Ұлттық өнер ұлықталды

1506

0

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында облыстық филармонияның 50 жылдығы аясында және 29 сәуір – Халықаралық би күніне арналған ІІ Республикалық «Ақкербез» конкурс-фестивалі өтті. Бұл аймақ басшысының қолдауымен өңірімізде екінші мәрте ұйымдастырылып отыр.

Байқаудың мақсаты – қазақ би өнерін дамытып, шығармашылық байланысты нығайту, тәжірибе алмасу және қазақтың бекзат өнеріне үлес қосқан балетмейстерлер мен хореографтарды насихаттау. Фестивальға еліміздің 7 өңірінен 9 кәсіби би ұжымы қатысты. Олар фестиваль талаптарына сай 2 кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезеңде қазақ биін паш етсе, екінші бөлімінде өз қалаулары бойынша би қойылымдарын көрермен назарына ұсынды. Басты талап би композициясының тақырыбы толығымен ашылып, қойылымның драматургиясы сақталуы керек. Сондай-ақ, ұтымды идеясы, орындау тәсілдері мен ұжым мүшелерінің фактурасына, актерлық шеберліктері мен техникалық мүмкіндіктеріне және костюмдерінің көркемдігі мен үйлесімділігіне мән берілуі тиіс.

Конкурста Қызылорда облыстық филармониясынан «Томирис», Алматы қаласынан «Алатау әуендері», Батыс Қазақстан облысынан «Назерке»,  Ақтөбе облысынан «Аққу», Павлодар облысынан «Нұр», Түркістан облысынан «Яссы», Маңғыстау облысынан «Жорға», Жаңаөзен қаласынан «Шабыт» және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен келген «Қаракөз» би ансамбльдері өнер көрсетті. Оларға балетмейстер, Қазақ Ұлттық хореография академиясының аға оқытушысы А.Садықова, Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің директоры М.Закиров, Өзбекстан Мемлекеттік хореография академиясының аға оқытушысы Ш.Жалилова, «Алекс» би өнері мектебінің директоры Е.Ким және Қазақ Ұлттық хореграфия академиясының аға оқытушысы А.Шамшиев қазылық етті.

– Би, бұл – үлкен өнер. Осындай текті өнерді адамның тек көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезініп, түйсінетіні ақиқат. Халқымыздың арғы-бергі тарихына зер салсақ, би өнерінің сонау ықылым заманнан ұлттық өнердің бір бұтағына айналғанын аңғаруға болады. Жерінде Сырдариясы, елінде жырдариясы бар өлкеде қасиетті өнерді қастерлеп, бүгінгі жас ұрпаққа насихаттау – әрбір қазақ азаматының парызы. Сол себепті бүгінгі фестивальді ұйымдастырған шығармашылық топқа алғыс білдіремін. Барлық қатысушы өнерпаздарға сәттілік. Өнерлеріңіз өрге жүзсін, ̶ деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А.Есжанов.

Байқау қорытындысы бойынша 4 би ұжымы жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсақ, байқаудың бас жүлдесі Сыр өңірінің «Томирис» би ансамбліне бұйырды. Жүлделі 1-орынды Ақтөбе қаласының «Аққу» би ансамблі иеленді. 2-орынға Павлодар қаласынан келген «Нұр» би ансамблі ие болды. 3-орынды Орал қаласының «Назерке» би ансамблі алды. Басқа өңірлерден келген би ұжымдары түрлі номинацияларды иеленді. Барлық қатысушы өнерпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<