Уақыт талабына сай мемлекеттік сатып алу процестерін жеңілдету мақсатында өткен жылы Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережесіне бірқатар өзгерістер енгізілгені белгілі. Биыл да бұл процесс жалғасын тауып отыр. Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің ұйымдастыруымен байланыс режимінде өткен бейнеконференция осы өзгерістерді түсіндіруге арналды.
Департамент басшысының орынбасары Сәкен Мырзабектің төрағалық еткен семинар-кеңеске облыстық мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорын өкілдері, бюджеттік бағдарлама әкімшіліктерінің және аудан әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері қатысты.
Семинар-кеңесте департаменттің бөлім басшысы Майракүл Өмірбаева мемлекеттік сатып алу заңнамасындағы өзгерістер жайлы түсіндірме жасады. Оның атап өткеніндей, жыл басынан бастап кепілді ақшалай жарна түрінде өтінімді қамтамасыз ету әлеуетті өнім берушінің электрондық әмиянында жеткілікті ақшалай қаражаттың болуымен (сатып алудың бөлінген сомасының кемінде 1%) ауыстырылған. Бұдан басқа өтінімді қамтамасыз етуді енгізу туралы талап конкурс және аукцион тәсілімен сатып алуға ғана емес, сондай-ақ баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуға да қолданылатын болды.
Сондай-ақ, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап құрылыс саласындағы жұмыстарды сатып алуда жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар (орындалған жұмыстар актілері және пайдалануға беру актілері) тек электрондық депозитарийден тартылатын болды.
Депозитарийді енгізу әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар (орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтер актілері, тауарларды қабылдау-беру актілері) бойынша бұрыс ақпарат беру проблемасын шешеді. Семинар барысында электронды депозитарийді жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттармен толтыру мерзімі 2020 жылдың 29 ақпанына дейін ұзартылғандығы туралы хабарланды.
Қатысушылар, сонымен қатар, конкурстық баға ұсынысына әсер ететін бірқатар өлшемдер алынып тасталғандығы жөнінде хабардар болды. Олардың қатарына техникалық реттеу саласындағы заңнамаға сай ұсынылатын тауарлардың, экологиялық менеджмент жүйесінің ұлттық стандартқа сәйкестігін және ұсынылатын тауарлардың экологиялық таза өнім стандартына сәйкестігін растайтын құжаттар жатады.
Жаңа өзгерістерге сәйкес конкурстық баға ұсыныстарының шартты бағалары тең болған кезде төленген салықтардың үлкен сомасы бар қатысушы емес, салықтық жүктеменің үлкен көрсеткіші бар қатысушы жеңімпаз деп танылатын болады. Бұл – әділ тәсіл, мемлекеттік сатып алуға қатысушылар үшін тең мүмкіндіктерді белгілейді. Енді шартты бағалар тең болған жағдайда шағын компаниялар салықтық жүктеме көрсеткіші бойынша ірі компаниялармен бәсекелесе алады, бұл оларды салықты адал төлеуге ынталандыратын болды.
Семинар барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға тұшымды жауап алды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<