О, Тәңірім, ризамын, көрсеттің –

3

0

Табысқанын ана менен баланың…

Тағдыр – Тәңірдің ісі.

Күлтегін

Бір үзік сыр…

(Ата рухымен тілдесу)

Йіріміне іліккен дүлей-кердің1,

Жатта қалды сүйегі талай ердің.

Жастық жалын өткенмен

ГУЛАГ-тарда,

Топырағы бұйырды туған жердің.

Бұршақ2  салды мойнына

сенің жарың,

Қақыратып қамалын қайғы-шердің.

Тоба қазық таянып айдалада, 

Тіні үзілді, беймезгіл алтын-зердің.

Бәлкім, оның тілеуі елге оралтқан –

Арасынан қасірет, қан мен тердің.

Іздегенде жүрегің сол бейнені,

Жанарыңнан сағыныш,

мұңды көрдім.

Ұқсатып жан-жарына болмысымды,

Жан дүниесі толқитын есіл ердің.

Ернің тиген алғашқы немереңді,

Еркелетіп, деуші едің:

«назар кердім»3.

Иткөйлегім жейдеңе тігіп қойған,

Пәкизат, жоралғысы Шілтендердің 4.

Қатепті қара нардай, қайран атам,

Нелер жүкті кеудеңмен

көтермедің?!

Пролетарлық жүйенің қолшоқпары,

«Ат айырып, алдынан ағаш кердің».

Ерік болса басыңда аяулыңа,

Бір ескерткіш қоя алмай

өтер ме едің?

Сабырың болмағанда

күлге айналып,

Өкініштен өртеніп кетер ме едің?

Рухы берік азамат, «халық жауы»,

Сен өмірден озғанда он бесте едім.

Бүгінде бәрі өзгерді, ақталдыңдар,

Кеңес – тарих,  елесі –

келмес-керім.

Автор сыры

Саяси қуғын-сүргін жалмаған тағ­дырлар ізі, оқиғаны баян еткен куә­герлер әңгімесі бала кезімнен жүрегіме тұнып, санамда сақталды. Өйткені, мен екі «халық жауының» немересімін.  Асыл әжем, «халық жауы» зайыбы Зей­фун ханымның сүйегі қалған топы­раққа  87 жылдан соң, 2017 жылы тағ­зым етіп, естелік қара тақта орнату бұ­йырды. Ол Қостанай-Ақтөбе-Қара­ғанды-Қызылорда облыстарының қиы­­лысатын жері. Оның тұсындағы  мұ­нар­тып  тұратын қос төбе – Үш жүз­­дің басы қосылып 1710 жылы Қа­зақтың ал­ғашқы құрылтайы өткен  «Құл­жұ­мыр – Қасқатөбе».

Елсіз далада «тоба қазығына» таян­ған, нәрестесімен бірге өмірден өткен, боз даланың боз шиіне оранған аяулы жанның басында тұрғанымда көз алдымнан көзіқарақтылар, апам айтып кеткен оқиғалар тізбегі өтіп жатты:  … Ол жантәсілім болғанда басына ақ құйылмай-ақ сылқ етіп құлап түскен бозжылан, мойын ұсынып келген со­қыр киік, Торғайға жеткізуге тиіс «құ­пия көштегі» теңселген жандар (жа­рық көрген «Тоба қазық немесе құ­пия көштің онбір күні» атты хи­каят­та жазылған), боз дала  бәрі… бә­рі ме­ні­мен сырласқандай… Жел де тын­ды, жа­рықтық…  Тек ғана, ойым орап тұр­ған  ХХ ғасырымның артына қарау­ға дәті шыдамады  …  

Ал жан дүниемді суырып, жана­рым­­­ды жетектеген мына екі торғай­дың әрекеті ерекше болды, тіпті сөзбен жеткізе алмайтын ғажайып көрініс…

Атамның, әкемнің аманаттарын ке­шіктіріп орындағанымды ғапу еткей­сің, аяулы әжетайым…

Әулиелік дегенді сезімнің шыңы дер едім.

