Тыңайтқыш нарығын не күтіп тұр?

963

0

Украинада орын алған геосаяси жағдайға байланысты көптеген елдердің экономикасы тұйыққа тіреле бастады. Батыс Ресейге бұрын- соңды болмаған санкциялар салуда. Соның салдарынан әлемдік тауар алмасу үдерісіне едәуір шығын келді. АҚШ-тан бастап бүкіл Еуропа елдері азық-түлік тауарларының қымбатшылығын ә дегеннен сезе бастады.

Қазір көктемгі егіс басталатын уақытта сарапшылардың атап көрсеткеніндей, көптеген елдерде тыңайтқыштың тапшылығы орын алуы әбден мүмкін. Таңғаларлығы сол, әлемдегі тыңайтқыш қорының 50-60 процентін сол геосаяси жағдайға қатысты жанжал орын алып отырған Ресей мен Украина өндіреді. Статистикаға сүйенсек, өткен жылы Ресейде 30 млн тонна минералды тыңайтқыш өндіріліпті. Оның 70 процентке жуығы экспортқа шығарылған. Қазіргі жағдайға байланысты Ресей оны экспорттау көлемін едәуір қысқартатын болады. Әлбетте, бұл – Қазақстан шаруалары үшін де алаңдатарлық жағдай.

Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаттары Ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы хат жолдап, осы жайында өздерінің алаңдаушылығын білдірген еді. Министрдің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың мәлімдеуінше, Ресей үкіметі тыңайтқыштар экспортына қатысты шектеуді Еуроазиялық экономикалық одаққа мүше емес елдерге енгізу ниетін білдірді. Сондықтан Қазақстан нарығында ресейлік тыңайтқыштар еркін саудада болады.

Өткен жылы Қазақстан Ресей Федерациясынан 500 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыштар импорттаған. Сонымен бірге А.Сапаровтың айтуынша, Қазақстандағы минералды тыңайтқыштар сұранысы отандық өндіріс пен импорт көлемі есебінен жабылады. Қазір республикада тыңайтқыш өндіретін 12 зауыт жұмыс істейді.

Бүгінгі әңгіме тыңайтқыштың бағасына қатысты болып отыр. Деректерге сүйенсек, соңғы айлардың ішінде амиак селитрасының бағасы екі жарым есеге қымбаттаған. Жалпы қымбатшылық ауыл шаруашылығы өніміне қатысты шикізаттардың барлығына тән екенін жасырғымыз келмейді. Қазір республикада тыңайтқыштарды субсидиялаудың деңгейі 50 процент шамасында. Сарапшылар бұл деңгейдің қазіргі жағдайда аз екенін айтады. Көптеген шаруаларға қиындық келтіретін мәселенің басты түйткілі осында болып отыр. Айталық, өсімдік шаруашылығындағы өнімдердің өзіндік құнының 15 процентін  тыңайтқыш құрайды. Ал Сырдың басты дақылы – күріштің өзіндік құнындағы тыңайтқыштың үлесі одан да жоғары. Жер ескірген. Ол қайта жарақтандыруды, ауыспалы егіс жүйесін енгізуді, өнім сапасына айрықша көңіл бөлуді талап етеді. Барлығы қаржыға тіреледі. Бұдан шығатын қорытынды – биыл шаруаларды қаржы жағынан күрделі қиындықтар күтіп тұр. Осының барлығы мемлекет тарапынан үлкен қолдауды қажет етеді. Қолдау тиісті деңгейде көрсетілетінінен үміттенеміз.

Сарапшылар алдағы жылдары әлемде азық-түлік өнімдерінің тапшылығы болатынын айтады. Бүгінгі Украинадағы ахуал оны барынша ушықтырып жіберді. Жылдың соңында әлеуеті, тұрмысы жоғары деген Еуропа елдерінде көптеген қиындықтар туындауы әбден мүмкін. Ал Азия мен Африканың бірқатар елдері аштық тауқыметін тартатыны туралы қазірдің өзінде ашық айтыла бастады. Бұл бір жағынан Қазақстанның аграрлық ел ретіндегі мүмкіндігін жаңа қырынан ашады деген үміттеміз.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<