Еңбек ерін еске алу кеші

4

0

Биыл Сыр елінің аяулы перзенті, ауыл шаруашылығын дамытушылардың бірі, Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері Алдаберген Бисеновтің туғанына 100 жыл толды.

Ол екінші дүниежүзілік соғыстан І-ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орде­нінің ие­гері болып елге оралған соң Тереңөзек аудандық байланыс жүйесінде еңбек жо­лын бастап, одан ке­йін Қызылорда ауыл шаруашылығы тех­никумын бітірген. Жа­лағаш ауданы «Мә­дениет» ауылындағы МТС-та бөлімше механигі, «Еңбек» ұжым­шарының бас ин­женері қызметтерін атқарды.

Іскер ұйымдастырушы Алдаберген Бисенов 1962-1972 жылдары «Жаңаталап» кеңшарында он жыл директор болып қыз­мет атқарған кезінде  күріш егісі­нің көлемін 2 мың гектарға дейін жет­кізіп, әр гектардан 50 центнердің үстін­де өнім алынған екен. Осылайша 1971 жы­лы се­гі­зінші бесжылдықтың қорытын­ды­сымен Социалистік жарыста үздік атанып, Одақ көлеміндегі ауыспалы «Қызыл Ту­ды» же­ңіп алды. Бұл еңбегі үшін совхоз ди­рек­торы Алдаберген Бисеновке Со­циа­листік Еңбек Ері атағы беріліп, кеудесіне алтын жұлдыз тақты.

Ауыл шаруашылығы саласында абы­ройы өрлеп, атағы елге танылған Алда­берген аға осы жылдар ішінде Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, сонымен бір­ге, кеңшар директорларын даярлайтын бір жылдық курсты оқып бітірген бола­тын. Енді ол кісіге қалаға жақын орна­ласқан «Қазақстанның 50 жылдығы» шаруа­шы­лығы, қазіргі Нағи Ілиясов ауылының тізгіні тапсырылды. Деректерге сүйенсек, Алдаберген Бисенов бұл ауылды он ал­ты жыл (1972-1988) басқарыпты. Осы уақыт­та ауылдың егін және мал шаруа­шы­лығын өркендетумен бірге, қарқынды құры­лыстар салынып, өндіріс нысандары ашылып, халықтың тұрмыстық әлеуеті көтерілген екен. Сондай-ақ қала тәрті­бі­мен көшелер салынып, оны жағалай ағаш отырғызылып, көше бойына жарық жүр­гізілген, қазіргіше айтсақ, ауылдың көр­кейіп, абаттанған кезі де осы еді.

Иә, кезінде Социалистік Еңбек Ері Ал­даберген Бисенов басқарып, берекелі тұрмыс-тіршіліктің негізін қалаған ауылға бүгінде Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев басшылық етіп отыр. Бұл да та­рихы мен тамыры  жалғасқан ұрпақтар са­бақтастығының айқын бір көрінісі болар.

«Елу жылда ел жаңа» дейді халқымыз. Айтса, айтқандай, осыдан жарты ғасыр бұрын өрлеу-өркендеу жолына түскен ауыл бүгінде тұрмыс-тіршілігі таңғажайып өзгерген, еліміздегі ең көрікті елді мекенге айналған.

Айта кетейік, сол кеңестік өкімет тұ­сында КСРО көрмесінің алтын және кү­міс медальдарын иеленген, Қа­зақ­стан­ның Алтын кітабына аты жазылған Социа­листік Еңбек Ері Алдаберген Би­сеновтің есімі өзі туып-өскен Аққұм ауы­лындағы орта мектепке берілді, ауылға ескерткіші қойылды. Сонымен қатар, Жа­лағаш, Те­реңөзек кентінде, Н.Ілиясов ауылында А.Бисенов атындағы көшелер бар.

Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтің туғанына 100 жыл толуына орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әм­бебап ғылыми кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, арда­герлер, ғалымдар және жастар қатыс­қан «Тұғыры биік тау тұлға» атты еске алу кеші өтті. Рухани-танымдық іс-ша­ра­ны Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің профессоры Ғабит Тұяқ­баев жүргізді.

Алдымен Еңбек Ерінің өмірі мен қыз­мет жолына арналған телехабардан үзінді көрсетіліп, қайраткердің көзін көрген, қа­тар жүріп еңбек еткен ардагерлердің айт­қан естеліктері назарға ұсынылды.  Сон­дай-ақ «Еңбекпен өрілген ғұмыр» атты кітап көрмесі және фотосурет галереясы ұйымдастырылды.

Кеш меймандары, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, облыстық ар­дагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүй­­сенбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев, мемлекет және қо­ғам қай­раткерлері Бекмырза Еламан­ов, Әріп Хожбанов, Шакизат Төребаев, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары басқар­масы ардагерлер кеңесінің төра­ғасы Нұр­лыбай Ұлықпанов, ардагер-жур­налист Ер­кін Әбілов сөз алып, ауыл шаруашы­лығының көрнекті ұйымдасты­рушысы, ал­­тын жұлдызды  Алдаберген Бисеновтің адами қадір-қасиеті, биік парасаты, елге сіңірген еселі еңбегі, бір сөзбен айтқанда, ғибратқа толы ғұмыр жолы туралы ой-пікірлер мен естеліктер айтты.

Еңбек Ерінің ұрпақтары атынан «Ақ­жарма» ауылының директоры, Сырдария аудандық мәслихатының депутаты Марат Бисенов, Қызылорда көпсалалы жоғары колледжінің директоры Маржан Бисенова сөйлеп, кешке келушілерге алғыс біл­дірді. Сондай-ақ шөбересі Айымхан Хам­­за атасына арнаған алғысын жыр шу­­мақ­­тары­мен жеткізді. Әрі қарай кеш ке­йіп­­­керіне арналған өлеңдер оқылып, ән-жырмен жалғасты.

Ақ адал еңбегімен дараланған,

Салмағы сом алтынмен бағаланған.

Ұлтыңның ұлағатты перзенті едің,

Ұрпағың әр ісіңнен сабақ алған, – деп ақындар жырлағандай, тұғыры биік тау тұлға Алдаберген Бисенов есімі жылдар өткен сайын жаңғырып, жас ұрпақ ал­дында дәріптеле береді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»