Вакцина салып, 1 миллион ұтып ал: қазақстандық кәсіпкер ұтыс жариялады

625

0

Павлодарлық кәсіпкер вакцина салдырғандар арасында ұтыс жариялады, жеңімпаз 1 миллион теңгеге ие болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Павлодарлық ресторатор Айдар Құрымбаев әлеуметтік желідегі парақшасында коронавирустан шаршағанын, пандемия салдарынан бір жарым жылдан бері бизнесі тоқтап тұрғанын жазды. Тойға тыйым салынған, бұқаралық іс-шаралар ұмыт қалды.

«Қазақстан билігі халықтың 60%-і коронавирусқа қарсы вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптасқан жағдайда мерекелік іс-шараларға рұқсат береміз деп отыр. Сондықтан мен 1 миллион теңгеге ұтыс жариялаймын», – деп жазды ол.

Байқаудың шарты мынадай: қаладағы жеті емхананың бірінде COVID-19-ға қарсы вакцина салдыру керек, оның мерзімі – 26 маусым мен 3 шілде аралығы. Екпе егетін кабинеттердің жанында қорап орнатылады. Вакцина алғаныңызды растайтын анықтаманы көрсетіп, сауалнама парағын аласыз және оны толтырасыз. Сосын купонды урнаға тастап, ұтыс нәтижесін күтесіз.

Кәсіпкер ұтыстың 3 шілдеде сағат 19.00-де инстаграмдағы парақшасында өтетінін хабарлады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<