Жалпы, облыс елді мекендерінде тек соңғы 2 жылда 24 денсаулық сақтау нысаны салынды. Олардың дені – ауылдық емханалар мен дәрігерлік амбулаториялар. Барлығы заманауи үлгіде жабдықталған, сондай-ақ, дәрігерлік амбулаториялардың жанынан күндізгі стационарлар ашылуда.
Осы күні облыс әкімі тағы бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысанның тыныс-тіршілігімен танысты. Таң ауылдық округіндегі спорт кешені жобасын мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «Таң LTD» ЖШС жүзеге асырды. Жыл басында қолданысқа берілген кешеннің дзюдо және таэквондо үйірмелерінде қазір 100-ге жуық оқушы жаттығып жүр. Жаңа нысанның жұмысымен танысқан аймақ басшысы балаларға спортты серік еткен адамның сергек әрі дені сау болатынын айтып, байрақты бәсекелерде жеңіс туын желбірете беруге тілектестік білдірді.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде Таң ауылында іске асырылған тағы бір жоба – мал сою және ет өңдеу цехы. Мұнда күніне 10 ірі қара сойылып, 500 келі ет өңделеді. Цех құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталып, биыл мамырда аяқталды. Ғимаратта мал сою, ет кесу және бумалау бөлмелері, мұздатқыш орналасқан. Жауапты жұмысты ветеринар, технолог, зертханашылар атқарады.
– Біздің өнім әзірге өңір тұрғындарының тұтынуында. Алдағы уақытта нарық ауқымын ұлғайтып, басқа облыстармен байланыс орнатуға бекініп отырмыз, – дейді «АгроЛидерТаң» ЖШС директоры Сәкен Шағыртаев.
Облыс әкімі Жалағаш кентінде мамыр айында жұмысын бастаған «Jibek» қонақ үй кешенін де аралап көрді. Екіқабатты ғимаратта 4 кеңсе, 50 адамға арналған асхана, люкс санатындағы 3, эконом санатындағы 4 бөлме бар. Қонақүйде 5 адам жұмыс істейді.
Осы орайда аймақ басшысы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыс жайына тоқталды. Биыл бизнесті дамытуда несиелер бойынша проценттік мөлшерлемені субсидиялау үшін 900 млн теңге, несиені ішінара кепілдендіру үшін 100 млн теңге қарастырылып отыр. Ағымдағы жылы арнайы жобаларды қаржыландыру мақсатында өңірлік инвестициялық орталыққа 1 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа, «Даму» қоры шағын және орта бизнесті қаржыландыруға 800 млн теңге қарастырып, бағдарламаны жүзеге асыруда. Онда кәсіпкерлер үшін жылына ақтық мөлшерлеме – 8 процент. Қаражат өңірлік инвестициялық орталық арқылы 5 жылға 10-нан 20 млн теңгеге дейінгі аралықта беріледі.
Облыс әкімінің жұмыс сапары аудан орталығында 2017 жылы ашылған «Өркен Әлем» ЖШС арнайы киім тігу цехында қорытындыланды. Цехтың қуаттылығы жылына 7000 данаға дейін бронды кеудеше тігуге жетеді. Онда қазіргі күні 24 адам жұмыс істеп жатыр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<