Автор                                               

Екі торғай

(Рухтар үндеседі)

 Реквием

Көлбеңдеп, көңіл аулап мәні

зордай,

Жанарымды жетелеп екі торғай,

Жол жиектеп, бұрғызды машинаны,

Қанатында мен үшін   хабар бардай.

Ескі қорым алдымда іздеп келген,

Бейіттерде  белгі жоқ жермен-

жексен,

Ойдым-ойдым түрінен жобаладым,

Мүрделерді  үстіне шөптер өскен.

Қос торғай әлденені меңзегендей,

Бір құдірет  сезіндім жебегендей.

Тылсым табыт тартты ма түйсігіңді?

Қимылыңды жан-жүйем елегендей.

Ей, торғай,

Немеремін жоқ іздеген,

Жадыма сіңірілген сол ізбенен,

Ғажап күйді ұқтырды әрекетің,

Осы ма екен сезімдер егіз деген?

Желіккен желін іркіп сұр даланың,

Ой-жүйемді  суырып, жұлмаладың.

«Құлжұмыр – Қасқатөбе»  күрсінеді,

Ізі қалған кешегі мың дананың.

Ши лаhат, бір төмпешік даладағы,

Саясаттың қара мөр, қара дағы,

Аманатты арқалап  келдім,  әже,

Болмысыңды аялап санадағы.

Қиял кезіп, ой кетті тарқатылып,

Заман-елес толқындай тоғытылып,

Боз даланың боз шиі мамық төсек,

Топырағың жамылған арда тұлып.

– Мәссаған…

Боз жылан қайдан келдің боз бу

артып,

Бауырыңды бір жазып,

бірде тартып,

«Сезіміңде шың бар ма?»

деп сынайсың,

Иіріміңнің қуаты бойды қарпып.

Арқадан қарап тұрды мама киік,

Жіпсіз тұсау желдірмей, желіні иіп.

Құралайын жоғалтқан мұңлық еді,

Қапияда мергеннің оғы тиіп.

Айналайын, боз торғай

қылығыңнан,

Сәтті мезет сыйлаған артық

мыңнан.

Көрмеген немереңді әжетайым,

Топырағың сезді ме табанымнан.

Топырақта кие бар уыз кепкен,

Жыл жылыстап, бұл жерді ай

күзеткен,

Тал бесік бұйырмаған шаранаңды,

Боз торғайдың үнімен жел

тербеткен.

Құбылаға қаратып нұр жүзіңді,

Құпия көш бұйдасы жолда үзілді.

Дегенеден1 Торғайға жете алмадың,

Боз далада тауысып дәм-тұзыңды.

Көзкөргендер айтушы ед жөн

білетін,

«Бұршақ салған»2  мойнына мәрт

ниетін.

Қабыл болып тілегің, өсіп-өнді,

Артыңдағы бір сәби – изафетің3.

Жүзі ауды жылатқан ғасырыңның,

Ақиқат бетін ашты жасырынның.

Өмір жолы өнеге ұрпақтарға,

«Халық жауы» атанған асылыңның.

1«Дегене» – Ырғызға жақын жер атауы.

2«Бұршақ салу» – құрбандыққа өзін атап, мойнына белгі салу

3«Изафет» – жұрнақ, жалғастыру (араб.)

«Халық жауы» зайыбы, әжем Зейфун ханымның мүрдесін түйеге артып әкеліп жерлеген «Дүйіспай-Тәмен» қорымындағы оның шимен қоршап кеткен бейітінің жұрнағын

іздеп барғанымда, ғажайып сезімді басымнан кешірдім. Жобалап,

түйсік-ой әсерімен ескерткіш тақта орнату үшін қада қақтырдым.

Бес айдан кейін келіп, әлгі қада қағылған жерге ескерткіш орнатқанымда қада түбінен шиден қаланған лаhатты таптық. Аманаттағы айтылған нәрселер сәйкескендей. Үстін жарты метр топырақ басып, жусан өсіпті.

