Өмір тағылымын шығармашылықпен өрген

3

0

Жуырда ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Жақсыларда жаттық жоқ», «Көзкөрген», «Гауһартас», «Керуен», «Ақ толқын», «Бір нәзік сәуле», «Қызылқұмның қызы», «Ауылдан аттанғандар», «Толғауы тоқсан тіршілік», «Беласқан» кітаптарының авторы Темірбек Есжановтың «Ән қанатындағы өмір» атты жаңа кітабы жарыққа шықты.

Кітаптың алғысөзінде туған жері Таң ауылының тарихынан деректер келтіріліп, алғашқы құрылған ке­зі­нен бері қарайғы тіршілік ты­нысы, бүгінгі әлеуметтік-эконо­ми­калық ахуалы жан-жақты баян­далған. Сонымен қатар, ел ішіндегі еңбек майтал­ман­дары, ауылдан шыққан ай­тулы азаматтар туралы мағ­лұматтар әр кезеңнің өзін­дік сыр-сипатын аңғар­тады.

Кітаптың кіріспесіне зер салсақ, ой-пайымы былайша бе­рілген екен: «Біз – ән-жырға әуес, өнерлі халықпыз. Бұл қасиет қа­нымызда бар. Қазақтың даласы қан­дай кең болса, ән-жырымыздың да көкжиегі соншалықты кең. Бе­сік жырынан бастап құлаққа сіңіп, жүректі тербеген әсем әуен мен күм­бірлеген құдіретті күй жан се­рігіміз болды. Атадан қалған асыл мұра, оның бер жағында бар ғұ­мы­рын өнерге арнаған талантты тұл­ғалар қазақтың атын шығарып, даңқын ас­пандатты. Біз солардың қайсыбірін көріп, қайсыбірін тыңдап өстік. Осынау құнды дүниелерді көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат тұттық» – дейді қаламгер.

Иә, әрі қарай оқи отырып, Темірбек ағамыздың да жастайынан ән-жырға құ­мар болғанын, 1971 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, арнайы мамандық алып, мек­тептерде музыка пәнінен сабақ берге­нінен, тіпті осы жылдары әйгілі «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің құрамында өнер көрсеткенінен хабардар боламыз. Де­мек қалам иесінің ән-күй сынды өнер та­қырыбына қызығушылық танытуының осындай өзіндік себебі бар.

Кітапта «Көңілім әнді ұғады немесе Абайдың ән әлемі», «Үкілі Ыбырай және Күләш», «Сегіз сері» тақырыбындағы жаз­ған эссе, мақалаларында әрісі Абай­дан бастап Сегіз сері, Естай, Мәди, Майра сынды халық ішінде есімі кең тараған жеке дара өнер өкілдерінің, берісі Ілия Жақанов, Әбілахат Еспаевтай атақты ком­позиторлар мен  Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Мәдина Ералиева сияқты қа­зақ өнерінің көгінде самғаған талантты әншілердің  өмірі мен шығармашылығы туралы жазған дүниелер жинақталған.

Жақында ғана «Сыр бойы» газетінде жарияланған «Сыған серенадасы» атты мақаласында біртуар талант иесі, вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың осынау керемет туындысы туралы оқырманмен ой бөліседі. Композитордың досы Ораз­бек Бодықовтың деректеріне сүйене ке­ліп, композитордың басынан кешкен тағ­дыр­лы сәттеріне, әннің шығу тарихына тоқталады. Сондай-ақ көп жыл бойы орындаушысын күтіп жатқан өзгеше ыр­ғақты әннің бағын ашқан танымал әнші-сазгер Тоқтар Серіков екені айтылады. Мі­не, осылайша автор әрбір жазған дү­ние­сінде нысанаға алған тақырыбына те­реңірек бойлап, барынша шынайы  жазуға мән береді. Бұдан бөлек, кітапта «Аққу көрген күн», «Алғашқы ән», «Қайтер едің, жаным-ау» атты әңгімелері бар. Әңгі­ме­лерде жастық шақтың алаңсыз, албырт кездері, риясыз достық, бейкүнә махаббат, тоғыспаған тағдырлар туралы толғанысты оқиғалар кездеседі.

