Жасанды интеллект жобалары қарқын алды

4

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Сәбит Ибадулла өңірде жүзеге асырылып жатқан цифрландыру және жасанды интеллект жобалары туралы кеңінен баяндады.

Бүгінде Қызылорда облысы цифрлық технологияларды дамыту бағытында еліміздегі белсенді өңірлердің біріне айналып келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында өңірде білім беру, медицина, қоғамдық қауіпсіздік және мемлекеттік қызмет көрсету салаларына жаңа технологиялар енгізілуде.

– Қорқыт ата атындағы университет жанынан ашылған Жасанды интеллект институтында қазірдің өзінде 240 студент білім алуда. Болашақ мамандар өндіріс орындарына, білім беру және денсаулық сақтау салаларына жасанды интеллект шешімдерін енгізумен айналысады. Сонымен қатар, Қызылордада алғаш рет тәулік бойы жұмыс істейтін Tomorrow School жасанды интеллект мектебі ашылып, талантты жастарды қабылдауды бастады. Медицина саласында да тың жобалар жүзеге асырылуда. Биылдан бастап облыстағы 21 медициналық ұйымда жасанды интеллект көмегімен онкологиялық ауруларды ерте анықтау технологиясы енгізілді. Бұл қауіпті дерттерді бастапқы кезеңде анықтап, емдеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді басқарма басшысы.

Қоғамдық қауіпсіздік бағытында өңірде 2100 бейнебақылау камерасы, 150 жылдамдық өлшегіш құрылғысы және 80 интеллектуалды жол қиылысы жұмыс істеуде. Барлық жүйелер жасанды интеллект мүмкіндіктерімен жабдықталған. Сондай-ақ елімізде алғаш рет Қызылордада «SUNQAR» құрылғылары арқылы қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланған жүргізушілерді автоматты түрде анықтау жүйесі іске қосылған.

Басқарма басшысы білім беру саласында мектептерге бірыңғай AI-экожүйесі енгізілетінін атап өтті. Жоба аясында оқушылардың қауіпсіздігін бақылау, буллингтің алдын алу, сабақтағы белсенділікті талдау және мұғалімдердің жұмысын жеңілдететін цифрлық шешімдер қолданылады.

Брифинг барысында өңірде жүзеге асырылып жатқан цифрлық жобалар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін көтеруге және Қызылорданы заманауи технологиялардың орталығына айналдыруға бағытталғаны айтылды.

Аружан ЕСІМСЕЙІТОВА,

«Сыр бойы»