Сезім ақылдан мықтырақ екен.

Автор

Сезім құдіреті

(Әже бейітін іздеп барғанда)

Сен жатқан жер бір қадам,

Бір қадам болды мың қадам,

Қанша жыл іздеп жүрегім,

Дәл тапқаныма таң қалам …

              ***           

Торғай тартты жанарды,

Жылан түртті табанды,

Боз киік дәрет етті де,

Тұтқындап алды санамды.

Ой, пірім-ай, мынау құдірет –

Сезім бе, әлде сын бе екен?

Сәл ғана көңіл сабыр ет,

Ұғынбасам  ғапу ет,

Киелі мекен – данамды.

…Бір көш келеді қаралы,

Шегінтіп артқа заманды.

Тылсымнан түскен бір сәуле

Сейілтті түріп тұманды.

Ғайыптан тайып елес кеп,

Сүт тамған жер елестеп,

Көмкерді, көктеп алаңды,

Тып-тыныш етті даламды,

Әлгі, өсіп тұрған боз жусан,

Сұлбасын беріп бейіттің,

Боз ши болып қаланды.

О, Тәңірім, шеберсің-ау,

Қосақтап өрген,

Тағдыр менен таланды …

Қарапайымдылық, жақсылық

пен ақиқат жоқ жерде ұлылық та жоқ.

Лев Толстой

Кеңес үкіметі кезеңінде Қазақстанда 5 миллион адам қолдан жасалған аштықтың құрбаны болды. Ол «Жойқын жұт», бірақ «Ұлы» емес…

Автор

Ұлы деме жұтты

халқым…

Ұлы деме жұтты халқым,

Ол – жалмайтын жойқын,

«Великий голод» дегендер,

Білмегендер «Ұлы» парқын.

«Ұлы» – биік, асқар-шың,

Тәңір сыйы, дүниенің –

Асылы ол, ақ жарқын.

Ұлы деме жұтты халқым,

Кесапатты, ол – қырғын.

Ара шөлден ар көшкен,

Ұлы жұртым қан кешкен,

Қасіреті ұлтымның.

Ұлы деме жұтты халқым,

Уланған Ұлы салтым,

Ошақтан от өшіріп,

Жалмаған улы жалқын.

Сауға сұрап масақтан,

Баз кешсең жаннан,

Несі «Ұлы» деп сұраймын мен:

Жаhаннан, Жаратқаннан?!

Сөлі солып, нұры кетіп,

Жанарын ашық қалдырған,

Көмілмей денесі іріп,

Өлімтігіне құзғын қондырған,

«Сен ұлы ма едің» деп сұраймын

мен:

Сол, кеселді қырғыннан?!

Уызың кеуіп, үзіліп тінің,

Айырған текті тұрқыңнан,

Гені ерекше тұқымнан,

Сұраймын мен: «қандай ұлылық»

деп,

Сол, аштық – жексұрыннан?!

Не деймін, сөзге:

Аштыққа «Ұлы» деп айдар таққан?

Жойқын ғой ол, халқым-ау,

Жоюға жарақтанған…

P.S.

«Великий голод в Казахстане», «Қа­зақстандағы ұлы аштық» деген ең­бектерді зерделеп оқимын. Жүрегім қан жылайды. Жылап тұрып, жан дүнием дір етеді, «мұның несі ұлы екен» деп…

Эпиграф

О, Жаратқан… Тоқсан жылға жуық­тапты… Өзгермеген… Сол шиен, шидің түбірі … Қасиетіне бас идім… Қасі­ретті қақтаған киеңнен айналайын, Ұлы далам!

…Иә, аманат арқаламасам дәл осы күйді кешер ме едім, кешпес пе едім, кім біледі?!

