Бүгін «Қызметшілерінің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін кім және қандай жағдайларда отставкаға өтініш беру қажет» деген тақырып бойынша баспасөз конференциясы өтті. Жиын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязовтың төрағалығымен және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев, жергілікті атқарушы органдар басшылығының қатысуымен ұйымдастырылды.
Департамент басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев Президент тапсырмалары негізінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына тиісті өзгерістер енгізіліп, саяси қызметшілер мен мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының бағыныстағы қызметшілерінің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауапкершілік мәселесі қарастырылғанын хабарлады.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының ережелерінде бағынышты қызметкерлердің іс-әрекеті үшін саяси мемлекеттік қызметшілердің отставкаға кетуі тәртібін айқындайтын нақты вертикаль белгіленген. Бұл ретте қандай да бір саяси мемлекеттік қызметшінің отставкаға беруіне себеп болатын іс-әрекеттерді жасайтын лауазымды тұлғалардың нақты тізбесі келтірілген.
Орталық мемлекеттік органның басшысы, яғни, бұл министрлер, агенттіктердің төрағалары, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың төрағалары өзінің орынбасары, өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, жауапты хатшы, аппарат басшысы не орталық мемлекеттік органның облыстық, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың аумақтық бөлімшесінің басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде отставкаға өтініш береді.
Орталық мемлекеттік орган басшыларының орынбасарлары өзі жетекшілік ететін ведомстваның, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде отставкаға өтініш береді.
Облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана әкімдері өзінің орынбасары, өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, аппарат басшысы не аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде, облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана әкімінің орынбасары өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде отставкаға өтініш береді.
Аудан, облыстық маңызы бар қала, қаладағы аудан әкімдері өзінің орынбасары, әкім аппаратының басшысы, өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасауы отставкаға беруге негіз болып табылады.
Бұл нормалар 2019 жылдың 10 желтоқсанында қолданысқа енгізілді. Осылайша, отставкаға кету туралы міндет өткен жылдың 10 желтоқсанынан кейін сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған қызметкерлердің басшыларына және саяси қызметкерлерге қолданылады.
Мемлекеттік саяси қызметшілер, егер олар тағайындалған күннен бастап үш ай өткеннен кейін сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалған жағдайда отставкаға береді.
Саяси қызметшілер соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін немесе сот әлде қылмыстық қудалау органы қылмыстық істі Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10), 11) 12) және 12) тармақшаларының немесе 36-бабы негізінде қысқартқан соң он күнтізбелік күн ішінде отставкаға береді.
Отставканы қабылдау немесе қабылдамау туралы шешімді тиісті уәкілетті тұлға қабылдайды.Лауазымды тұлға отставка туралы өтінішті бір ай ішінде қарайды.
Басшылардың жауапкершілігін қарау кезінде көрсетілген шарттардан басқа, қол астындағыларға жасалған сыбайлас жемқорлық қылмысы мен басшының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудың алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерін орындамаудағы немесе тиісінше орындамаудағы кінәсі арасында байланыстың болуы да маңызды.
Отставкаға беру туралы талаптар квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларына қолданылмайды.
Заңға сәйкес, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары өздеріне бағынысты адамдар жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
Қазіргі таңда Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жоғарғы Сот, Бас прокуратура және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп тиісті іс-қимыл алгоритмін әзірледі.
Сонымен бірге департамент басшысының бірінші орынбасары Б. НиязовҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңына енгізілген өзгерістер туралы, ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 1131 қаулысына яғни «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескен көтермелеу қағидаларына» енгізілген толықтырулар бойынша баяндама жасады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<