Тоғыз ай көрсеткіші таразыға түсті

298

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған Жолдауында еліміздің әр аймағында тұрғындардың таза ауыз суға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына қолжетімділігінің біркелкі емес екендігін әрі бұл теңсіздікті жоюға басымдық беру керектігін баса айтқан болатын. Осы ретте Мемлекет басшысы Жолдауынан туындаған міндеттердің жүзеге асуы мен алдағы жоспарлар турасында өңірлік коммуникациялар қызметінде бірқатар облыстық басқарма басшыларының қатысуымен брифинг болып, осы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар сараланды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқар­масы басшысының орынбасары Мұрат Тлеуімбетовтің айтуынша, 2020 жылы республикалық маңызы бар ұзындығы 412 шақырым “Қызылорда-Жезқазған” автожолының құрылысы басталады.  Сондай-ақ, “Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай” автомобиль жолындағы көлік қозғалысының жыл сайын өсуі мен жол апатының жиі орын алуына байланысты Қызылорда қаласынан бастау алатын Ақтөбе бағытындағы күрежолды төрт жолақты етіп өзгерту қолға алынбақ.

– “Нұрлы жол” инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасына аймақтағы маңызы бар автомобиль жолдарын дамытудың жалпы құны 46 млрд теңгені құрайтын 79 жобасы енгізілді. Солардың бірі – “Қызылорда-Жез­қазған” автожолының құрылысы. Қазіргі кезде жобаның техника-эко­но­микалық негіздемесі мен жоба­лау-сметалық құжаттамасына тиісті қаражаттар бөлінді. Ал “Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай” жолын І техникалық санатқа ауыстыруға байланысты ҚР Үкіметіне ұсыныс жолданып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар,  “Ауыл – ел бесігі” жобасы да аймақта қарқынды жүруде. Жоба аясында Қазалы ауданының “Әлсейіт” учаскесіндегі Сырдария өзені мен қаланың сол жағалау бөлігіндегі “Шір­кейлі” арнасына көпір салу жұмыс­тары да биыл аяқталып, пайдалануға беріледі, – деді басқарма басшысы.

Президент Жолдауында айтылған өзекті мәселенің бірі – әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру. Жалпы халықты баспанамен қамтуда Қызылорда облысы еліміз бойынша алдыңғы орында екені белгілі.  Өңірде тұрғын үй құрылысында жылдан жылға өсу байқалады. Мәселен, биыл “Нұрлы жер” мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде 1997 пәтерді құрайтын 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 23-і сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйлер болса, 17-сі кредиттік тұрғын үйлер, қалған 6-ы жеке компаниялар есебінен салынуда.

– Өздеріңізге белгілі, халықтың әл-ауқатын жақсартуға тиімді әсер ететін аз қамтылған көпбалалы отбасыларға мақсатты қолдау көрсетуге бағытталған мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыруға байланысты аймақта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні облыста тұрғын үй алуға барлық санаттар бойынша  кезекке тіркелгендер саны 29538 азаматты құрап отыр. Оның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатына 12493, көпбалалы отбасылар бойынша 3202 адам тіркелген. Осыған орай, биыл Қызылорда қаласында жұмыс істемейтін, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды анықтау үшін арнайы  комиссия құрылып, тұрғын үйді шұғыл  қажет ететін 150 отбасы анықталды. Нәтижесінде “Баламекен” жобасы негізінде 100 отбасы “Болат Өтемұратов” жеке қорының, ал қалған 50 отбасы жергілікті бюджет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілді, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары  Арнұр Нұрмағанбетов.

Жиында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқарма­сының басшысы Марсбек Молдабаев құрылыс саласындағы заңнама та­лап­тарын өрескел бұзған мердігер мекемелерді лицензиясынан айыруға дейінгі қатаң жаза қолдану прак­тика­сының жүзеге асырылып жат­қандығын айтты. Мәселен, өткен жылы басқарма қозғаған әкімшілік іс бойынша қабылданған сот актісі негізінде 1 құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылған. енді біріне лицензиясын тоқтату жазасы қолданылған. биылғы 9 айда 2 құ­рылыс компаниясы лицензиядан айырыл­ған. Сол сияқты мемлекет қаржысына салынып жатқан объек­тілерде құрылыс-монтаждау жұ­­мыс­тарының сапасыз орындалуына жол берген 5 техникалық қада­­ғалау сарапшысына әкімшілік айыппұл са­лынған. техникалық қада­ғалау жүр­гізу құқығына сарапшы аттес­татының қолданысы 6 ай мерзімге тоқтатылған. 

Брифингте тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық мәселелері де сөз болды. Жыл басынан бастап өңірде коммуналдық мекемелердің инвес­тициялық  бағдарламалар көлемі­нің азаюына байланысты жылу энер­гия­сының бағасы тұрғындар үшін 12%-ке, электр энергиясымен жабдықтау қызметі 4,4%-ке, сумен жаб­дықтау қызметі 22,6 %-ке, су бұру қызметі 11,5 %-ке, газ 1,3 %-ке төмендеген.

– Біздің облыста коммуналдық қызметтерінің тарифі өзге өңірлермен салыстырғанда орташа деңгейде сақталуда. Мысалы, жылумен қамту тарифі 9 өңірден төмен болса, электрмен қамту 5 өңірден төмен. Ал, сумен қамту республиканың барлық өңірінен төмен көрсеткішті көрсетіп отыр. Халықты ауызсумен қамту бойынша алдағы 3 жылға 250 млрд теңге бөлу жоспарланған. Үкімет тапсырмасы бойынша елді мекендерді 2023 жылдың соңына дейін 100 процент сумен жабдықтау қажет. Бүгінгі күні облыс бойынша 232 ауылдық елді мекеннің 193-і, яғни 84 проценті орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Бұл еліміз бойынша жоғары көрсеткіш. Ендігі мақсатымыз орталықтандырылмаған 39 елді мекеннің ауыз су мәселесін шешу, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Үсейін.

Айта кету керек, аймақтың әлеуметтік экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарында өңірді газбен қамтуға 22 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланған. Осыған сәйкес, алдағы жылы Арал ауданы Сексеуіл кенті, Қазалы ауданы, Қазалы қаласы, Мұратбаев елді мекені, Қармақшы ауданы Төретам, Ақай елді мекені және Қызылорда қаласы Наурыз, Махамбет елді мекендеріне газдандыру жұмыстары жүргізілетін болады.


Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<