Бірқатар заңнамалық актілерге қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені мәлім. Бүгінде заң күшіне енді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев, облыстық полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы Әбдібек Жаназаров, облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Азамат Оспанов, облыстық көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Қамитбеков мәлімдеді.
– Сыбайлас жемқорлықпен алғаш рет ұсталған тұлғаның шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату соттың құзыретіне өтті. Ендігі жерде босатылған және қайтадан қасақана қылмыс жасаған азаматтардың тарапынан татуласу болса да ол азамат қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды, – деді облыс прокурорының бірінші орынбасары.
Бұдан былай заңға енген өзгеріс бойынша куәгердің құқығы кеңейтіледі. Оны куәгерлік етуге, қандай да бір материалдарды ұсынуға немесе қылмыстық қудалау органдарына көмектесуге мәжбүр етуге тыйым салынады. Сондай-ақ, жүкті әйелден немесе оның асырауындағы кәмелетке толмаған баласы бар әйелден, елу және одан асқан әйелдерден, алпыс үш пен одан асқан ер адамдардан үзіліссіз жауап алу үш сағаттан және жауап алудың жалпы ұзақтығы бес сағаттан аспауы тиіс. Ал қамауға алу шетелдік азаматқа қатысты алдын алу шарасы ретінде қолданылса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы елшілікке, консулдыққа немесе басқа өкілдікке хабарлауға міндетті. Мұның барлығы қылмыстарға жазаны күшейту мақсатында жасалуда. Сонымен бірге қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы қолдануға мониторинг жүргізуді ескере отырып, заңнаманы және құқық қолдану практикасын одан әрі жетілдіруді қамтамасыз етеді.
– Қылмыстық кодекс жаңа баппен толықты. Соның негізінде кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған зорлық, браконьерлік, мал ұрлығы, мас күйінде көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу, есірткі құралдарының заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауаптылық қатаңдатылды. Мәселен, мал ұрлығымен айналысқан азамат 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылып қана қоймай, оның мүлкі тәркіленеді. Егер ірі көлемде мал ұрласа, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл жерде мал ұрлығы ауыр қылмыстар санатына енгендіктен жәбірленуші мен күдіктінің татуласу мүмкіндігі жоқ. Ал топ болып ірі мөлшердегі мал ұрлығы жасалса, мүлік тәркілену арқылы 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған, – деді полиция полковнигі Ә.Жаназаров.
Айта кету керек, есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттап әрі заңсыз жарнамалағандар жаңа баптың 1-бөлігі бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, 2-бөлігі негізінде 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болады. Сонымен қатар, зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық қылмысы үшін 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Ауыр қылмыс санатына енгізілгендіктен, күдікті жәбірленушімен татуласса да жауаптылықтан қаша алмайды. Кәмелетке толмағандарды зорлау және оларға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағандардың жазасы мұнан да ауыр. Оларға 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енуде.
Соңғы жылдары заңсыз аңшылықпен айналысу, қорықшыға күш қолдану әрі өміріне қауіп төндіру жағдайлары жиі орын алуда. Бұрын әскери қызметшінің, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектордың, қорықшының өміріне қол сұққан жағдайда 160 мың айлық көрсеткіш айыппұл төлеп, 40 тәулікке қамауға алынса, ендігі жерде 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын болады.
Мас күйінде көлік жүргізіп, адам денсаулығына зиян тигізгендер де жазадан тыс қалмайды.
– Егер заң бұзушы азамат адамның денсаулығына орта дәрежелі зиян келтірсе, 1 жылға бас бостандығынан, 10 жылға көлік басқару құқығынан айырылады. Ал, ауыр дәрежеде зиян келтірсе, 3 жылға дейін бас бостандығы мен 10 жылға көлік басқару құқығынан айырылмақ. Сондай-ақ, жәбірленуші қайтыс болған жағдайда, автокөлікті мас күйінде басқарушыға 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан, 10 жылға көлік басқару құқығынан айыру, екі немесе одан да көп адам қайтыс болған жағдайда 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан және көлік басқару құқығынан өмір бойы айыру жазасы қолданылады, – деді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары А.Оспанов.
Еліміздің көші-қон заңнамасына да бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енген. Биылдан бастап шетелдіктерді тіркеу ұғымы жойылып, олар 30 күн бойы тіркелусіз елде жүре алады. Сондай-ақ, көші-қон карталары да айналымнан толық алынады. Бұл дегеніміз – Қазақстанға кіру кезінде шетелдік азамат шекаралық бақылау орнында 30 күнге дейін автоматты түрде есепке қойылады, оның паспортында елге келу күнін белгілейтін мөр басылатын болады. Бұл ретте қабылдаушы тарап шетелдік азаматтың келгені туралы 3 жұмыс күні ішінде көші-қон қызметіне хабарлауға міндетті. Хабарламаған жағдайда және шетелдікке уақытша тұруды тіркеуді рәсімдемегені үшін жауапқа тартылады.
– Егер шетелдік рұқсат етілген елде 30 күннен асып, қалуға ниет білдірсе, онда ол уақытша тұруға рұқсат алып, өзінің болу мерзімін бір жылға дейін создыра алады. Оның өзінде қабылдаушы тараптың өтініші арқылы ғана уақытша тұруға рұқсат беріледі, – деді облыстық көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары С.Қамитбеков.
Жиын соңында БАҚ өкілдері тарапынан мал ұрлығы, көлік қозғалысына байланысты түрлі сауалдар жолданды. Мамандар тиянақты әрі тұшымды жауап берді.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<