2017 жылдың мамыр айында жа­дыма сіңірілген ізбен, көзі көріп, куә болғандардың айтуымен төрт об­лыс­тың (Қостанай, Ақтөбе, Қы­зыл­орда, Жезқазған) қиылысқан тұсын­да­ғы қо­рымға келдім. Құдірет күші же­тектеп, сезім берген құбылыс, ой-па­йым­ның қорытындысымен жусан жауып, көзім ілінген жерге қада қақтырдым.

Алты айдан кейін келіп ескерткіш «Қара тақта» орнату үшін іргетас ор­нын қаздырғанымда, қабырғасы шиен­мен өрілген лаһатты таптық. Маған көмекші болып, қызмет көрсет­кен зер­делі азаматтар – Мақсот Сағидол­ла­ұлы, Асылхан Ақбайұлы, Ұзақбай Мол­дабайұлы сол маңайдан жұлып әкел­ген шиенді қолдарына ұстап ағы­нан жарылды, қуанды, менімен бірге тол­қыныс күйін кешірді… Оларға Ал­ла­ның нұры жаусын!

Бірнеше күнге созылған жұмысты аяқтап, Құран бағыштап, қажетті рәсім жасағаннан кейін, әрқайсымыз жағалай тұрған көліктің дөңгелегіне арқа сүйеп, ой құшағында ұзақ отырдық… Қоңыр күз еді, түс қайтқан… Құдіретке дауа бар ма?! Жарқыраған күн сәулесін кө­мескілеп ақша бұлт төбемізде қа­йырлады… Сәлден соң қоңыр-бұйра бұлт­қа айналып орала жылжыды да, біз отырған ауқымды аймалап жұп-жұм­сақ тамшыларын баяу бүрікті. Жаңа ғана орнатқан қара гранитке тамған тамшылар бірін-бірі қуалай, тізбектері құлдилап құлап жатты… Үп еткен жел жоқ, үдей берді… үдей берді… Жаңбыр тамшыларымен қосыла кеудемді жуған жанар тамшыларын топырақ та сіңіріп жатты… Қоштасар уақыт та жетті … Тұ­сындағы үш жүздің басы қосылып 1710 жылы Қазақтың алғашқы Құрылтайы өткен «Құлжұмыр – Қасқатөбе» де да­ланың нұрына бөленіп биіктей берді. Абай елді мекеніне бет бұрып жолға түскенде, көз байлар қара нөсерге айналды. Осы жылы шегіртке қаптап, тасаттық жасаса да, бір тамшы жаңбыр тамбаған далада, елді мекендердің ау­­мағында тынбастан үш күн, үш түн жауған нөсер айналаны айдынға ай­нал­­дырды…

Сол жауынға малшынған күйім­де, кешқұрым қаракөлеңкемен қабат­тасып, анасының қабірінен пакетке са­лып алған азғана шиен пен белдеу ағаштың жұқанасын әке кесенесінің ішіне орналастырдым… Төпеген нөсер мен жан-жүйемнің жаңбырлы сәті де мәңгі есімде қалды.

Әкемнің жамбасы жерге тиген күні таңда көрген аянда, анасымен табысқан сәтін анық көрген едім. Табыстыңдар, Алланың қалауы болар. Содан бері, он жеті жыл өтіпті… Кешіктірсем ға­пу етіңіздер, асылдарым?! Ғажайып дү­ние, бұйырған мезет …

Шиентүп қасиеті 

(баллада)

1. Сөз басы

Сапардамын…

Құлан иек, құла таңды атырдым,

Құба жоннан ізін кесіп ғасырдың.

Құм жиекті қырқадан шиені1 мен,

Ши шоғырын іздеп келе жатырмын.

Қасіретті қыл үстінен көшірген,

Куәсі еді, қиямет пен ақырдың.

Оң жақ Торғай – «Қыпшақ мекен,

Ұлы арыс»,

Көтеріліп келеді күн патшалықта

тым-тырыс.

Маң даланың сексеуілі сыр тартып,

Жан-жүйемді кеулеп алды

бір тыныс.

