Зейнетақы һәм инфляция: Алшақтық нені  аңғартады?

680

0

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпаннан бастап зейнетақының орташа мөлшері 120 659 теңгені құрағанын мәлімдеді. Бұл өткен аймен салыстырғанда 11 898 теңгеге артық. Дегенмен, зейнетақы мәселесінде түйткіл де аз емес.

Айталық, былтыр елімізде бір жыл ішінде орташа зейнетақы мөлшері небәрі 3470 теңгеге немесе 3,3%-ға өскенімен, жылдық инфляция 20,3%-ды құраған еді. Оған қоса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірісі өткен кезеңдермен салыстырғанда төмендеп, 6,55%-ды құрады.

Зейнетақы активтері кірісінің төмендеуіне БЖЗҚ жұмысының тиімсіздігі себеп болып отырғанын қоғам белсенділері де, депутаттар да айтты. Ал Ұлттық банк әлемдегі геосаяси және экономикалық жағдай қазақстандықтардың жинақ ақшасының табыстылығына айтарлықтай әсер еткенін мәлімдеген еді. 2022 жылдың басынан бері есептелген инвестициялық кіріс көлемі 914,1 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестицияларына сенімсіздік білдіріп отырғандар да бар. Айталық, жақында «Даму» қорының кепілдігімен қазақстандықтардың жинақталған зейнетақы қаражатын шағын және орта бизнеске салуға рұқсат етілгені туралы ақпарат қоғамның қызу талқысына түсті. Бұдан сәл ертерек, өткен айда Ұлттық банк зейнетақы қорынан «Бәйтерек» ұлттық холдингінің облигацияларына 500 миллиард теңгеге дейін инвестициялауға ниетті екенін хабарлаған болатын.

Жалпы зейнетақы қорларын түрлі коммерциялық жобалар мен кәсіпорындарға инвестициялау – әлемдік тәжірибеде бар  қалыпты жағдай. Дегенмен, Қазақстанда мұндай бастамаларға сенімсіздік басым. Оған осы уақытқа дейін БЖЗҚ-ның өте күмәнді ұйымдар мен жобалардың инвесторы болуы себеп.

Айталық, 2014 жылы БЖЗҚ Әзербайжанның Халықаралық банкіне 250 млн долларға жуық қаржы құйып, бұрыннан сенімсіз саналған банк үш жылдан кейін банкротқа ұшыраған еді. 2019 жылы қор өз қаражатын толығымен қайтарғанын хабарлады. 2017 жылдың қаңтарында қордың «Қазинвестбанкте» 2,9 млрд теңге ұстағанын білген. Проблемалы болып саналған банк 2016 жылдың желтоқсанында лицензиясынан айырылған болатын. 2017 жылы Ұлттық банк тағы бір күмәнді құрылым – Delta Bank-тің лицензиясын тартып алды. Бұл іс бойынша жәбірленушілер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ және «Эйр Астана» АҚ болды. БЖЗҚ-ға келтірілген шығын 7 млн теңге және 10 млн долларға бағаланды.

Сондықтан қазір кез келген мұндай бастамаларды қоғам үлкен алаңдаушылықпен және күмәнмен қабылдайтыны өздігінен түсінікті.

Бұл ретте ШОБ пен «Бәйтерек» холдингін қолдау идеясы БЖЗҚ емес, қордың активтерін басқаратын Ұлттық банктің бастамасы екенін айта кеткен жөн. Өз кезегінде тәуелсіз сарапшылар мен экономистер қор қаржысын әлеуметтік инфрақұрылым жобалары мен экономиканың нақты секторына инвестициялау қажет деген пікірде.

Қазақстанда инвестицияны аса қажет ететін маңызды салалар мен аймақтар көп. Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолдар өте өзекті мәселе болып отыр. Мұны Екібастұзда болған төтенше жағдай да растайды. Бірақ қазіргі инвестициялық саясат мемлекеттің де, зейнетақы қоры салымшыларының да мүдделеріне сай келмейді.

Азаматтардың зейнетақы жинақтары есебінен мемлекет алдындағы қарыздарын және коммерциялық ұйымдардан алған несиелерін өтеуге мүмкіндік берсе, жақсы болар еді деушілер де бар.

Бір сөзбен, БЖЗҚ айналасындағы дау толастамай келеді. Оған қоса, орташа зейнетақы мөлшерінің көтерілуі бағаның өсуіне алып келуі де мүмкін.

Сонымен, ынтымақты және базалық төлемдерді қосқанда зейнетақының орташа мөлшері 120 659 теңгені құрады. Министрлік мәліметінше, қаңтарда республикалық бюджеттен 274,1 млрд теңге зейнетақы төленді. Оның ішінде базалық зейнетақы – 84,2 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы – 189,9 млрд теңге. Қазір республикада 2 млн 292 мың зейнеткер бар. Енді зейнетақы мөлшері кезең-кезеңімен көтеріліп, 2025 жылға қарай жалпы көлемі 27 пайызға артады. Бұл шара барлық зейнеткерлерді қамтиды.

Бірақ, сарапшылардың айтуынша, бұл жеткіліксіз. Қазірдің өзінде зейнеткерлер табысының басым бөлігін ай сайын қымбаттап жатқан азық-түлікке жұмсайды. 2027 жылға қарай базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын, ең жоғары мөлшері 120 пайызын құрайды. Базалық зейнетақының орташа мөлшері жыл сайын орта есеппен 13 пайызға артады. Бұл шара зейнетақының жалпы көлеміндегі мемлекеттік төлемдердің үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекет егде жастағы азаматтар арасында кедейшіліктің өсуіне жол бермеу жөніндегі міндеттемелерді өз мойнына алады.

Бірақ зейнетақы елдегі орташа жалақыдан төмен. Ал қарапайым қазақстандықтар соңғы зерттеулер бойынша табысының жартысын тамаққа жұмсаса, зейнеткерлер 70-80 пайыздан астамын жұмсайды. Қазақстандық қарттарға киім-кешек пен жолақыны айтпағанда, мемлекеттік қызметтерді төлеу, дәрі-дәрмек сатып алу керек.

Оған қоса, мамандар азық-түлік бағасы әлі де көтерілетінін айтады. Бұған бюджет қызметкерлері жалақысының өсуі әсер етеді. Мысалы, биыл мұғалімдер жалақысы тағы 25 процентке көтерілді. Ізінше азық-түлік бағасы тағы да ұшты.

Азық-түлік инфляциясының соңғы жылдары жоғары болғанын ескерсек, жылдық инфляция ресми түрде 19-20% болды. Егер қымбатшылық жалғаса берсе, зейнетақының бұл индексациясы жеткіліксіз.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

*Сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<