Еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік міндеттемелерді орындау мәселелері қаралды

4

0

Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиынның күн тәртібінде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және өнеркәсіптік қауіпсіздік шаралары мәселесі қаралып, тиісті тапсырмалар жүктелді.

Мәжілісте еңбек заңнамасының сақталуы, жұмысшылардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік төлемдердің уақытылы аударылуы және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар талқыланды.

«Өздеріңізге белгілі, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету – мемлекеттің маңызды басымдықтарының бірі. Сондықтан еңбек қызметі барысында жұмыскерлерге зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болдырмайтын шаралар кешені толық қамтамасыз етілуі қажет. Аудан көлеміндегі барлық еңбек ұжымдарында Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуын қатаң бақылауға алыңыздар», – деді А.Ибраимов.

Аудан әкімі еңбек ұжымдарында жеке және ұжымдық еңбек шарттарының жасалуын, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдердің толық әрі уақытылы аударылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, әлеуметтік төлемдерді мерзімінде жүргізбейтін мекемелерге, шаруашылық құрылымдары мен кәсіпкерлік субъектілеріне заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдау қажеттігін ескертті.

Сонымен қатар, барлық шаруашылық құрылымдары мен кәсіпкерлік субъектілеріне жұмысшылармен еңбек және сақтандыру шарттарын жасасу, жалақыны уақытылы төлеу бойынша тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу және еңбек ұжымдарында жалақы бойынша берешектің қалыптасуына жол бермеу міндеттелді.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі