Заңдағы өзгерістер сатып алу процедураларын оңайлатады

311

0

Әдетте заңнамаларға енгізілген өзгертулер жыл басынан жүзеге асырыла бастайды. Мемлекеттік сатып алу заңына енгізіліп отырған өзгерістер де осы дәстүрден ауытқымай алда келе жатқан 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін болады. Облыстық ішкі аудит департаментінің ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстел отырысы осы өзгерістерді түсіндіруге арналды. Шараға мемлекеттік органдарда мемлекеттік сатып алумен айналысатын мамандар қатысты.
Дөңгелек үстел отырысын ашқан облыстық ішкі аудит департаменті басшысының міндетін атқарушы Қайрат Тұрымтаев қатысушыларға осы жылдың 9 айындағы қаржылық есептілік жөнінде анықталған құқық бұзушылықтар туралы ақпарат берді.
Спикердің атап өткеніндей, 9 айда 161 аудиторлық іс-шара жүргізіліп, оның ішінде 19,5 млрд теңге бюджеттің шығыс бөлігі қамтылған. Нәтижесінде жалпы сомасы 14,7 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды. Ол қамтылған қаржының 75,4%-ін құрайды. Оның ішінде бюджет және басқа да заңнама бұзушылықтарының жалпы сомасы 11,4 млрд теңгені құраса, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзушылықтар көлемі 3,3 млрд теңге болды.
Мұнан бөлек, бекітілген аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес аудиторлық іс-шаралар жүргізілуімен қатар жеке және заңды тұлғалардың арыз-ша­ғымдарына байланыс­ты, сон­­дай-ақ құқық қорғау ор­ган­дарының сұратуларымен ау­­диторлық тексерулер жүргі­зіл­ген. Анықталған қаржы бұ­зу­шылықтардың бюджетке өтеу­ге және қалпына кел­тіруге жатқаны 9,7 млрд теңге болса, департаменттің ден қою шаралары нәтижесінде жалпы қалпына келтірілгені және өтелгені 9,6 млрд теңге.
Қолданылған шаралар нәти­жесінде Әкімшілік Кодек­сіне сәйкес, аудит объек­ті­ле­рінің лауазымды тұлғаларына қатысты 354 әкім­шілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, салынған айыпппұлдың жалпы сомасы 22,4 млн теңгені құрады. Тәртіптік жауапкершілікке 170 аудит объектісінің лауазымды тұлғасы тартылып, 2 лауазымды тұлға атқарып отырған қызметінен босатылған.
Мұнан кейін департаменттің бөлім басшысы Майракүл Өмірбаева мемлекеттік сатып алу заңнамасында орын алған өзгерістер жайлы түсіндірме жасады. Ол заңнамаға енгізілген өзгерістердің басты мақсаты мемлекеттік сатып алу процедураларын жеңілдету екенін атап өтті. Бірінші кезекте аз көлем­дегі сатып алу жүргізетін ба­лабақша, емхана, аурухана, мә­дениет үйлері, интернат және қарттар үйі секілді тапсырыс берушілерге бір көзден берілетін қызметтер мен сатып алулардың алғашқы шекті бағасы 100 АЕК-тен 500 АЕК-ке дейін көтеріледі. Ал төртінші деңгейлі бюджетке жататын ауылдық округ әкімдіктеріне ал­ғашқы шекті баға 3 мың АЕК-ке дейін (6807000 теңге) көтеріледі. Алайда, бұл норма ауылдық округ әкім­ші­лік­теріндегі маман­дардың ше­бер­ліктерін қалып­тастыру үшін 2021 жылға дейін жұмыс істей­тін болады.
Екіншіден, баға ұсынысын сұрау тәсілімен өткізілетін (1000 АЕК-ке дейін немесе 2405000 теңгеге дейін) сатып алу процедураларында тапсырыс берушілерге құжаттарда тауарлардың фирмалық атауларын көрсетуге құқық беріледі. Бұл шара сапалы тауарлар алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ заңда мемлекеттік сатып алуға қатыспаған тұлғалардың түсірген шағымына байланысты жасалған келісім-шарт мерзімін тоқтатпау қарастырылған. Департамент өкілі сонымен қатар, заңдағы бір көзден сатып алудың көлемін азайтуға қатысты өзгерістер жайында да кеңінен түсіндірме беріп өтті.
Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуларды қазынашылық қолдау туралы мәліметтерге қанықты. Ол жөнінде облыстық қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Әділбек Есқараев  айтып берді. Жаңа өзгерістерге сәйкес белгілі бір қаржы көлеміндегі құрылыстар үшін қазынашылық сүйемелдеу жасалатын болады. Әдетте құрылыс жүргізу құқығын жеңіп алған бас мер­дігер мекеме құрылыс құнының 30% көлемін алып жұмысты бастап кетеді. Бұл қаржы құ­рылыс материалдарын сатып алуға басқа да шығындарға жұм­салады да, алғашқы айларда құрылысшыларға жалақы тө­леуге ақша табылмай қалады. Қазынашылық сүйемелдеу ке­зінде мұндай олқылықтарға жол берілмейтін болады.
Шара соңында пікір алмасулар болып, қойылған сұрақтарға жауап берілді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<