Автор туралы айтар болсақ, соғыстан кейінгі қиын кезеңде өмірге келген ол ертерек есейді. Әкесі Әубәкір – соғыс және еңбек ардагері, балаларын барын­ша төзімділікке баулып, тәртіпке үйрет­ті. Сонымен қатар, көкірегі қазыналы Әу­бәкір ақсақал домбыра шертіп, жыр-дас­тандарды орындағанда, көр­ші-көлем жиылып, көздеріне жас үйірі­ліп, көңіл­дерін бір шайып қалатын. Алғаш­қыда ата-анасына қолғабыс ете жүріп, ат шылбырын ұстаған Темірбек те шаруашылық жайын жастайынан жадына түйіп өсті. Айталық, ауылдағы «Иіркөл» орта мектебін бітіріп, «Коммунизм» кеңшарында жұмысшы, жаңадан құрылған «Таң» кеңшарында механизатор болып еңбек жолын бастады.

Алдына қойған мақсаты айқын жас жігіт Н.Гоголь атындағы Қызылорда пе­дагогикалық институтының «Фило­логия» факультетіне түсіп, оқу орнын «Му­зыка және әде­биет пәні мұғалімі» ма­ман­дығы бо­йын­ша біті­ріп шықты. Ұс­таз­дық жолы ту­ған ауы­лындағы №118 «Таң» ор­та мекте­­бін­де бас­тал­са, одан кейін Мыр­­за­бай ахун ауы­­лын­­­дағы №122 мек­­тепте, араға жыл­дар салып Қызыл­орда қала­сын­дағы №235 және №173 орта мек­тепте­рінде дирек­­тордың оқу ісі жө­нін­дегі орын­ба­сары қызмет­терін атқарды.

Сексенінші жылдардың бас кезінде Темірбек Әубә­кір­ұлының еңбек жолы жаңа арнаға бұрылды. Дәлірек айт­қанда, «Таң» кеңшары кәсіподақ комитетінің төрағасы, ауылдық кеңес атқару комитетінің төрағасы, кеңшар ди­ректоры қызметтерінің тізгінін ұс­тады. Ел сенімінің көрінісі бо­лар, үш мәрте жергілікті кеңес депутаты болып сайланды. Бірақ оншақты жылдан соң жанына жақын білім саласына қайта оралды. Осы салада еңбек ете жүріп зейнет демалысына шықты.

Елге еткен қызметі өз деңгейінде еленіп, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің озық қызметкері» төсбелгі­сін,  мерекелік медальдар иеленді. «Қы­зыл­орда облысының құрметті ардагері»  атанды. Бүгінде өмірлік жары Зияда апаймен бірге дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, қатарға қосқан перзенттері қоғамның әр саласында абыройлы қызмет етіп келеді. Қазір немере-шөбере сүйіп, бақытқа бө­леніп отырған жайы бар.

Жан дүниесі шығармашылыққа жақын Темірбек Әубәкірұлы зейнетке шықса да, ел аузынан естіген құнды деректер, одан бөлек, өз өмірден жиған-тергенін қағаз бетіне түсіріп, көпке ұсынып жүреді.

Қаламгердің «Ән қанатындағы өмір» кітабының тұсаукесері туған жері Жала­ғаш ауданы әкімдігінің қолдауымен «Ру­ханият орталығында» өтті. Жиынға қоғам қайраткері Сәпен Аңсатов, облыс­тық ардагерлер кеңесі төрағасының орын­басары Жұмабек Әлиев, аудандық мәслихат хатшысы Өмірзақ Елеусінов, Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев, қалалық білім бөлімі кәсіподақ ұйымының жетек­шісі Орынша Міржақыпқызы құттықтау лебіздерін білдіріп, сый-құрмет көрсетті.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»