Шиентүпті шиге әкелген аманат,

Жүрегімді жаулап алған жарқын іс.

Батыс – Ырғыз, маңдай алдым

Тегене2,

Қолат-қырлар көз тартады елене.

Торғайдың қақпасына иек артып,

Айбаттана көмкерілген  кенере.

Көк аспанды көбесінен көтерген,

Көнсіз көктеу, айқарылған кереге…

2. Аманат сыры

«Атан басы ақ ирек»3 сайлы қырат,

Жиегінде құнарлы асыл тұраб4,

Шиентүпті көзіммен көру үшін,

Өремді өрдім, елсізден сауға сұрап.

Зейін-жадым, ақылым зерделеді,

Аманаттың сырынан сан ой құрап.

Тұран жатыр Үстіртпен

оймақтасып,

Сарыарқа – Ұлы дала аймақтасып.

Машинаны тоқтатып барлап

тұрмын,

Әлденеге алаңдап қаным тасып.

Осы маңда жатыр-ау, әжетайым,

Пәк-періште ұлымен қолтықтасып.

Айдалада күн көзі шуақ шашып,

Сәске түсті аударды манауратып,

Жүйткітті көлігімді жол-мырза да,

Мен іздеген қорымды жақындатып.

Ана жолғы «боз жылан»,

«мама киік»,

Жолды тосып тұр еді, алаңдатып.

Топырағын таптым-ау,

мекен еткен,

Жермен-жексен бейітті ай күзеткен. 

Ши қоршауы желге ұшып

кетсе-дағы,

Қабірдегі шиентүп кие неткен?!

Алмағайып амалға нұр беріпті,

Түрі, қалпы бұзылмай қасиеттен.

Ши де таптым желбасы үлпілдеген,

Алақанға ақ қабық іркілмеген,

«Дүниедегі киелі өскін сен» деп,

Жанарымнан тамшылар

мөлтілдеген.

Қоңыр түбір – шиенін суырғанда,

Сөз төркінін тоғыттым «текті»

деген.

Дала жатыр ұрпаққа жөн тілеген,

Қабырғасын қасірет тілгілеген.

Шалықтаса шарана,

«Қырық шілтен»,

Тебіреніп, тербетіп, әлдилеген.

Найзағайлы сол түнде,

нұрмен жуып,

Кіндігін өзі кескен «Ғайып ерен»…

3. Толғаныс

Қолыма ұстап толқыдым

шиентүпті,

Талай жылғы тарих сырын үкті,

Қабірдегі түр-кескін бұзылмастан,

Көз алдыма әкелді кереметті.

Қаншама жыл қуаты құрғамаған,

Рухындай даланың мың жүректі.

Бір қолымда шиентүп лаһаттағы,

Бір қолымда жаңасы жол жақтағы.

Айырма жоқ, біп-бірдей,

жарықтығым,

Төсегі ме әжемнің жұмақтағы?!

Ғасыр көшті қомына қан теңдеген,

Жай таптырмай жамырап

жұмбақтары…

Эпилог:

Сәуле салған түйсігіне сананың,

Қыркүйегі – қандай ғажап даланың,

Құба жоны маңғаздана сыр тартса,

Жайсаң жолы – тілеулесі ананың.

О, Тәңірім, ризамын, көрсеттің –

Табысқанын ана менен баланың…

Түсініктеме:

1 «Шиен» – Шиентүп, ши өсім­ді­гінің түбірі.

2«Тегене» – Торғай қақпасының ой­патқа ойысар тұсындағы сай.

3«Атанбасы ақ ирек» – бір жағы тік жартас, екінші жағы иректенген, сайлы, атанның басына ұқсайтын, Ыр­ғызға жақын Торғай қақпасында жат­қан алып қырат.

4 «Тұраб» – Топырақ (араб.)

       Даража БАЛАПАН,

       Халықаралық ақпараттандыру

академиясының академигі,

       ҚР құрметті қайраткері,               

       Т.Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты,

       Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі