Шекара қызметінде шыңдалған

475

0

Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ даламызды қорғау – үлкен жауапкершілік. «Ер – елінің қорғаны, ел – ерінің панасы» деген даналық сөз осындайда айтылса керек-ті.

Шекарашының басты міндеті – ел шебін күзету. Ол сақ болса, елдің ұйқысы тыныш, күлкісі жарқын. Ал оны күзету Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне сеніп тапсырылған.

Осы салада ерлермен тең еңбек етіп келе жатқан қыздар жетерлік. Соның бірі – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі облыс бойынша департаментінің медициналық қамтамасыз ету тобының медбикесі, аға сержант Нұргүл Алпамысова.

Ол шекара шебінде 20 жылдан бері абыройлы еңбек етіп жүр.

– Біздің жұмыстың жауапкершілігі жоғары. Жасыратыны жоқ, ел шекарасы аумағын бұзып немесе жасырын түрде зат алып өтпек болған талай заңбұзушылықтың жолы кесілді. Ол шекарашылардың қырағылығының арқасы екенін мақтанышпен айта аламыз. Әр азаматтың денсаулығын мұқият тексеріп, қадағалау маған міндеттелген. Отан қорғаушылармен қатар еңбек ету – зор абырой. Мемлекеттік шекара дегеніміз – ел аумағының шегін, құрлығын, суын, жер қойнауын және әуе кеңістігін айқындайтын сызық. Бүгінде шекара мәселесі біржола оң жолға қойылды, яғни ел аумағы түгелімен бекітіліп, барлық ендіктері бойынша күзетіледі. Әрбір азамат туған Отанына қамқор бола білсе, перзенттік парызының өтелгені. Ұлт үшін ту түбінен табылатын табанды перзент тәрбиелеу – әр ата-ананың парызы, – дейді аға сержант өз сөзінде.

Бүгінде мемлекеттік шекарамызды толық белгілеп алдық. Қазақстан өзі шектесетін Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғызстан мемлекеттерімен шекара мәселесін біржола шешіп, халықаралық құжаттармен бекітті. Бұл – еліміздің сыртқы саясаттағы үлкен табысы. Біз барлық көршілерімізбен орныққан, өзара ынтымақтастық пен адал әріптестікті тұрақты түрде дамытып келеміз.

Туған жерін сүймейтін адам жоқ және әркім қолынан келгенше қызмет еткісі келеді. Ал байтақ еліміздің байрағын биік ұстап, еліміз бен жерімізді сұқ көз, сұғанақ қолдан сақтайтын шекарашы сарбаздар.

Тарих тінін тарқатсақ, еліміз өз алдына дербес мемлекет атанған соң Шекара қызметі құрылды. Мемлекеттік шекара күзетін заң талаптары аясында жүзеге асыру ісі бірізділікке жүйеленді.

Біздің кейіпкеріміздің бала арманы ақиқатқа айналған. Айтуынша, әскери салаға бала күнгі қызығушылығымен келген.

Тәуелсіздігіміздің басты нышандары Елтаңба, Әнұран, Ту секілді рәміздерімізбен қатар айтылатын қастерлі мемлекеттік шекарамыздың қорғанысы осындай мамандардың арқасында нығая бермек.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<