Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ел дамуының басты бағыттарын жария еткен еді. Осыған орай Мемлекет басшысы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік-логистика, креативті индустрияны, өнеркәсіпті дамыту және басқа салалар бойынша Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Нәтижесінде елімізде экономиканы әртараптандыру бойынша түрлі жұмыстар жасалуда.
Басым бағыттың бірі – шағын және орта бизнеске ерекше көңіл бөлінуде. Себебі елімізде ауқымды әрі күрделі міндетті іске асыруда шағын және орта бизнес экономиканы дамытудың маңызды драйвері болып тұр. Оған қоса Президент Жолдауда кәсіпкерлікті одан әрі дамыту үшін «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіру есебінен шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленетінін баса айтты. Бағдарлама бәсекеге қабілетті және өсуге әлеуеті бар шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталмақ. Бұл туралы жыл басында Ұлттық экономика экс министрі Әлібек Қуантыров та Үкімет отырысында ерекше тоқталып өткен еді.
– Біздің министрлік «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіруді көздейтін мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну жөніндегі бағдарламаны әзірледі. Бағдарламада бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған салаларды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға баса назар аударылды, – деді ол.
Кейін жаңадан тағайындалған Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров та Парламент палаталарының бірлескен отырысында шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда келелі жұмыстардың жүзеге асатынын айтты. Мәселен, іскерлік ахуалды жақсарту мақсатында бизнеске қойылатын негізсіз талаптар күшін жойған. Рәсімдерді оңайлату мен лицензия, рұқсат алудағы біліктілік талаптары, цифрландыру арқылы мемлекеттік қолдау шаралары мен мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу жеңілдетілуде.
Бұған қоса, орта бизнестің анағұрлым бәсекеге қабілетті субъектісіне сервистік қолдау көрсетілетін және қаржылық, қаржысыз және инфрақұрылымдық қолдаудың қажетті жиынтығы болатын арнайы келісім енгізіледі. Сондай-ақ жаңа Салық кодексінде бизнесті ірілендіруге және оның көлеңкеден шығуына ықпал ететін бірқатар ынталандыру шаралары көзделген. Соның ішінде персоналдар саны бойынша өлшемшарттарды жою және ҚҚС бойынша есепке қою үшін кірістер аясында лимитін ұлғайту қарастырылуда.
– Бүгінде ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 36,5%-ды құрайды. Орта бизнес субъектілерінің санын арттыру және кәсіпкерлікті дамыту үшін бизнес-ахуалды жақсарту және әкімшілік қысымды төмендету бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау құрылымы қайта қаралуда, – деді депутаттардың сауалына жауап берген Нұрлан Байбазаров.
Жалпы отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін Қазақстанда шығарылған тауарлар тізілімін енгізу жоспарлануда.
Міне, еліміз бойынша атқарылып жатқан жұмыстар легі осындай.
Қалада кәсіпкерлер қатары артуда
Шағын және орта бизнесті дамытуда өңірде де ауқымды жобалар жүзеге асуда. Оның ішінде Қызылорда қаласының қол жеткізген көрсеткіштеріне тоқталғымыз келеді.
Мәселен, қала кәсіпкерлерінің саны биыл 34995-ке жетті. Оның ішінде 94,6%-ы, яғни 33095 кәсіпкер өз кәсібін дөңгелентіп отыр. Нәтижесінде 65247 адам жұмыспен қамтылып, 305,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
Кәсіпкерлерді қолдауда мемлекеттік бағдарламалардың алар орны ерекше. Кейінгі жылдары ауыл халқының әл-ауқатын көтеруге маңыз берілуде. Осы ретте «Ауыл аманаты» жобасының бірінші кезеңінде 142,13 млн теңгеге 16 жоба қаржыландырылса, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» тарапынан қалаға қарасты кент және ауылдық округтерден «Іскер» бағдарламасы шеңберінде 132,8 млн теңгені құрайтын 24 жоба қаржылай қолдау тапты.
Ал «Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту» пилоттық жобасы негізінде 374,5 млн теңгеге 17 жоба жүзеге асатын болады. Бүгінде екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлік мақсатта ұсынған несиелерін «Даму» қоры субсидиялауды жалғастыруда. Жыл басынан бері 440 жоба қолдау тауып, оған 16,6 млрд теңге қаржы бөлінді.
Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, отандық өнімді дамытуға атсалысып жүрген кәсіпкердің бірі – Сәрсенкүл Аралбаева. Ол шұлық шығаруды қолға алып, кәсібін жандандырып, өз брендін қалыптастыру жолында еңбек етуде.
– Қазір бұрынғыдай емес, шағын және орта бизнеске ерекше көңіл бөлініп, қаншама адам жұмыспен қамтылуда. Кәсіпкердің құқығын қорғауға да жағдай жасалуда. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктердегі несиелеу шарттарында да жеңілдіктер көзделген. Оны өзім де сезініп отырмын.
Наурыз айында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен 5 млн теңге алып, шұлық шығару кәсібімді бастадым. Күніне 300-350 пар шұлық шығарамын. Жаңа жылдан кейін жұмыс ауқымын кеңейтуді қолға алмақпыз. Осының барлығы – мемлекеттің қолдауының нәтижесі, – дейді жеке кәсіпкер.
Жалпы елімізде кәсіп бастаймын деген жандар үшін мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелер көптеп берілуде. Бұл – өз кезегінде кәсіпкерлер қауымы үшін үлкен мүмкіндік. Себебі мемлекет тарапынан берілетін мұндай қолдаулар шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ілгері дамуына жол ашпақ. Нәтижесінде шағын бизнестің едәуір бөлігі орта және ірі санатқа көшетін болады.
Қалай десек те кәсіпкерлерге қолдау көрсету елімізде жолға қойылған. Соның арқасында бүгінде қазақстандық шағын және орта кәсіпкерліктің экономикаға қатысу үлесі 31,7 пайыздан 36,4 пайызға дейін, яғни 4,7 пайызға өскен. Статистикалық деректерге жүгінсек, жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 23,8 пайызға өсіп, 4,2 млн адамға жеткен. Бұл көрсеткіш жылдың аяғына дейін әлі де өсетіні сөзсіз. Ал осы көрсеткіштер қатарында өңір кәсіпкерлері үлесінің бары көңіл қуантады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<