Бүгінде аймақта шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Оны кәсіп бастауға ынталы азаматтар қатарының күн санап артуынан аңғаруға болады. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының өркендеуіне мол септігін тигізбек. Екі қолға бір күрек тауып, кәсіп жасаймын дегендер қазіргі таңда түрлі бағдарламалардың игілігін көруде. Жеке кәсібін ашып, ісін дөңгелентіп отырған сондай жанның бірі жалағаштық Жеңіс Қазыбайұлы.
Ол қонақ үй бизнесін қолға алып, аудан орталығынан “Жібек” қонақ үй кешенін ашты. Наурыз айынан бері жұмысын бастаған кешеннің жалпы құны 30 миллион теңгені құрайды. Жеке кәсіпкер бұл нысанды ашу үшін екі мәрте мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгінген. Алғаш 2015 жылы 3 миллион теңге көлемінде грант алса, үш жылдан кейін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы тағы 6 миллион теңге алды. 30 орынға арналып салынған кешенде 3 адам жұмыс істейді. Енді ғана бой көтерген ғимаратта әзірге дәмхана, түрлі деңгейдегі бөлмелер мен демалушылар қажеттіліктері қарастырылған. Бағасы қалта көтереді, қажеттілікке қарай 2-3 орындық бөлмелер бар. Екіқабатты кешеннің жоғарғы қабаты жатын бөлмелерге арналған. Ал бірінші қабатта асхана, қонақтарға арналған шағын зал орналасқан. Тоғыз нөмірлі қонақ үйде ыстық су, жылу сынды коммуналдық қажеттіліктің бәрі бар. Талғампаз қонақтар үшін люкс бөлмелер жасалып қойылған. Кәсіпкер алдағы уақытта келушілердің алаңсыз демалысы үшін қонақ үй қызметінің сапасын арттырып, жұмысшылар санын көбейтпек.
Жеңіс Қазыбайұлының кәсіпкерлік саласындағы алғашқы қадамы тіс емханасын ашудан басталды. Өзі оқып, көңіліне тоқыған саласын дамытып, халыққа сапалы қызмет көрсету үшін әуелі емхана негізін қалайды. Мұнан кейін кәсібінің аясын кеңейту мақсатында аталған қонақ үйді тұрғызуға білек сыбана кіріседі. Қазіргі таңда өзі халыққа дәрігерлік қызметін көрсетсе, қонақ үй кешеніндегі барлық тіршілікті анасы Гүлжан Өмірзақова дөңгелентіп отыр.
– Бұл нысан баламның бастамасы бойынша салынды. Жаман емес, сұраныс бар. Бұрын сырттан келген қонақтар, жолаушылар аялдайтын жер таппайтын. Енді біздің кешенге келіп демалуларына толық мүмкіндік бар. 9 бөлме, оның 7-і люкс, 2-і стандарт. Қазір келісім бойынша Грекиядан келген қонақтарды қабылдадық. Бизнесті қолға алған кез келген адам оны бастап қою үшін емес, одан әрі дамыту үшін жұмыс жасайды. Сондықтан алдағы уақытта бір ғана қонақ үймен шектелмей, бұдан өзге де кәсіп көзін ашып, елдің қажеттілігін өтейтін боламыз, – деді кәсіпкер.
Елімізде қонақ үй бизнесінің дамуына барлық жол ашылып, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Өйткені бұл – туризм саласының ең маңызды құрамдас бөлігі. Туристің демалыс кезеңіндегі баспана, тамақтану, жеке бастың қауіпсіздігі, денсаулық сақтау сияқты бірінші кезектегі қажеттіліктері толықтай қамтылуы керек. Жалағаштық кәсіпкердің қолға алған кешені сол үдеден шығады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<