жыл сайын 32 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетеді.

– Қазір кітапхана оқырманға кітап ұсынып, оны қайта қабылдап алатын орын ғана емес. Заман талабына сай кітапхана қызметі де түрленіп келеді. Бізде кітап оқуды насихаттау мақсатында жылына 300-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады, – дейді кітапхана басшысының орынбасары Айгүл Жанғабылова.

Мұнда коворкинг орталығы, «Еркетай» балалар алаңы, «Жас қалам», «Кездесу» клубы, IT сауаттылыққа үйрететін «Шаңырақ» интеллект орталығы, АРТ-студия, сурет салу, «Ісмер», «Көркемсөз», «English for kids» үйірмелері жұмыс істейді.

Бұл ретте, түнгі кітапхана бастамасы жұмыстан қолы босамай, кітап оқуға уақыт жеткізе алмай жүргендер үшін тиімді болмақ. Жастардың кешкі уақытын тиімді өткізуге де септігін тигізеді. Себебі өңірде білімге құштар, кітапқұмар жастардың барына куә болып келеміз.

– Кітапхана қазір қоғамдық даму орталығы, әлеуметтік институт, шығармашылық алаң ретінде, бүкіл мәдени ортаның тоғысуынан тұрады. Басты міндет – оқырман санын көбейту, жастарды дәстүрлі оқуға тарту. Біздегі болып жатқан жаңашылдықтың бәрі осыған бағытталады, – дейді Айгүл Жанғабылова.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<