Соңғы жылдары Қазақстанда халықты әлеуметтік қолдау бағытында көптеген игілікті шаралар жүзеге асырылуда. Бұл орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік әлсіз топтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің кеңінен қамтылған шараларын қабылдағанын атап өтуге болады. Әлбетте, қаржылық қолдау көрсету – жақсылықтың нышаны. Оны әркім қуана қабылдауы заңдылық. Алайда тариф, яғни баға саясаты жан-жақты ойластырылған, өнім өндіруші мен тұтынушының мүдделерін үйлестіре отыратындай деңгейде қалыптасуы қажет деп есептейміз.
Тариф бекіту – күрделі үдеріс. Әдетте, табиғи монополия субъектілері өздеріне жоғарыдан таңылған бағаларға қанағаттана бермейді. Өздерінің ысыраптарын дәлелдейді. Бағаның өзіндік құнына, оны қалыптастыратын шығындарға талдау жасайды. Бұл орайда әркімнің өз құқын қорғауға міндетті екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан монополистер өтінімдеріне сергектікпен қарау біздің тарапымыздан да әрдайым ескеріліп отырды.
Бірақ уақыт алға жылжуда. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан дамудың бірнеше кезеңінен өтті. Қазір нарыққа тереңдеп енген сайын біз бәсекелестік ортаның қалыптасқанының куәсі болып отырмыз. Ал нарық заңы бұл – бәсекелестік орта. Шынайы бәсеке болмай бағаны үнемі мемлекет тарапынан қадағалап, бекітіп отыру да бүгінгі күннің талабына қайшы келеді. Уақыт өте келе біз бәрібір осы ұстанымға келетініміз анық.
Маңызды мәселені атап өткім келеді. Президент Қ.Тоқаев жолдауында халықтың бір бөлігінің квазимемлекеттік кәсіпорындарда істеп, мемлекет қаржысымен қаржыландырылып отыруға дағдыланғанын атап көрсетті. Сонымен бірге бәсекелестік ортаға бейімделу маңызды екенін айтты. Қалай болғанда да бұл – өмірдің өзі алға тартып отырған талап. Бұл монополист субъектілеріне қатысты мәселе екенін де айтқымыз келеді. Алдағы уақытта табиғи монополия субъектілері қызмет түрлерінің мемлекет реттейтін бағалары да шектелетін болады. Енді бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталайық.
Табиғи монополия субъектілердің реттелетін қызметтерін тұтынушылардың заңды мүдделеріне және құқықтарына шек қоюға жол бермеу мақсатында жүзеге асырылатын табиғи монополия саласындағы мемлекеттік бақылаудың бір түрі табиғи монополия субъектілерімен бекітілген тарифтік сметалардың және инвестициялық бағдарламалардың орындалуына бақылау жүргізу болып табылады.
«Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес табиғи монополия субъектілері бекітілген тарифтік сметаның, инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындауға және олардың орындалуы туралы есептерді уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
Осылайша, 2018 жылдың қорытындысы бойынша ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне 31 табиғи монополия субъектісі 53 тарифтік сметаның орындалуы туралы және 8 бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы бойынша есептерін ұсынды.
Субъектілермен тарифтік сметалардың орындалуына талдау жүргізу барысында департамент тарифтік сметалардың шығын баптарының игерілмеуі, амортизациялық аударымдар сомасын мақсатқа сай пайдаланбау, электрэнергия, ЖЖМ, шикізат, материалдар нормалары мен нормативтерінің сақталмау фактілерін анықталды.
Тарифтік сметалардың орындалуына жүргізілген талдаудың нәтижесінде департамент 18 табиғи монополия субъектісіне қолданыстағы тарифтерін 0,1%-тен 88,2%-ке дейін төмендету туралы 29 уақытша өтемдік тариф енгізді. Ондағы тұтынушыларға келтірілген залалды қайтару сомасы 1269,98 млн теңгені құрады, оның ішінде реттелетін салалар бойынша:
– электр және жылу энергетикасы – 357,22 млн теңге;
– кірме жолдар – 13,02 млн теңге;
– сумен жабдықтау және суды бұру – 820,19 млн теңге;
– мұнайды қайта айдау – 79,55 млн теңге құрайды.
Осылайша, мысал ретінде: 2019 жылғы 1 тамыздан бастап тұрғындар үшін жылумен жабдықтау қызметіне 1 Гкал-ға ҚҚС-мен: «Теміржолсу-Қзыл-Орда» ЖШС-не 2583,84 теңгеден 2452,08 теңгеге дейін немесе 5,1%-ке, «Сырдария-Нұрдаулет» ЖШС-на 3757,15 теңгеден 561,3 теңгеге дейін немесе 85,1%-ке төмендетіліп уақытша өтемдік тарифтер енгізілді.
Үстіміздегі жылғы 1 қыркүйектен бастап тұрғындар үшін уақытша өтемдік тарифтер: жылумен жабдықтау қызметіне 1 Гкал-ға ҚҚС-мен «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-на 2834,82 теңгеден 2799,66 теңгеге дейін немесе 1,2%-ке төмендетілді. «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның «Қазалы-Теміржолжылу» филиалына 2168,64 теңгеден 1911,57 теңгеге дейін немесе 11,9%-ке, сумен жабдықтау қызметіне текше метрге ҚҚС-мен «Қызылорда су жүйесі» МКК-на 47,31 теңгеден 41,46 теңгеге дейін немесе 12,4%-ке, суды бұру қызметіне 53,66 теңгеден 46,42 теңгеге немесе 13,5%-ке төмендетілген. «Қазалы су сервис» МКК-ның сумен жабдықтау қызметіне текше метрге ҚҚС-мен 97,17 теңгеден 80,91 теңгеге дейін немесе 16,7%-ке, суды бұру қызметіне 61,57 теңгеден 50,95 теңгеге дейін немесе 17,2%-ке түскен. «Қазсушар» РМК-ның «Арал» СЖКБД филиалына орташа босату тарифі магистральды және таратушы желілер бойынша текше метрге ҚҚС-мен 580,71 теңгеден 504,09 теңгеге дейін немесе 13,2%-ке, таратушы (локалдық) желілер бойынша 386,95 теңгеден 242,15 теңгеге дейін немесе 37,4%-ке төмендетіліп, 1 тамыздан бастап суды бұру қызметіне тұрғындар үшін текше метрге ҚҚС-мен 104,39 теңгеден 94,79 теңгеге дейін немесе 9,2%-ке төмендетіліп енгізіледі. Сонымен қатар, тұрғындар «Арал» СЖКБД филиалының сумен жабдықтау қызметіне субсидияланған тарифпен төлейді, яғни текше метрге ҚҚС-мен есептеу аспаптары бар тұрғындар үшін – 30 теңге, есептеу аспаптары жоқ тұрғындар үшін 40 теңге құрайды.
Алға қойылған міндеттерді тиімді орындау мақсатында департамент монополистерге бақылауды күшейтті. осыған байланысты тарифтік сметаны орындамағаны үшін 22 табиғи монополия субъектісі әкімшілік жауаптылыққа тартылып, сомасы 28,2 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.
Табиғи монополия субъектілеріне қатысты жоғарыда көрсетілген барлық бақылау шаралары тұтынушылардан реттелетін қызметтерге негізсіз төлемақы алуға жол бермеуге, монополистердің заңсыз әрекеттеріне бөгет болуға ықпал етеді. реттелетін коммуналдық қызметтердің тарифтері өзгеруінен болатын инфляцияға салымның нақты деңгейінің төмендеуіне әкеледі.
Гүлмира ӨТЕГЕНОВА,
ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи
монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<