Аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Сыр өңірі ұстаздары мен оқушыларын Білім күнімен құттықтады

1

0

Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев 1 қыркүйек – Білім күніне орай ұстаздар, ата-аналар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

Аймақ басшысы құттықтауында білім саласының ел болашағын қалыптастырудағы маңызын атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елордада өткен республикалық тамыз конференциясында білім жолындағы табанды еңбектің маңызына тоқталғанын жеткізді.

Бүгінде Сыр өңірінде Президент пен Үкіметтің қолдауымен білім беру инфрақұрылымын дамытуға және білім сапасын арттыруға ерекше мән берілуде. 2022 жылдан бері 121 млрд теңгеден астам қаржыға 46 заманауи білім беру нысаны салынып, ел игілігіне берілді. Нәтижесінде көп жылдан бері өзекті болған үш ауысымдық мектептер мәселесі толық шешімін тапты.

Биыл балалардың білімге, ғылымға және жаңа технологияларға қызығушылығын арттыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылды. Президент саябағы аумағында ашылған «AI-Kerim» оқу-сауықтыру орталығы жыл сайын 8 400 баланы робототехника, бағдарламалау және инженерлік жобалауға баулиды. Сонымен қатар, Ботаникалық білім беру орталығы оқушыларға биология мен экологияны тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік береді.

Ал «Сыр болашағы» құзыреттілік орталығы студенттер мен өндіріс мамандарының заманауи технологияларды игеруіне жол ашты.

Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да жалғасуда. Биыл 31 мектепте ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 28 білім беру ұйымына 46 пәндік кабинет сатып алынды. Сондай-ақ Әл-Фараби шағын ауданында 360 орындық инновациялық-шығармашылық орталықтың құрылысы басталады.

Аймақ басшысы түлектердің жетістігіне де тоқталды. Биыл Сыр өңірінде 967 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 1124 түлек «Үздік аттестат» алды.

Мұрат Ергешбаев ұстаз еңбегінің ұлт болашағы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

«Жеткіншектердің бойына білім мен тәрбие дарытып, елге қызмет етуге баулитын ұстаздар еңбегі – елдің ертеңіне қосылған өлшеусіз үлес», – деді аймақ басшысы.

Сөз соңында облыс әкімі ұстаздар қауымына, ата-аналар мен оқушыларға зор денсаулық, күш-қуат, шығармашылық ізденіс пен кәсіби және оқу жетістіктерін тіледі.

«Жаңа оқу жылында жарқын жетістіктер мол болсын!» – деп құттықтауын жеткізді.